Дүние жүзінде ғалымдар жұмысының нәтижесі, көрсеткіші олардың рейтингі жоғары халықаралық журналдарда мақала жариялауымен және еңбегіне өзге зерттеушілердің сілтеме беру санымен де өлшенеді. Біздің ғалымдар да осы талапқа барынша бейімделіп, белсенділік танытып келеді. Соңғы уақытта ғалымдар рейтингінің өскені тиісті ведомство тарапынан жиі айтылып жүр. Шынында солай ма? Анығы базасында 3800 ғылыми журнал бар, әлемдегі ең ірі «Elsevier» ғылыми компаниясының Орталық Азия бойынша директоры Әлия ОСПАНОВАДАН сұрадық.
– Қазақстандық ғалымдардың ғылыми мақала жариялаудағы қазіргі деңгейі, қарқыны қандай?
– Қазақстан – Орталық Азия елдерінің ішінде ғылыми жағынан соңғы уақытта бірден дамып келе жатқан елдердің алғашқысы. Мысалы, қазақстандық ғалымдар әйгілі журналдарда Беларусь зерттеушілерінен екі есе көп ғылыми мақала жариялап жүр. Сондай-ақ «Science direct» платформасындағы қазақстандық авторлардың материалдарына 146 мемлекеттің қолданушылары сілтеме жасаған. Scopus мәліметтер базасының статистикасы бойынша да қазақстандық ғалымдардың ғылыми жұмыстары саннан бұрын сапа жағынан көп өскен. Бұл – жетістік. Бірақ осындай үлкен серпіліс екінші жақта ғылымды қаржыландыру секілді күрделі мәселелерді тудырды. Өйткені ғылыми еңбек әлемдік ғылыми ортада мойындалып, беделді журналда жарияланғанымен, өндіріске енгізілмесе, пайдасы болмайды. Ал бұл қаржылық қолдауға тәуелді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев пен министрлігіміздің осыған ерекше көңіл бөлгені қуантады.
– «Elsevier» қазақстандық ғылымды дамыту және ғалымдарды қолдау бағытында нақты қандай жұмыстар жүргізіп жатыр?
– Қазақстан ғылымын бәсекеге қабілетті ету – компаниямыздың басты мақсаты. Бұл үшін ғалымдардың маңызды мақалаларды жариялауына күш салуымыз қажет. Білім және ғылым министрлігі қазақстандық ғалымдар үшін ұлттық жазылым жасап жатыр. Демек, елдегі барлық ЖОО мен ғылыми институттарының қызметкерлері, сондай-ақ кітапхана оқырмандары біздің журналдарды тегін оқи алады. Бұл өте маңызды. Себебі біздің басылымдарда дүние жүзіндегі 196 Нобель лауреатының 195-і мақаласын жариялайды. Яғни, әлемдегі ғылыми жаңалықтың тұсауын кесетін алпауыт алаң деуге болады.
Екіншіден, компаниямыздың Қазақстанға салған инвестициясы зор. Себебі Қазақстан – біз үшін Орталық Азиядағы маңызды нысан. Қазіргі таңда біліктілігі жоғары 8 тренерді жұмысқа алдық. Олар арқылы елдегі әр университетке, оның ішінде өңірлердегі ЖОО-ларға өз аяғымызбен барып, танымдық курстар өткізу жұмысын қарқынды түрде жалғастыруды көздейміз.
– Scopus журналдарындағы біздің ғалымдардың рейтингі қандай?
– Қазақстандық ғалымдардың рейтингі сапа жағынан 4 есе өсті, бірқатар сала бойынша алда келеді. Мәселен, «Science direct» платформасында Айымгүл Керімрайдың экология саласындағы рейтингі жоғары, ол әлем елдеріне әжептәуір танылып қалған. Ветеринария саласында Қазақстан көрсеткішін алға жетелеп келе жатқан Қайсар Табынов бар. Сонымен қатар әлеуметтік, гуманитарлық ғылым саласында да дүниежүзілік мықты зерттеушілермен иық тіресе алатын авторлар жетерлік. Олардың ішінде Гарвардтың Еуразиялық ғылыми мектебін басқарып жүрген Наргиз Қасенованы ерекше атауға болады. Бұдан бөлек Қазақстан генетика, химия-биология, медицина саласындағы ғалымдардың жетістігімен де мақтана алады.
Дегенмен, мәселе де жоқ емес. Ғалымдарымыз, неге екенін білмеймін, Scopus-қа мақала беру ақылы деп ойлайды және еңбегін жариялату әлдебір компанияның ғана қолынан келеді деп есептейді. Мен өзім университеттерді аралағанда ең алдымен студенттерден «Scopus-қа материал шығарту қанша тұрады?» деп сұраймын. Олар 200-300 доллардан бастайды. Содан соң «Мақаланы қанша мерзімде жазған жөн?» деймін. 1 ай немесе одан да көп уақытты айтады. Негізі мақала жариялау тегін, сондай-ақ автор Scopus сайтына кіріп, араға ешбір компанияны араластырмай, журналдарға өзі өтінім бере алады. Бұған қоса сапалы зерттеу мақаланы 1 айда жазып шығу мүмкін емес. Бұл 3-6 ай ішінде жазылады. 1-2 жылға дейін созып алатындар да бар, онда бұл жаңалық болмай қалады.
– Сіз әлгінде Scopus-қа мақала берудің тегін екенін айттыңыз. Бірақ ғалым базадағы кейбір журналдарға жариялату үшін ақша төлеуі тиіс қой?
– Өте орынды сұрақ. Өйткені ғалымдар дәл осы тұста көп шатасады. Біріншіден, Scopus-та 23 мыңнан аса журнал бар. Олардың 80 пайызына мақала жариялау тегін. Бірақ «Elsevier» базасына жазылымы жоқ елдердің, мысалы, Түрікменстандағы ізденушілер мен оқырмандар сол автор тегін жариялаған мақалаларды жүктеуге ақша төлейді. Ал қалған 20 пайызы «Open access» журналдарына жатады. Бұл басылымдарға материалын тапсырған автор расымен де ақы төлейді және оның сомасы қымбат, 2 мың доллардан басталады. Бірақ бұл қаржы мақаланың міндетті түрде жарияланатынына кепілдік бермейді. Сондай-ақ, ең маңыздысы, ақшаны тек рецензиялаудан кейін ғана төлеу керек. Себебі өтпей қалу қаупі 70 пайыздан жоғары. Дегенмен, мақала жарияланған жағдайда бұл аты айтып тұрғандай, барлық оқырманға ашық дереккөз болып есептеледі. Сондықтан ондағы материалмен кез келген адам таныса алады. Екі бағыттағы баспа да өз шығынының орнын толтырып отыр. Мәселе – оның біреуі автордан, екіншісі оқырманнан алатынында ғана. Сондай-ақ ақша төлеу-төлемеу де тиісінше автордың өз еркінде. Яғни, ол мақаласының қалтасынан ақша төлеп оқитындарға ғана қолжетімді болғанын қалай ма, әлде еңбегімен бүкіл әлемнің тегін танысуы үшін ақша салуды жөн көре ме – өзі шешеді.
Негізі «Open access» моделі Еуропа елдерінде көп тараған. Себебі ондағы ғалымдардың материалын жариялауға жұмсалатын қаржыны арнаулы қорлар өз мойнына алады. Мұндай елдер ғалымдарының еңбегін әлемге әйгілеуді көздейді.
– Scopus тізіміне кіретін 5 қазақстандық ғылыми журнал бар екен. Бірақ олардың ешбірі қазақтілді емес. Неліктен?
– Бұл – енді журналдың таңдауы. Сіз айтқан 5 журналдың бәрі әлемді ортақ байланыстыратын ағылшын тілінде шығарылады. Ақиқатында Scopus-та 42 тіл бар. Бірақ қай тілде шығару баспаның, басылымның еркінде. Ал Scopus талабы бойынша мақаланың тақырыбы, абстракт, тиянақты сөздері мен қолданылған әдебиеттері ағылшын тіліне аударылуы керек, ал қалған мақала мазмұны автор қалаған тілде болуы мүмкін.
– Жақында отандық ғалымдардың мақалалары қоқысқа айналғаны туралы ақпарат тарады. Соның себебін ашып айтыңызшы?
– Біз Scopus тізімін ұдайы тексерістің нәтижесінде үш ай сайын жаңартып отырамыз. Басында біздің талаптарды толығымен орындап, қатарымызға қосылғанымен, кейбір журналдар жұмысын бизнеске айналдырып жібереді. Яғни, ғалымдардан ақша алып, біздің талапқа сай келмесе де кей мақалаларды басады. Мұндай басылымдар ғалымдар арасында «жыртқыш журналдар» деп аталады. «Жыртқыш журналдар» «Мақаланы жариялау ақылы немесе делдал болатын компанияларсыз бастыра алмаймын» дейтін танымдық білімі таяздау және жеңіл жолмен ақша беріп, тезірек бастыртуды қалайтын ғалымдарды «аулайды». Ал Scopus сол басылымды өз тізімінен шығарғанда, онда жарияланған авторлардың еңбегі қоса қоқысқа кетеді.
– Ғалымдарымыз әлемдік деңгейде болуы үшін не істеуі керек? Халықаралық маман ретінде кеңесіңізбен бөліссеңіз.
– Ең алдымен ғалымдарымыз өз еңбегін тегін жариялау мүмкіндігінің маңызын түсінгені жөн. Егер сіздің ғылыми жұмысыңыз жемісті болса, сізге атақ пен ақша өздігінен келеді. Ал еңбек еленуі үшін ешкімге керексіз, қоғамға пайдасы жоқ нәрселерді емес, өзекті мәселелерді шешетін тақырыптарға бару қажет. Біздегі зерттеушілердің көбіне тән қателік – өз еңбегінің жемісі пайдалы болатын-болмайтынына оған кірісерде емес, бітіргенде ғана бас қатыратынында. Уақытты өлтіріп, күш-қуатын сарқып болғаннан кейін, ең соңында анықтайды. Нәтижеге, игі іске еңбек еткен абзал және ғалымдар басылымдар мен олардың компаниясымен тікелей байланысуға дағдылануы керек. Сондай-ақ авторларымызға «Scopus – тегін» деген сөзді санасына сіңіріп, әбден жаттап алуға кеңес беремін.