Қазақстан Шахмат федерациясының президенті қызметін 2015 жылдың шілде айынан бері Shakhmardan Yessenov Foundation ғылыми білім беру қорының құрылтайшысы және Алматы марафонының негізін қалаушы Ғалымжан Есенов атқарып келген болатын.
«Соңғы уақытта менің назарымды аударған көптеген әлеуметтік жоба пайда болды. Соның ішінде 2 спорт федерациясы мен ассоциациялар бар. Сондықтан мен әріптестеріме Шахмат федерациясының жаңа президентін сайлау туралы ұсыныс жасадым. Біз спортшылардың, жаттықтырушылардың, ұйымдастырушылардың және де менеджерлердің үздік командасын жинадық. Қазіргі таңда Қазақстан Шахмат федерациясында барлық бизнес-үрдістер мен стандарттар жолға қойылған. Жаңа басшылықпен федерация алдағы уақытта да тамаша нәтижелер көрсетіп, жаңа белестерді бағындыратынына сенімдімін», – деген Ғалымжан Есенов құрылтай шешіміне түсініктеме берді.
Соңғы бес жылда әйелдер құрамасы командалық әлем чемпионатында бесінші және Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында он бірінші орынға ие болды. Қазақстанда әлемнің ең үздік шахматшыларын жинаған ірі шахмат турнирлері өткізілді. Қазақстандық шахматшылар Азия чемпионаты, Азия ұлттары Кубогы, жабық жайлардағы Азия ойындары сынды ірі халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.
«Ғалымжан Есеновтің басшылығымен осы аралықта Шахмат федерациясы орасан зор жұмыстар атқарды. Шахматшыларымыздың қатары жаңа әлем чемпиондарымен толықты. Қазақстандық спортшылар халықаралық турнирлерден елімізге 202 жуық медаль алып келді», – дейді ҚШФ атқарушы директоры Ирина Грищенко.
31 қаңтар күні Қазақстан Шахмат федерациясының (ҚШФ) кезектен тыс құрылтайы болып өтті. Бұл құрылтайда ұйымның жаңа президенті болып Бейбіт Атамқұлов сайланды.