• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Ақпан, 2020

Петропавлға Нұрлан Ермекбаев жұмыс сапарымен келді

191 рет
көрсетілді

Бүгін Петропавлға Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жұмыс сапарымен келді.

Облыс әкімдігінің ғимаратында ол облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі қоғамдық бірлестігі бойынша ынтымақтастық жасау жөніндегі меморандумға қол қойды.  Мұндай бірлестіктер Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен республика бойынша құрылған еді. Қазір жалпы саны 200 мыңдай тәрбиеленушісі бар 6535 клуб жұмыс істейді екен. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істейтін 315 клуб пен сыныптардағы жасөспірімдердің Отан қорғауға деген дайындығы республика бойынша алдыңғы қатардағылардың бірі болып отырған көрінеді. Бұл туралы меморандумға қол қояр алдындағы шағын сөзінде облыс әкімі Қ.Ақсақалов атап өтті. «Біздің өңірімізден Қожаберген жыраудай қолбасы сардар, Ағынтай, Тілеуке сияқты батырлар шыққан. Бүгінгі ұрпақ олардың ерлігін оқып-зерттеп, өздеріне үлгі етеді» деді ол. 

Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев өзінің сөзінде солтүстікқазақстандық жастардың жергілікті биліктің қолдауы арқасында отансүйгіштік сезімдерінің жоғары екендігі көрініп жүргенін түрлі сайыстар мен конкурстардан жақсы білетінін атап өтті. «Жас сарбаз» жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысына қатысушылардың алған білімдері мен тәжірибелері олардың кейінгі өмірінде пайдасын тигізетінін білеміз. Болашақтағы оқуында да, қызметінде де, бизнес саласында да осында алған тәрбиелері пайдасын тигізеді» деді министр өз сөзінде.

Осыдан кейін Қорғаныс министрі Петропавлдың «Киров атындағы зауытына» барып, оның өнімдерімен танысты. Мұнда оған кәсіпорынның бас директоры А.Арғымбаев түсініктеме берді. Содан соң Н.Ермекбаев «ПЗТМ» зауытына және Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебіне барып, олардың жұмысымен танысты.