1940 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің №208 санына шыққан «Абай әндері» туралы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.
Ұлы ақын Абайдың тамаша өлеңдерін құмарта тыңдаған халқы, сол өлеңдеріне лайық әсем ән шығаруын күтті. Абай халықтың бұл тілегін түсіне қойды. Ақын сұлу суретті, терең мағыналы, тәтті тілді, алтындай асыл өлеңдеріне қарастықты, көрікті күймен, әсерлі үнмен айтылатын көркем ән шығаруды өз басына мінәсіп көрді. Қазақтың ән, күйімен тереңдеп шұғылданды. Аспандағы аққуға даусын қосқан әнші Біржан салды да, ән «перісі» атанған Әбетті де, Мұхаметжан әншіні де тыңдады, тамылжыған тәтті күйдің атасы Тәттімбеттің шәкірті күйші Мұқанды да тыңдады.
«...Арқаға әсем әнді Абай қалды,
Үйретті Әсет сынды талайларды.
Сан саңлақ, әнші күйші, биші, сыршы
Абаймен бірге атқызды талай таңды...»
деп жырлады, Абайдың бір шәкірті Уайыс ақын. Абай поэзия мәселесінде бір мектеп болса, музыкада да сондай мектеп болды. Абай әдемі әнді жоғары бағалады. Әнді бабына келтіріп айта алмайтын кейбір әншілерді қатты сынады.
«...Құр айқай бақырған,
Құлаққа ән бе екен?
Өнерсіз шатылған,
Кісіге сән бе екен?...»
Эстетикалық сезімі терең ұлы ақын әнді жанымен сүйсіне тыңдады.
«...Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй...»
деді ақын.
Абай орыс халқының ұлы ақыны А.С.Пушкиннен аударған «Татьянаның хаты» деген өлеңіне арнап ән шығарды. Татьяна әнінің сарыны, нақышы қазақтың сол замандағы әндерінен өзгеше еді. Мұнда қазақ әндері мен Еуропа әндерінің қабысып, бір-біріне сіңіскені байқалады. Татьяна әні тез тарады, әрбір әншінің төлқұжатындай бола қалды.
Абай он жеті ән (қазірде анықталғаны) шығарды. Абай әндерінің көбі өзінің арнаулы өлеңдерімен айтылады. Сондықтан да әндерінің аттары сол өлеңдерімен аталады. Мысалы: «Татьяна», «Сегізаяқ», «Қор болды жаным», «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалғып». Бұл әндері халыққа көп тарады. Бұлардан басқа «Біреуден біреу артылса», «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» сықылды, жұртшылыққа көп тарай қоймаған, тамаша әндері тағы бар.
Абай жөнінде соңғы жылдары елеулі-елеулі істер істеліп жатыр. Бірақ бұл оның поэзиясы жайындағы істер; ал композиторлық жөнінде мәнді істер істеле қойған жоқ.
Абай әндерін сынаушылар әлі мымырттап жүр. 1936 жылы М.Әуезов жолдас Абайдың біраз әндерін Хамиди дейтін жас композиторға нотаға түсіртіп еді, одан мардымды дәнеңе шыққан жоқ.
СССР Ғылым Академиясының қазақстандық филиалы таяуда Абай өлеңдерінің І томын бастырып шығарды. Сол сынақтың редколлегиясы былай дейді: «Бұл І томға... ақынның 12 әнінің нотасы кірді». (6-бет). Ал біз көрген І томда 12 әннің нотасы түгіл, тізімі де жоқ. Осы томға ақынның 12 әнінің нотасын кіргізейік деген «адал ойларын» аңдаусызда жаза салған салақ редакторлардың «жақсы тілегі» ғой дестік.
Абай әндерін жинату жұмысына бас-көз болады деген кейбір жолдастар «әнді зерттеу композиторлардың жұмысы ғой» деумен келеді. Ал, Абай әндерін зерттеп жұртшылығымыздың керегіне жаратады деген кейбір композиторлар әлі «Гәккудің» «варианттарынан» қара үзіп шыға алмай жүр.
Абай әндерін зерттеуден Искусство істері басқармасы да бір бүйір қалып отыр. Былтыр Шығыс Қазақстан облысының ән-күйлерін жыйнауға бригада (Еркімбеков пен Ерзаковичті) жіберді. Ол бригада Абайдың туған ауданына барып, бір түнеп қайтып келгеннен басқа мардымды ештеме бітірген жоқ.
Абай әндерін айтушылар көп. Бірақ әрбір әнші, әртүрлі нақышпен, әртүрлі сарынмен, өз мақамдарының шамасына «көндіріп» бұрмалап, музыкалық қасиетіне нұқсан келтіріп жүр. Бұған жол бермеу керек.
Абайдың туғанына биыл 95 жыл толады. Осы 95 жылдық юбилей қарсаңында Абай әндері толық жиналып, нотаға түсірілуі керек. Абай әндерін шебер әншілердің орындауымен пластинкаға салдыру керек.
И.МАТАҚОВ
«Социалистік Қазақстан», 4 март, 1940 жыл