• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Ақпан, 2020

Күріш қалдығынан көмір алған ғалым

1019 рет
көрсетілді

Абай жылында бастаған ғалымтану бағытындағы «Ғылым таппай мақтанба» атты жобамызды мұнай шламынан (қалдығы) қайтадан мұнай және күріш қауызы мен сабанынан белсендірілген көмір алған ғалым Нұрбол Аппазов туралы таныс­тырумен жалғастырмақпыз.

Күріш қауызынан белсендірілген көмір алу идеясы Нұрбол Орынбасарұлына 2017 жы­лы Португалияға барған сапарынан ке­йін келіпті. Бұған дейін белсендірілген кө­мір әдетте тек ағаштан ғана алынатын. Ал пор­тугалдықтар әртүрлі органикалық, оның ішінде өсімдік қалдықтарынан бел­сен­­­дірілген көмір алумен айналысады. Отан­дық ғалым осы тәжірибені өзі туып-өскен және еңбек ететін Сыр өңі­рін­дегі күріш қауызы мен сабанынан жас­ап көруді қолға алды. Елге келгеннен соң көп ізденді. Оңтүстік-Шығыс Азия елдері де дәл осы әдіспен күріш қауы­зы­­нан белсендірілген көмір алады екен. Қазақ­станда да іске асырғандар бар. Бірақ күріш қалдықтарынан алынған бел­сен­дірілген көмір қасиеті жағынан ағаш­тан алынғаннан нашар келетін көрі­не­ді. Өйт­кені күріш қалдықтарының ағаш­қа қа­ра­ғанда тығыздығы төмен. Осы мәсе­ле­ні шешу үшін зерттеуші тағы да терең іздене түсіп, күріш қалдықтарынан алына­тын көмірдің тығыздығын арттыру жолын тапты. Бұл ретте оған өз өңірінде еш пай­даға аспай жатқан мұнай қалдығын қосу туралы ой көмектесті. Мұнай қалды­ғын күріш қалдықтарымен араластырып, сығып, ағаш сияқты тығыз күйге келті­ріп барып белсендірілген көмірге айнал­дырғанда шетелдік мамандардың немесе Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің ғалымдары әзірлеген өнімі­нен кейіп­керіміздің белсендірілген көмірі қа­сиеті, яғни зиянды заттарды бойына сіңіріп алу жағынан жоғары сапалы болып шықты. Осы жұмыс барысында 3 бірдей патентке қол жеткізді. Алғашқысы күріш қауызы мен мұнай шламын бірге өңдеу (со-термолиз) әдісімен белсендірілген көмір алу; екіншісі күріш сабанынан белсендірілген көмір алу; содан соң күріш сабаны мен мұнай шламын бірге өңдеу әдісі бойынша ғылыми ізденістерін патенттеді.

Қаладағы Биотазалау стансасы кәріз құбыр­ларынан жиналған нәжісті сүзіп алып, суын көлшікке апарып құяды. Ғалым өзінің жұмыс тобымен бірге сол көл­шіктегі су құрамын зерттеді. Тұрғын­дар әжетхананы түрлі химиялық заттармен жуады, тазартады. Ғалым химиялық заттар құрамына қосылған, бойына тараған суды өзі жасаған белсендірілген көмірмен (сабан мен мұнай шламы араласқан түрі) тазартты. Сонда өнертабысының 1 килосы 1000 литр суды тазарта алатын күшке ие екеніне көз жеткізді. Лас суды ауыз су дең­гейіне дейін тазартуға болады екен, бірақ кейіпкеріміз химик болғандықтан су­дың тек химиялық құрамын зерттеумен шектелді.

Қалай болғанда да ғалымның бір ба­ғыт­­тағы зерттеуі бірден екі өзекті мәсе­ле­ні шешіп отыр. Ғалымның айтуына қа­рағанда, Қызылорда облысы жылына 500 мың тонна күріш өндіреді және дәл осын­шама мөлшерде қалдық қалады. Ал оны өртегенде ауаға қаншама зиянды заттар тарайды. Мұнай қалдығын өр­теуге, көмуге болмайтындықтан жай ғана резервуарларда сақтап отыр. Міне, құр жатқан қалдықтарды, ауаны ластайтын мұнай шламын да, күріш сабаны мен қауызын да кәдеге жаратуға болады. Яғни, кәріз суларын тазартуға, медицинада, күнде­лікті тұрмыста және бағалы метал­дар өндірісінде кеңінен қолданылатын бел­­­сендірілген көмір алынатынын дә­лел­­­деді. Қажетсіз қалдықтан пайдалы өнім шығарып қоғамға, адамзатқа, эко­но­­­микаға, экологияға қаншама есе пайда кел­­тіріп, игі іс істеуге болатынын көр­сет­­ті.

Бұл жобалары Ғылым комитетінің 27 млн теңгеден аса қаржылай қолдауымен зерт­теліп, патенттелгені болмаса, өкінішке қарай, әлі өндіріске енгізілмеді. Алдағы уақытта кейіпкеріміз кәріз суларын және басқа да өндіріс орындарының қалдық суларын тазалау бойынша ұсыныстар бермек.

Дегенмен, кейіпкеріміздің Ғылым қо­ры­нан 430 млн теңгеге қар­жы­лан­ды­ры­лып, өндіріске енгізілген жобасы да бар. Бұл – мұнай шламынан қайтадан мұнай алу технологиясы. Мұнай алу, дайын­дау, өңдеу кезінде 1-1,5 па­йыз мөл­шерінде мұнай шламы түзіледі. Мұнай шламы дегеніміз – мұнай мен су, тұздың бір-бірімен бөлінбей қалған қойыртпақ, қара түсті болып келетін қоспасы. Ешкім оны қазір өңдеумен айналыспайды. Өйткені оның шығыны мұ­найды өңдеуге кететін қаржыдан асып түседі. Ғалым өзінің жұмыс тобы және бизнес-әріптесімен бірігіп осы жұ­мыс­тың шығынсыз әдісін іске қосты. Бұл үшін кейіпкеріміз бастаған топтың жал­ғыз талабы бар: мұнай шламындағы мұ­найдың мөлшері 20 пайыздан төмен бол­мауы керек. Әр өндіріс орнынан шы­ға­тын мұнай шламының мөлшері, құрамы әр­түрлі. Мәселен, «Құмкөл» кен орнын­да жинақталған мұнай шламындағы мұ­най­дың мөлшері – 30 пайыздан жоғары, өңдеу тиімді. Ғалым өзінің зерттеу тобы, бизнес-әріптесі мен мұнай компаниясымен серіктестікте жүргізілген жұмыстың нәтижесінде күніне 5 текше метр мұнай шламын өңдейтін қондырғы ойлап тапты. Осы жаңа технологиямен Германияда жасалған қондырғыны ғалымның студент, магистрант, жас ғалым деңгейіндегі шәкірттері өндіріске енгізу бағытында белсене жұмыс істеп жатыр.

Нұрбол Орынбасарұлы бүгінде өзі бі­лім алған Қорқыт ата атындағы Қызылор­­да мемлекеттік университеті жа­нын­­да­ғы Химиялық зерттеулер және техно­логия­лар институтының директоры қыз­­­метімен ЖОО-ның Ғылыми жұ­мыс­тар және халықаралық байланыстар жө­нін­дегі проректоры міндетін қоса атқа­рып жүр. Еңбегі де еленіп, 2010 жылы талантты жас ғалымдарға арнал­ған мемлекеттік ғылыми стипендияны, «Қазақстан Республикасының үздік оқы­ту­­шысы – 2016» грантын иеленді және Қа­зақстан ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін берілетін төсбелгімен марапатталды. Кейіпкеріміздің монография, оқу құралдары, шетелдік және отандық беделді ғылыми басылымдардағы ма­қа­ла­лар, халықаралық ғылыми конференция материалдары түріндегі 230-ға жуық ғы­лыми еңбектері жарық көрген, оның ішінде өнертабыс, инновациялық, пайдалы модель түріндегі 40 патенті бар. Сондай-ақ ол – химия ғылымдарының канди­да­ты, профессор, Ұлттық инженерлік ака­де­мия­сы­ның корреспондент-мүшесі.