Еуразиялық одаққа мүше елдердің Үкімет басшылары цифрлы кеңістік құру мақсатында Алматыда «Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» форумын өткізді. Бірыңғай ақпараттық интеграцияланған жүйе құру мәселесіне үлкен дайындықпен келген мемлекеттер бұдан бұрын да көлік-логистика, кеден жүйесін біріздендіру мәселесін бірнеше мәрте көтерген еді. Цифрландыру экономикалық ықпалдастық қана емес, адамдардың өмір сапасының жақсаруы мен бизнесті жүргізудің тәртібін заманауи деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деген тоқтамға келген ықпалдастық елдері соңғы онжылдықта адамзат өміріне дендеп енген жасанды интеллектінің ғылым мен өнеркәсіптегі жетістіктеріне зор сенім артып отыр.
Ақылды технологиялар адам еңбегін алмастырып, ғылымда бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізе бастады. Жасанды интеллектінің өнеркәсіпте, медицинада, спортта, тіптен сурет өнеріндегі қайталанбас жетістіктері саланы әрі қарай дамытуға инженерлердің де, инвесторлардың да бар ықыласын аударып отыр, деп бағалайды сарапшылар. Форумның пленарлық отырысына дейін өткен бірнеше кездесулер Еуразиялық одаққа мүше елдердің даму болашағына байланысты өрбіді. Орталық Азия, Әзербайжан, Моңғолия бойынша аймақтық директоры Андрей Беклемишев, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ф.Хохшильд, Ұлыбритания мемлекеттік цифрлы қызметінің директоры Крис Фергюсон, Amazon Web Services трансформация бойынша директоры Л.Максвелла және «01 Edu System» еуропалық білім платформасының негізін қалаушы Н.Садирак пікір алаңында жасанды интеллектінің медицина, білім саласында, климаттық ерекшеліктерді анықтаудағы жетістіктеріне тоқталды. Шетелдік сарапшылар сондай-ақ ауыл шаруашылығында, сын-қатерлер, урбанизация, автомобиль өндірісі, криптовалюта, блокчейн, яғни банк жүйесі таяу келешекте жасанды интеллект жетістіктеріне толығымен сүйенетінін атап өтті. Экономиканы дұрыс басқару тетігінде жасанды интеллект қол жұмысын алмастырып, 2030 жылға жейін ІТ шешімдер энергияның 30 пайызын тұтынатын болады. Сондықтан да ғылыми-техникалық үдерістерде Еуразиялық одақ елдері үшін бірыңғай цифрлы кеңістік қажет.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі А.Мамин, Ресей Федерациясы Үкіметінің басшысы М.Мишустин, Беларусь Республикасының Премьер-министрі С.Румас, Молдова Республикасының Премьер-министрі И.Кику, Армения Премьер-министрінің орынбасары М.Григорян, Қырғыз Республикасының Премьер-министрінің орынбасары Ж.Разақов, Еуразия Экономикалық комиссиясының Алқа төрағасы Т.Саркисян мемлекеттер тәжірибесін әрі қарай нығайту мәселесін қозғады.
Премьер-Министр А.Мамин атап өткендей, Қазақстанда жасанды интеллектіні пайдаланудың жалпы экономикалық тиімділігі таяу келешекте жылына 25 млрд долларды құрайды. Тарата айтар болсақ, қызмет көрсету саласында жылына 15 млрд доллар, тау-кен өндірісінде жылына 9 млрд доллар құрауы мүмкін. Бүгінде Қазақстанда саланы дамытудың алғышарттары қалыптасты. «Аlem» бағдарламалар ІТ-мектебі заманауи әдістер мен оқыту әдістемесін пайдаланатын халықаралық орталық ретінде белгіленсе, Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі инновация орталығына лайық. Өткен жылы ашылған инновациялық IT-университетінің Amazon және UNICEF даму институттары және алдыңғы қатарлы ІТ компаниялармен ынтымақтастығы қарастырылуда. Премьер-Министр атап өткендей, «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында мамандар даярлауға маманданған Qwazar компаниясымен бірлесіп, бағдарлама жасаудан инновациялық мектеп ашу да жоспарланып отыр. Дүниежүзілік экономикалық форуммен бірлесіп «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында Төртінші өнеркәсіптік революция орталығын ағымдағы жылдың соңына дейін ашу туралы келісім жасалған. Бүгінде Қазақстанда Smart Data Ukimet жобасы аясында жасанды интеллектіні пайдалану бойынша жұмыстар жолға қойылған. Назарбаев Университеті базасында смарт жүйесі және жасанды интеллект институты құрылып, Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, зертханасы, деректерді өңдейтін зерттеу орталығы, сондай-ақ жасанды интеллектіні дамытатын ғылыми паркі бар Ұлттық кластер құру саланы заманауи деңгейге көтеретін мүмкіндіктің бірі, деп атап өтті Қазақстанның Үкімет басшысы. Сондықтан да ЕАЭО шеңберінде жасанды интеллектіні дамыту үшін қолайлы жағдайлар керек. Ортақ стандарттар мен ережелерді әзірлеуде, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуда, деректерді өңдеу мен интеграциядағы саясатта белсенді ықпалдастық қажет. Жасанды интеллекті логистика мен көлік саласында транзитті маршруттарды оңтайландыруға, кеден саласында шекарадан өтуді жеделдету, көлеңкелі және контрафактілік айналымды азайтуға ықпал етеді.
Осы тұста McKinsey & Company Қазақстандағы зерттеулеріне назар салатын болсақ, жасанды интеллектіні Қазақстанда дендеп енгізу үшін 2030 жылға қарай 5-10 мың деректер сарапшылары, 20-25 мың деректерді әзірлеушілер, 2-5 мың деректерді зерттеушілер қажеттілігі туындайды. Ал инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мемлекеттің еншісінде. Бүгінде жасанды интеллектінің көмегімен әлемде көзі нашар көретін 50 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастырып, өмірін жақсартуға ықпал ететін навигациялар жүйесі қолданыста десек, Қазақстанда бұл санатқа жататындар саны 25 мыңды құрайды екен. Жасанды интеллектінің медицинадағы, әсіресе қатерлі дерттерді анықтаудағы тиімділігі зор. Еуразиялық одаққа мүше елдердің үкімет басшылары көтерген бұл мәселе адамзатқа төнген өзге де қатерлердің алдын алуға мүмкіндік береді. Мысалы, Ресей Үкіметінің басшысы М.Мишустин атап өткендей, бүгінде 400-ден астам компания осы бағытта жұмыс істейді. Нейротехнология және жасанды интеллект саласына 2030 жылға қарай 180 млрд рубль салуды қарастырып отырған елде өткен жылы ұлттық стандарттар қабылданды. Аталған құжат роботты техникалық жүйелердің, оның ішінде жүргізушісіз көліктердің коммуникациясын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ресейдің Үкімет басшысы жасанды интеллект тілін орыс тіліне бейімдеу қажеттілігін айтса, Беларусь Республикасының Премьер-министрі С.Румас жоғары технологиялар паркі Шығыс Еуропада заманауи орталыққа айналғанын білдіріп, бүгінде онда жұмыс істейтіндердің саны 800-ге жетті деп атап өтті. Сонымен қатар ІТ-денсаулық жүйесінде электронды рецепт берудің бірыңғай жүйесі жасалып, алдағы уақытта электронды паспорт беру де осы жүйеге енетін болады. Қырғызстан Үкімет басшысының орынбасары Ж.Разақов ақпараттық қауіпсіздік пен кибершабуылдардан қорғаудағы бірлескен қадамдар қажеттігіне тоқталды. Шекара мәселесін, сондай-ақ одаққа мүше елдердің ұлттық актілерін болдырмау туралы Еуразиялық экономикалық комиссияға қосымша міндет жүктеу және өзге де құқықтық мәселелерде комиссияға жүктелетін талаптар бар екенін атап өтті.
2022 жылға қарай АҚШ, Жапония, Батыс Еуропа, Қытай сияқты көшбасшы елдердің жасанды интеллект саласына шығындары екі есеге, яғни 79 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайып, ритейл, банк саласындағы жылдық инвестиция көлемі арта түсетін болады. Сарапшылар жасанды интеллектіні дамытуда озық елдермен бәсекеге түсе алмағанымен, Еуразиялық одақ елдері интеграциясы аясында қауіпсіздікті сақтау шараларын электронды жүйеге көшіре отырып, қамтамасыз етудің барлық алғышарттары бар екенін атап өтті.
АЛМАТЫ