Аспанмен астасқан асқақ шыңдар, жанға медет сыйлаған жазира жоталар ауыл топырағына аунап өскен қалақтай баланы қылқалам дейтін құдіретке кіршіксіз ғашық етіпті. Қазақ даласының қасиетін туған жердің нуы мен суынан бойына сіңірген Тоққожа Қожағұлов суретші болуды мектеп қабырғасында жүрген балаң шағынан-ақ өмірлік мақсатына балаған. Бүгінде бекзат өнердің биігін бағындырып, бояу тілінің тылсым сырын жанымен түйсінген суретші өмірге іңкәр еткен ақ үмітін, кеудесін шымшылаған сағынышын кенеп бетіне жайып салады.
Күнделікті күйбең тіршіліктің көшіне ілесеміз деп жанталасып жүріп әр сәттің әдемі көрінісіне жан жүйемізбен үңіле бермейтін болғанбыз. Кейде күннің нұрын, көктемнің жұпар самалын, тіпті төңірегіміздегі тұмса табиғаттың тіл жетпес әсерін сезінбей қалатынымыз да сондықтан болар. Суретші дейтұғын халықпен тілдесе қалсаңыз осы бір қалың тұманнан қарғып шығып, тіршілікке бейжай қарауға бейілденіп кеткен рухыңызды бір сілкіп аласыз. Дегдар өнердің берік діңінен нәр алған Қожағұловтың қолтаңбасы кезекті рет жанымызға шұғыла құйғанда осындай әсерге бөлендік. Шығармаларынан дала жұпарының иісі аңқып тұратын шебердің қаламынан туған туындылар стилистикалық мәдениетке, ерекше көңіл күйге, махаббат пен мейірім шуағына толы. Қарапайым адам бейнесінен бастау алған пайымды портреттер адамзат өркениеті мен дала шежіресін толғаған мәңгілік тақырыпқа ұласады.
«Жай ғана фотосуретке бір үңілесіз де қоясыз, ал бояумен бедерленген картинаға қараған сайын оның ішкі құпиясы ашыла түседі», деп әңгіме бастаған қылқалам иесі талай сырдың тиегін ағытты. Оқушы күнінде тастан Абай мүсінін қашап жатқан бала Тоққожаға, «немене, маған ескерткіш қоюға асығып жүрмісің?» деген бір ауыз әке сөзі қатты әсер еткені сонша, абдырап қалған ұл әкесіне қарап басын шайқай беріпті. Қолындағы мүсінді лақтырып, бұл өнерге қайта айналып соқпаған ол содан бері қылқаламды жанына серік еткен.
Тұтас ғұмырға татитын шығармашылық жолында жүздеген кескіндерді кенеп бетінде кестелесе де, студенттік үй жұмысы ретінде алғаш салған «Әке» туындысы ол үшін бәрінен ыстық. Кәрі өмірдің қақпасын іңгәлап ашқанда, бебеулеген ботасын бауырына басқан риясыз мейірім иесінің тұнық пейілі, «өмірден көшсе де, көңілден өшпейтін» жылы естеліктер, әке дейтін ардақты жанның алғаусыз сезімі шығармада дәл сомдалған. Қарайсыз да, әкеңізді есіңізге аласыз. Қазақ баласынының жадында қалып қойған қасиетті қара шал адалдықтың тұмары, кеудені кернеген салқар сағыныштың сәулесі екенін сезінесіз. «1979 жылы арман қуып Алматыға келгенде əкем Мұқажан бақилық болды. Əке алдындағы өтелмей қалған перзенттік парызымды, кеудеде қалған сағынышымды бояумен беруге бекіндім», дейді қылқалам иесі.
Шығармашылығының ең бір отты жылдарында жазылған «Ана» картинасын өнертанушылар айрықша бағалады. Көрмеге қойылған бірегей туындыға көзі түскен ресейліктер өнер жәрмеңкесінің алғашқы күні-ақ картинаны Сібір мұржайларының біріне алып кеткен. Шеңбер ішіне шебер орналастырылған ана бейнесі, перзент көңілінің перизат өрнектерін тап басқандай. Маңдайындағы әжімі тағдыр жолы секілді тарамдалған ғазиз жанның сұлбасы сәбиіне деген алғаусыз махаббаттың нәзира үлгісі дерсіз. Жүрегіңді атқақтатып, көңіліңді тербейтін сырбаз сағыныш иектеп келіп иіріміне тартады. Картинаға көз суарған зерделі көрерменнің көңіліне Мұқағали ақынның «Аппақтығы аумайды әрінің де, Әжімің де аумайды тәлімің де, Әлемдегі ананың бәрі бір ме?» деген жыр жолдары еріксіз оралатыны анық. Өйткені шығармада жан бар, қозғалыс бар, мейірім бар.
Туындының басты мұраты көрерменнің сезімін селт еткізу дейтін болсақ, сұлбаның шынайы ықыласпен салынуына сақ қарайтын суретші өзінің бір сұхбатында бұл тұрғыдағы ойын былайша жеткізеді:
«Рас, бүгінгі техника, компьютер заманында портретті әртүрлі жанрда жасап шығаруға болады. Бірақ адамның шынайы сезімін, ішкі жан дүниесін, табиғи толқынысын, күйініш-сүйінішін жасай алмайды. Сондай-ақ сыртқы ұқсастықпен көп суреттер салынып та жатыр… Кеңселерге барсаңыз, әртүрлі портреттер ілініп тұр. Соның бәрін көркем өнер жетістігі деуге келмейді. Шынайы өнер биіктігіне көтеретін портреттер – бір күннің емес, терең зерттеп-зерделеудің, тереңнен танып-түйсінудің, көз майын сіңірген ұзақ еңбектің жемісі!..»
Қожағұлов қолтаңбасында қалыпталған тұлғалар тұғыры өз алдына бөлек әңгіме. Оның кенебінде Тәттімбет, Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев секілді алыптар образы барынша әсерлі бейнеленген. Бұл портреттерде халқымыздың қасиет-қалыбы, ұлттық танымымыздағы кие ұғымы, біртуарлар бейнесі арқылы көркем көрініс табады. Шығармадан кейіпкердің тағдырын аша түсер тылсым сырларды аңдайсыз. «Жамбыл тұлғасындағы» қызыл жолбарыс, Мұхтар Әуезов портретіндегі Абай, Сағат Əшімбаев портреті фонындағы құлаған жылқының білінер-білінбес сұлбалары соның дәлелі. Тарихи тұлғалар портретін сомдарда мұрағат құжаттарын мұқият зерттеп, тұлға сипатын санаға әбден сызып алмай, қылқалам ұстамайтын суретші киелі өнердің қадірін кетіріп алмауды басты қағидаға балайды.
– Тоққожаның шығармашылығында басты бейнелеу құралы – жарық, яғни жарық пен көлеңке реңі мен кереғарлығы. Бұл оның өзіндік қолтаңбаны айқындауға және колорит мүмкіндігін кеңінен пайдалануға ықпал жасайды. Шығармашылық ойды іске асыру барысында портреттегі композициялық түзілім жетекші қызмет атқарады. Тұлғаның кенеп бетіне орналастыру сипаты, қосымша элементтердің жалпы ойды айқындауға қосатын үлесі, олардың бейнеленген адамның мінезін, көңіл күйін, рухани дүниесін тереңдетудегі рөлі өте маңызды. Сонымен бірге тұлғаның қимыл-қозғалысы мен дене қалпы, жай-күйі берілген нысанға ғана тән мәнді реңдерді ашуға көмектеседі. Тоққожа әр сызықты, әр жағысты өз орнына қоя білетін жазу әдісі замандастарының, айналасындағы жақын адамдардың төл дүниесін, болмысы мен ішкі дүниесін зор сүйіспеншілікпен әрі шыншылдықпен суреттеуге жағдай жасайды. Әсіресе үлкен адамдардың – анасының, әкесінің бейнелерінде және Абай, Мұхтар, Мұқағали, Жамбыл образдарын сомдаған уақытта күрделі де әрқилы психологиялық ішкі әлемін бейнелеудің шебері ретінде көрінеді, – дейді Қожағұлов қолтаңбасын терең зерделеген ҚР Суретшілер одағының мүшесі Болат Байжігітов.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Жамбыл атындағы, Мұқағали атындағы сыйлықтардың иегері Тоққожа Мұқажанұлы өмірін ұстаздықпен өріп, отыз үш жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде шәкірт тәрбиелеп келеді. Бүгінде оқу ошағының қабырғасынан құрылған «Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры. Туындылары Қазақстан, Ресей, Қырғызстан мұражайлары және Ресей, Түркия, Алмания, Жапония елдері азаматтарының жеке коллекцияларында сақтаулы.
Әлдекім салған іздерді әуестемей өзіне тән жазу мәнерін қалыптастырған Қожағұлов қолтаңбасы көрерменін сана биігіне жетелейді. Құрғақ пәлсапа, жаттанды формализмнен ада. Композициялық пайымы парасатқа шақыратын шебердің ешкімге ұқсамайтын өзіндік көркем дүниесі бар. Оскар Уайлд: «Жан тәнімен жазылған портрет – бейнеленген адамның емес, соны салған суретшінің жан дүниесі», дейді. Сызудың техникасынан гөрі, образдың болмысын ашуға күш салатын суретші өмірді түс бояулары арқылы қабылдайды.
АЛМАТЫ