1957 жылы Құрманғазы оркестрінің ізінше Ахмет Жұбановтың ықпалымен, қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың тапсырмасымен Атырауда Д.Нұрпейісова атындағы облыстық қазақ халық аспаптар оркестрі құрылды. Бүгінде республикадағы ірі мәдениет ошағының бірі саналатын ұлы күйші-композитор Дина атындағы ұлт аспаптар ұжымының осы деңгейге жетуінде оның бастауында тұрған тұлғалардың еңбегі зор.
Төкпе күйдің туын тіккен батыс өңірінде заманауи оркестр құруға 1950 жылдары Гурьев облыстық атқару комитетіне басшылыққа келген белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың бастамасы негіз болған. Соғыстан кейінгі елдің еңсесін көтеру әрі дәстүрлі күй өнері мектебін жаңғырту мақсатында сол жылдары ауыл-аймақтарда көркемөнерпаздар байқаулары көптеп ұйымдастырылатын. Бұл байқаулардан соң облыс, аудан көлемінде домбыра оркестрлерін құру міндеттелген. Ол үшін ұйымдастыру ісіне қабілетті кәсіби музыкант мамандар қажет еді.
Бұл жөнінде осы өнер ұжымын ұйымдастырудың басы-қасында болған қобызшы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, еліміздің батыс өңірінде қобызшылар мектебінің негізін қалаған музыкант Раушан Нұрпейісова: «Н.Оңдасынов Атырауда музыкалық коллектив құру үшін тәжірибелі музыкант іздепті. Содан «Алматыда Сейілхан мен Раушан бар, біреуі – домбырашы, біреуі – қобызшы» деп естиді. Н.Оңдасынов А.Жұбановқа хабарласып, 1956 жылы Мәдениет министрлігі арқылы бізді шақыртты. Күндіз-түні жұмыс істедік. Маңғыстаудың, Гурьевтің өнерпаздарын дайындап, 1957 жылы маусым айында өткен облыс жастары мен студенттерінің І фестивалінде 500-ден астам домбырашыдан тұратын оркестрдің концертін бердік. Бір айта кететін дерек, сонда арамызда Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынова да болды. Оркестр Дәулеткерейдің «Қос алқа», Құрманғазының «Адай» күйлерін орындады. Ашық аспан астында бес жүз домбыраның үні күмбірлегенде тебіренбеген жан қалмады. Сол домбырашылардың арасынан жүз адамды таңдап алып, нота үйрететін курс аштық. Классикалық шығармалар мен қазақ күйлерін үйреттік. 1957 жылы 23 қазанда облыстық партия және атқару комитеттерінің біріккен қаулысымен оркестрімізге Дина Нұрпейісованың есімі берілді. Құрамында 50 адам бар оркестр 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, лауреат атанды. Сейілхан көркемдік жетекші әрі дирижер, ал мен концертмейстері болдым. Күніне 10-12 сағат дайындалатынбыз. Оркестр басында «Мұнайшылар сарайының халық аспаптары оркестрі» деп аталды. Бәріне көмектескен Нұртас Оңдасынов еді. Ұстазымыз Ахмет Жұбанов кездескен сайын ақылын айтатын. Сол Ахаңның тапсырмасымен 1957 жылы Дина атындағы оркестрді құрдық», деп еске алады.
Иә, Дина атындағы оркестр С.Құсайынов пен Р.Нұрпейісованың ұйымдастырушылық қабілеттері мен еңбекқорлықтарының арқасында аяқтан тұрып кетті десе де болады. Қос өнерпаз ұлағатты ұстазы Ахмет Жұбановтың ақыл-кеңесімен, Нұртас Оңдасыновтай қоғам қайраткерінің қолдауымен теңдесі жоқ өнер ордасын дүниеге әкелді, қайраткер ағаларының сенімін ақтады. Осыдан бастап қос ішекті домбыраға тіл бітірген Атырау өңірінің өнерпаздары Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сынды ұлы күйшілердің шығармаларын заманауи оркестр тілінде сөйлетіп, батыс композиторларының туындыларын меңгерді. Репертуар, орындаушылардың музыкалық сауаттылығы, аспаптардың түрі мен дауысына ерекше көңіл бөлінді. Ұжымдық өнер саналатын оркестр үшін өте маңызды қобыз аспабының енгізілуі тікелей Р.Нұрпейісованың еңбегі десек артық емес.
Сейілхан Құсайынов пен Раушан Нұрпейісова сол жылдары дәл осы Атырауда музыкалық училищенің де негізін қалады. 1958 жылы ашылған музыка училищесіне С.Құсайынов директор болып тағайындалған. Оған училищенің материалдық-техникалық базасын жасақтау, оқу бағдарламасын үйлестіру, ноталық әдебиеттер, оқулықтар, музыкалық аспаптар жинақтау, оқытушылар ұжымын ұйымдастыру сияқты міндеттер жүктелді. Музыкалық аспаптар тапшы кез, кедергі көп. Оркестрге қажетті домбыра, қобыз, бас домбыра, бас қобыз аспаптарын жасау қолға алынды. Училищенің алғашқы оқытушылары И.Колтайс, О.Герлах, Р.Нұрпейісова, Б.Рзаханов, М.Құспаналиев, Е.Нұрашев жан аямай еңбек етті. Олар күндіз сабақ өткізіп, түнде күйлер мен шығармаларды нотаға түсірумен айналысатын. Міне, осындай зор еңбекпен құрылған, бүгінде Атырау музыка колледжі деп аталатын өнер ұжымы 2018 жылы өзінің құрылғанына 60 жыл толуын атап өтті. Ұлттық музыка өнерінің кәсіби дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан колледждің мерейтойына Раушан Түсіпбекқызы арнайы шақырылды. Оқу орнының түлектері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Тілеш Бәдилов, Ғиззат Әдепқалиев, Шәміл Әбілтаев, Айтқали Жайымов, Кәрима Сахарбаева, қобызшылар Оңайша Қарашева мен Гүлсара Ізтілеуованың есімі көзіқарақты қазаққа жақсы таныс.
Осы ретте домбырашы ұстаздың өмірбаянына да зер салып өткен орынды деп санаймыз. Сейілхан Құсайынов 1929 жылы Орал облысы Орда ауданында дүниеге келген. Әкесі Құсайын 1937 жылы отбасымен қуғын-сүргінге ұшырап, алдымен Доссорға, кейін Гурьевке көшіп келеді. Сейілхан осындағы Жамбыл атындағы мектепте оқиды. 7-8 жасынан нағашы атасы Халел Молдашевтан домбыра үйренеді, өңірге белгілі күйші Ғылман Қайрошевтен дәріс алады.
1944 жылы Атырауға Алматыдан Қазақстанның халық әртісі Лұқпан Мұхитов бастаған топ гастрольдік сапармен келеді. Құсайынның отбасында қонақта болған өнер иелері жас Сейілханның талантын, күйге деген ынта-ықыласын байқап, оны консерваторияға оқуға шақырады. Ахмет Жұбановтың сынағынан өткен жас күйші үздік оқып, 1951 жылы консерваторияны бітіре салысымен Құрманғазы оркестрінің құрамында өнер көрсетеді. Біртіндеп өнер саласындағы ұйымдастыру жұмыстарына тартылады, Қостанай облыстық филармониясында көркемдік жетекші болады.
Сейілхан Құсайыновтың Гурьевке қайта оралуы да осы ұйымдастырушылық қабілетінің қажеттілігінен еді. Облыстың аудан-аймағын аралап жүріп оркестрге адам жинайды. Домбыра тартыстары да, жас шамасы да әртүрлі, күй тартуды өз бетінше үйренген домбырашылардың басын біріктіріп, бір ырғақта күй тартқызу оңайға соқпағаны мәлім. Арасында малшы да, мұғалім де, дәрігер де болды. Оларға нота үйрету алғашқы кезектегі міндет еді.
Сол кезде оркестр мүшелерінің музыкалық сауатын арттыру үшін облыстық мәдениет басқармасы жанынан 5 айлық курс ашылған екен. Онда бас домбыра, контрабас домбыра, альт-қобыз, прима-қобыз, қылқобыз, сырнай аспаптары бойынша білім беріледі. Курсқа қатысушыларға С.Құсайынов, Б.Рзаханов, М.Шим, Р.Нұрпейісова сабақ береді. «Ол кезде екінші балам жаңа туған, қырқынан шықпай жатып жұмысқа шықтым. Сәбиімді емізе салып, шәкірттеріме сабақ беруге жүгіремін. Оркестр аяғынан нық тұрғанша күн-түн демей еңбек еттік» деп еске алады сол күндерді бүгінде 90 жастан асқан Раушан Түсіпбекқызы.
Осылайша оркестрдің аспаптық мүмкіншілігі де, орындаушылардың деңгейі де өсе түседі. Сол жылдары құрамында 50 адам бар Дина оркестрі Алматы мен Мәскеуде бірнеше рет концерт береді. Атақты Колонналар залында өнер көрсетеді. 1958 жылдың күзінде Мәскеуде өткен Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатысуының өзі-ақ бұл ұжымның көркемдік және орындаушылық деңгейін мойындау әрі үлкен құрмет еді. Осыдан былай Дина оркестрі өсу, өркендеу үстінде болды.
С.Құсайыновтың жанкешті еңбекқорлығына, ұйымдастырушылық қызметіне Ахмет Жұбанов лайықты бағасын беріпті. Академик-ұстаз оны шәкірті ретінде де, сырлас інісі деп те жақсы көрген екен. 1960 жылы шыққан «Құрманғазы» атты кітабында: «Алматының консерваториясын бітіргеннен кейін Сейілхан Гурьевке барып, онда 70 адамнан құралған үлкен оркестр ұйымдастырып, бір жағынан музыкалық техникумның басшылық қызметін атқарып, халық аспабы мәдениетінің өсуіне мол үлес қосып жүр. Сейілхан тек педагог, ұйымдастырушы ғана емес, ол – жақсы дирижер, композитор. Оның басқаруындағы осы айтылған оркестр бірнеше рет бәйге алды», деп жазады. Ахмет Жұбановтың бұл бағасы Дина оркестрі мен оқу орнының құрылуындағы С.Құсайыновтың еңбегін әйгілеп тұр.
Атырауда бұрын болмаған ұлт аспаптары оркестрі мен музыкалық училище ашқаны үшін С.Құсайынов «Қазақ КСР-на еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» атағын алды. Атырау музыкалық училищесін құруға қосқан үлесі және П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде халық аспаптары бөлімін ашқаны үшін Раушан Нұрпейісова «Қазақ КСР-на еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» және «КСРО Білім беру ісінің үздігі» атанды. Қазіргі таңда Атырауда С.Құсайынов атындағы дирижерлер конкурсы, Р.Нұрпейісова атындағы кәсіби қобызшылардың республикалық конкурсы өтіп тұрады.
С.Құсайынов 1972 жылы Қазақ КСР-і, Қырғыз КСР-і және Алтай өңірінің біріккен «Мелодия» атты таспа жазу орталығының басшысы болып тағайындалды. Мәскеуден атақты Әміре Қашаубаевтың даусының табылуында ол кісінің еңбегі зор. 1977-1980 жылдары «Қазақконцерт» ұйымын басқарды. 1980-1983 жылдары Б.Сарыбаевпен бірлесіп «Отырар» ансамблін құрып, жетекшілік етті. Денсаулығына байланысты 1988 жылы еліне келіп, Маңғыстау музыка мектебінің директоры болды, мұнда да «Маңғыстау маржандары» атты ансамбль құрды, музыкадан дәріс оқыды. Композитор ретінде С.Құсайыновтың «Көркейіп гүлдене бер, Гурьевім!», Ж.Саинның сөзіне жазылған «Қарамашы, қадамашы» әндері, «Мереке», «Шаттық» және басқа туындылары белгілі.
Сейілхан Құсайынов 2006 жылы дүние салды. Күйші-композитормен қоштасу рәсімінде композитор Еркеғали Рахмадиев: «Сейілхан Құсайынов – тірі кезінде өз бағасын ала алмай кеткен азамат» деп өкінішін білдірген екен. Раушан Түсіпбекқызы да жарының мінезі, болмысы бөлек болғанын айтады. «Ешкіммен дауласпайтын, ешқашан дауыс көтермейтін, тайталаспайтын. Өте сабырлы, ақкөңіл, барын аямайтын адам еді. Жүріс-тұрысы, киім киісіне дейін сырбаздық, сыпайылық білініп тұратын. Осындай мінезімен қолындағысынан айрылып қалған кезі де болды», деп еске алады Раушан апа. С.Құсайыновтың шәкірттері Ш.Әбілтаев пен А.Жайымов ұстаздарының адамгершілік қасиетін, өнерге адалдығын, педагогтік шеберлігін жоғары бағалайды, «туабітті интеллигент» деп айрықша құрметтейді.
Таланты мен ерік-жігерінің арқасында күш-қуаты мен уақытын сарп етіп құрған ұжымдары, тәрбиелеген шәкірттері, артында қалған туындылары – оның өнердегі сайрап жатқан ізі. Десек те, Қазақстанда Құрманғазы оркестрінен кейін дүниеге келген үлкен ұжым – Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрінің құрылуындағы С.Құсайыновтың еңбегі лайықты бағаланып жүр ме деген сауал туады. Өйткені Атыраудағы осы айрықша өнер ұжымы өзінің құрылғанын 1990 жылдан бастап есептейді. Оркестрдің негізі 1957 жылы қаланды емес пе? Оркестрдің бастауында тұрған тұлғалардың есімі мен еңбегі белгілі ғой. Осыған орай: «Қазақтың ұлттық оркестрлерінің жолын есептегенде бірінші «Құрманғазы», екінші «Дина», сонан соң барып «Отырар сазы» оркестрі құрылды. Ал қазір «Құрманғазыны» айтады, «Отырарды» айтады, «Динаны» айтпайды. «Дина» оркестрі де қазір академиялық оркестр ғой. Құрған адамның еңбегі аталып, елену керек. Бірақ Сейілханның есімі көп жерде аталмай қалады», деп қапаланады Раушан Нұрпейісова.
Айта кетер ерекшелігі, Дина оркестрі құрылған кезінен бастап қоғамдық негіздегі халықтық ұжым есебінде өнер көрсетіпті. 1990 жылы 26 маусымнан бастап кәсіби оркестр атанады. Бұл жөнінде интернеттегі мәліметтерде «Оркестр 1990 жылы Облыстық халық депутаттары советінің №175 26.06. 1990 ж. шешімімен құрылды» деген дерек кездесті. Сондай-ақ 2019 жылы Алматыдағы «Қазақ кітабы» баспасынан шыққан «Асуы биік оркестр» атты деректі кітапта да (құрастырған Ө.Әлімгереев, А.Шәріпбаева) алғашқыда қоғамдық негізде жұмыс істеп, 1990 жылдан бері Қазақстанның халық әртісі Рысбай Ғабдиевтің жетекшілігімен кәсіби өнер ұжымына айналғаны атап өтілген. Р.Нұрпейісова бұл жөнінде: «Нұртас Оңдасынов ағаймен бірігіп, қоян-қолтық қызмет жасаған, оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері де – Сейілхан. Қазақстанда халық музыкасын кәсіби деңгейге көтерген тұңғыш адам Ахмет Жұбанов, ал Атырауда қазығын қаққан Сейілхан Құсайынов. Музыкадан хабары бар адам солай ұғынуы керек» деп санайды. Сол алғашқы домбырашылар үйірмесінде оқыған оркестр мүшесі, бүгінде Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов тарихи даталардың дұрыс аталып өтуін қолдайды. «Оркестрдің құрылған жылы Мәскеуде де, елімізде де тарихта таңбаланды. Сондықтан Д.Нұрпейісова атындағы оркестрді 1990 жылы емес, 1957 жылы құрылды деу әрі дұрыс, әрі заңды және адамгершілік тұрғысынан да әділдік» дейді оркестрдің ардагер домбырашысы.
Дина ИМАМБАЕВА,
әлеуметтанушы, «Ақиқат» журналы бас редакторының орынбасары
АЛМАТЫ