• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Ақпан, 2020

Жалғызілікті ананың алғысына бөленді

159 рет
көрсетілді

Волонтер жылы «Біз біргеміз!» акциясы аясында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығындағы волонтерлер штабының мүшелері елордадағы П.Шубин 23 мекенжайында орналасқан жалғызбасты ананың ауласын қардан тазартып берді.

Қаңтардағы қарлы боран Қазақ­станның бірнеше аймағындағы тұр­ғындарды әбігерге салғаны белгілі. Осыны ескерген елорда жастары жоғарыда аталған акцияны қолға алып, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, өнер, спорт жұлдыз­дары қолдаған еді. Игі бастаманы Нұр-Сұл­тандағы волонтерлер де жалғас­тыруда. Оған өз көзімізбен куә болдық.

– Өздеріңіз көріп отырғандай, қар биыл қалың жауды. Тиісінше біздің волон­терлер де бей-жай қарап отыра алмады. Көмекке мұқтаж жандар туралы ақпаратты Нұр-Сұлтан қаласына қарасты аудандық әкімдіктен алып отырмыз. Осы күні біз елорда аумағындағы Алматы, Сарыарқа, Бай­қоңыр және Есіл аудандарындағы мүм­кін­дігі шектеулі жандардың, көп ба­лалы және жалғызбасты аналардың, қария­лардың өтініші бойынша барлы­ғы 200 жеке тұрғын үй ауласында қар тазаладық, – дейді «Астана жаста­ры» жастар ресурстық орталығы басшы­сының орынбасары Ақерке Ақтай.

Оның айтуынша, ресурстық орталықтағы волонтерлер базасында 2000-ға жуық азамат тіркеліпті. Оның ішінде белсенді дегені 200-ге жуықтайды. Солардың көмегімен бас-аяғы 48 мың шаршы метр қар тазаланыпты. Жалпы, қаңтар айынан бас­тап қолға алынған акцияны қалалық әкімдікпен қатар, Тұрсынбек Қабатов, Айгүл Иманбаева, Асхат Садырбай, Әділ Ахметов сынды өнерпаздар, спортшылар қолдап отыр. Ал Волонтер жылына дөп келген «Біз біргеміз!» акциясына ел көлемінде 50 мыңға жуық азамат атсалысқан екен. 

– Жалғызбасты анамын. Бала­бақ­шада жетекші болып еңбек етемін. Алпысты алқымдаған анам және екі балдырғаным үшеуіміз тұрамыз. Тазалауға қауқарым болмаған соң, Нұр-Сұлтан қаласындағы Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Қуандықұлына өтініш жаздым. Әкімдіктен іле-шала Бақтияр есімді азамат хабарласып, бір апта мұғдарында көмек көрсетілетінін жеткізді. Енді міне жастар жабыла кетіп, ауламды қардан тазартуда. Қол ұшын созған барша азаматтарға алғысымды білдіремін, – дейді үй иесі Маржан Ахметжанова.

Бұл жолы жалғызбасты ананың ауласын тазалауға 20-ға жуық волонтер ниет білдіріпті. Басым бөлігі ЖОО, колледж студенттері.

– «Асу» гуманитарлық-техникалық колледжінің 1-курс студентімін. Бірде колледж басшысы волонтерлер қатарына қосылуға болатынымыз туралы айтып, барынша қолдау білдіретінін жеткізді. Мен бұл ұсынысты қабыл алдым. Осылайша волонтерлер қатарына қосылдым. Бұл шешіміме дән ризамын. Себебі мұқтаж жанға қол ұшын созу – мен үшін үлкен бақыт. Қолдан келген көмегімді аямаймын, – деді волонтер Жасұлан Камалов.

Волонтерлер тазалаған қар Сары­арқа аудандық әкімдігімен бірлесе отырып, арнайы техникамен қала сыртына шығарылады.