• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Абай 12 Ақпан, 2020

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы Түркияда салтанатты түрде ашылды

563 рет
көрсетілді

Түркияның астанасы – Анкара қаласында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Түркия мәдениет министрлігі, Трт Аваз телеарнасы қолдауы және Түрксой ұйымының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының Түркиядағы ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алқалы жиынға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, ҚР Мәдениет және спорт Вице-министрі Елдос Рамазанов, Түрксой Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Трт Аваз телеарнасы директоры Седат Сағыркая, Кечиөрен муниципалитеті басшысы Тургут Алтынок, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз, Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер Елшілері, шетелдік дипломаттар, зиялы қауым өкілдері мен қазақстандық студенттер қатысты.

Салтанатты шараның беташар сөзін сөйлеген Түрксой Бас хатшысы Д.Қасейінов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абайды тану - Қазақстанды, қазақ халқын тану» деген қанатты сөзіне назар аудара отырып, 2019 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы болған Ош қаласындағы түркітілдес мемлекеттер Мәдениет министрлері жиынында 2020 жылдың Абай жылы болып жарияланғандығын еске салды.

Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлу заманауи қазақ әдебиетінің негізін салған Абай Құнанбайұлы түркітілдес халықтардың рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының ел болуына ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер екендігін баса айтты.

Кештің ашылу салтанатында хакім, ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын Түркияның төрінде бірге атап өту үлкен мәртебе екенін тілге еткен Вице-министр Е.Рамазанов, Абай атамыздың «Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу» деген сөздеріне тоқтала отырып, бірлесе тарихымызды, мәдениетімізді сақтау, дамыту және насихаттаудың маңызына баса назар аударды.

Игі басқосу барысында сөз алған Елші А.Сапарбекұлы «Руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық болмысымыздың айнасы саналатын ұлы ойшыл мұрасының бауырлас Түркияда ерекше дәріптеліп жатқаны – біз үшін үлкен қуаныш» - дей отырып, еліміздің саяси және экономикалық дамумен тең руханияттың дамуына да үлкен маңыз беретініне тоқталды. Ұлы ақын, ұлт поэзиясының кемеңгері Абай қазақ тарихында өшпес із қалдырғанын тілге тиек еткен Елші А.Сапарбекұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ххі ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы «қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді» деген сөздеріне тоқтала отырып, ұлы ғұламаның өнегелі мұрасын зерделеудің маңызына тоқталды.

Алқалы кештің жалғасында Түркия Президенттік симфония оркестрі сүймелдеуімен Қазақстанннан Зарина Алтынбаева, Талғат Мұсабаев, Қырғызстаннан Телек Найманбаев, Шахимардан Абилов, Клара Туленбаева, Молдовадан Игорь Подгореану, Өзбекстаннан Феруза Юсупова, Түркиядан Левент Гүндүз, Серкан Коджадере және Әзербайжаннан Элеонора Мустафаева, Илхам Назаров Абай атамыздың музыкалық мұрасын орындады. Осылайша талантты өнерпаздар ұлы ақынның «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» және т.б. шығармаларымен жиналған қауымды тәнті етті.

Сондай-ақ түбі бір түркі жұртының ортақ «Трт Аваз» телеарнасы салтанатты концертті бейнеге түсіріп, 350 миллиондық көрерменге тамашалау мүмкіндігін берді.