Жыл басынан басталған қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында ұйымдастырылып жатқан сан алуан бағыттағы тағылымды шаралар легі әсте толастамақ емес. Керісінше, ақын мұрасын терең зерделеуге бастайтын өнегелі, өрісті істер өзінің мазмұндық мәнімен руханият қоржынына мол олжа салуда. Соның бірі – «Құнанбай» кітабы.
Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясымен жарық көрген ҰҒА академигі Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» атты зерттеу еңбегінің тұсауы кесілді. Халықаралық Түркі академиясы, Қазақстан Жазушылар одағы және Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы бірлесіп ұйымдастырған айтулы шараға Парламенттің қос палатасының депутаттары, ғылыми қауым, білім және мәдениет саласының өкілдері, қаламгерлер мен жастар қауымы қатысты. Кітап кешін Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков жүргізді.
«Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі – Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет». Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей өңіріне жасаған сапарында айтқан осы бір ойы Абай әлемін тануға ұмтылған кез келген зерттеуші, оқырман үшін теңдессіз рухани азық екені сөзсіз. Бұл – абайтану атты алып мұхиттың бөлінбес бір арнасы.
– Жаңа 2020 жыл жақсы жаңалықтармен басталды. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Мәскеудің әйгілі баспаларының бірінен «Құнанбай» атты кітабым жарық көріп отыр. «ЖЗЛ» немесе «Өнегелі адамдар өмірі» сериясымен жарияланған бұл еңбегімнің жанрын көркем-ғұмырбаяндық ізденіс деуге келеді. Құнанбай – Ресей империясы тұсында би және болыс бола жүріп, елі үшін талай маңызды істерді атқарған адам. Сондықтан зерттеушілер мен жұртшылық тарапынан оның тұлғасына қатысты қарама-қайшы пікірлердің болуы заңдылық, – дейді ұлт және әлемдік руханият тарихында үлкен орны бар қазақ тұлғасы туралы толымды еңбектің авторы Ерлан Бәтташұлы.
Иә, жасыратыны жоқ, кешегі кеңестік цензура дала билеушісі, «қарадан шығып хан болған» Құнанбай туралы теріс пікір қалыптастырды. Көркем әдебиетте жағымсыз кейіпкер ретінде танылды. Бірақ бұл белгілі бір саяси кезең тудырған шарасыздық еді. Бүгінде құнанбайтану әлемі жаңа, тың бағыттағы әділетті зерттеулерге зәру. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Алғашқы талпыныс жасалып, түрлі бағытта там-тұм зерттеу жүргізіліп, Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновтың режиссерлігімен «Құнанбай» атты көркем фильм де түсірілді. Бірақ мұның барлығы тұлға табиғатын тануға толыққанды дәру бола алмақ емес. Алда әлі де жүйелі, тыңғылықты ізденістерге сұранады. Өйткені Абай әлемін танудың басы, негізгі қайнар бұлағы ең әуелі ақынның туып-өскен ортасы, алған тәлімі, тегі мен тамырын танудан басталары сөзсіз.
Расымен де, Құнанбай бейнесін көркем әдебиетте суреттелген кейіпкер болмысынан алшақ әкетіп, өзі өмір сүрген замандағы халқы үшін жасаған жарқын істері мен шынайы өмірдегі болмысына үңілетін болсақ, қатыгез Құнанбай емес, қайраткер Құнанбайдың мәрт тұлғасын танимыз. Құнанбай бабамыз ел билеген әділетті де беделді әкім ғана емес, мұсылманның бес парызын мүлтіксіз атқарған мүмін кісі болған. Бұған дәлел – ол кісінің қажылық жолмен қасиетті Меккеге барып, онда мұсылман елдерінен барған адамдар түсетін «Үй-Тақия» («Тәкие») қонақүйін салғызуы және Қарқаралы қаласында мешіт қабырғасы қалануына тікелей мұрындық болуы.
Бұл дерек қазақ топырағына жер аударылған әйгілі поляк зиялысы Адольф Янушкевичтің саяхат күнделігінде тіпті байи түседі: «Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен. Бұл да дала өңірінде аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі. Қазақтарға қатысты ресейлік уставтарды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады... Ал бірақ барлық байлар Құнанбайдың кебісін кигізуге жарамайды», – деп таңғалады ақын.
Академик Ерлан Сыдықовтың зерттеуінде осы және бұдан да бөлек бұрын айтылмаған тың деректер келтіріледі. Құнанбай тұлғасын жаңа заман биігінде танып, бедерлеуге бағытталған тыңғылықты һәм жаңашыл талпыныстар байқалады.
Айтулы еңбектің таныстырылымына мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, жазушы Мырзатай Жолдасбеков, Сенат депутаты, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп, Парламент Мәжілісінің депутаты, профессор Сауытбек Абдрахманов, ғалым-зерттеушілер – Намазалы Омашев, Бауыржан Омаров, Тұрсын Жұртбай, Дархан Қыдырәлі, Өмірзақ Озғанбай, жазушы-ақындар – Роза Мұқанова, Аманжол Әлтаев бастаған қазақ руханият әлемінің белгілі қаламгер тұлғалары қатысты.
– Әлем әдебиеті талабына сай таразылайтын болсақ, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбай бейнесі ең сәтті шыққан кейіпкерлердің бірі. Құнанбай арқылы жазушы адам жанының терең қатпарларын шебер жеткізеді. Сол дәстүр Ерлан бауырымның зерттеуінде де сәтті жалғасын тауыпты. Екпін түсірілуі керек тұстарды тап басып танып, соған оқырман назарын жақсы аудартады. «Құнанбай» еңбегі сонысымен бағалы», – деген жазушы Сауытбек Абдрахмановтың пікірін әрі қарай Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп жалғады: «Бұл еңбекті алдағы уақытта қазақ және орыс мектептерінің бағдарламасына теңдей енгізіп, оқыту керек. Сол арқылы жастарымызды Абай әлеміне терең бойлата аламыз, – деді сенатор.
Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарихшы Дархан Қыдырәлі де «Құнанбай» еңбегінің көркемдік деңгейін жоғары бағалады: – Кітаптан Құнанбайға қатысты бірнеше жұмбақтың шешімін табуға болады. Соның бірі – Кеңгірбай образы. Кезіндегі кеңестік кезеңнің солақай саясаты салдарынан лайықты бағасын алмай, өз деңгейінде айтылмай, жазылмай келген Кеңгірбай бейнесі көркем әдебиетті айтпағанда, опера мен драма театрларында жағымсыз кейіпкер ретінде күні бүгінге дейін біржақты суреттеліп келеді. Тұлға туралы бұл еңбекте осы олқылықтың орны толып, Кеңгірбай би образы әділетті бағаланып, жан-жақты қырынан жақсы ашылыпты, – деп жылы лебізін жеткізген ғалым айтулы кітаптың алдағы уақытта бірнеше тілге аударылатындығын сүйіншіледі. Бұл да, сөзсіз, абайтану ілімі ауқымын кеңейтіп, келешекте хакім мұрасы дүниежүзілік мазмұн-мәнге ие болатындығын айқын аңғартса керек. Ал Ресей аудиториясына жол тартқан бүгінгі «Құнанбай» еңбегі әдебиетіміз бен тарихымыздың қымбат қазынасына айналып, ұлт руханияты үшін шын мәніндегі үлкен олжа болады деп сенеміз.