Жалпы алғанда, республикада жыл сайын 38 мың тонна қой жүні өндіріледі. Оның ішінде 7 мың тоннасы биязы, 4,4 мың тоннасы жартылай биязы және 20,6 мың тоннасы қылшықты жүн. Яғни, Қазақстанда негізінен жартылай қылшықты және қылшықты жүн өндіріледі деген сөз. Ал биязы және жартылай биязы жүнді импорттауға тура келеді.
Мәселен, 2018 жылы импорт көлемі 296 тоннаны құрады, бұл 2017 жылғы деңгеймен салыстырғанда 43 пайызға жоғары. Дегенмен де мемлекет тарапынан тоқыма өнеркәсібіне қажет биязы жүн алынатын жартылай биязы және биязы жүнді қой түрлерін өсіруге ынталандыру жоқ.
– Бізде қазір заманауи түрленген өндіріс бар, олар осындай шетелдік озық кәсіпорындармен бәсекеге түсе алады. Өкінішке қарай олардың өндірістік қуаты 40-50 пайызды ғана құрайды. Бұл ретте, Мемлекеттік серіктестікті қаржыландыру бағдарламасы аясында іске асырылған, жуудан бастап өнімдерді дайындауға дейінгі жүннің түрлерін (түйе, қой және ешкі жүндері) қайта өңдеудің барлық өндіріс циклі қамтылған «Caspiy Lana Atyrau» тоқыма кәсіпорны 2015 жылы іске қосылған болатын. 100 пайыз қазақстандық өнім өндіретін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын жабылудың алдында тұр. Мемлекеттік органдардың арасында байланыс болса және Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөнінде толық және анық картинаны білсе, мұндай жағдай орын алмас еді, – дейді Үкімет жетекшісіне депутаттық сауал жолдаған сенатор Ғұмар Дүйсембаев.
Жалпы алғанда бүгінде елдегі жеңіл өнеркәсіп саласында 1 030 кәсіпорын бар, оның 96 пайызы шағын кәсіпорындар, жалпы жұмыскерлерінің саны 11 мың адам. Дегенмен де жасыратыны жоқ, қой жүнін өңдеу мәселесі талай жылдан бері көтеріліп, әбден айтылып, жауыр болған мәселе. Бірақ еш нәтиже болмай тұр.
– Себебі қой жүнін өңдеудің заманы өтті, сұраныс аз, – дейді бізбен әңгімесінде ауыл шаруашылығы саласының белгілі маманы, «Ұлттық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков. – Біз нарық заманында өмір сүріп жатырмыз. Бұрын қазақы қойлардың жүні қайда кетуші еді? Жүнге ең көп сұранысты кеңес әскері беретін. Солдаттар шинелінің бәрі осы қой жүнінен басылатын еді. Одан мемлекеттің өзі шаруалар үшін киіз басатын, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлар қызметі пайдаланатын. Қазір ондай сұраныс жоқ. Жүн өндіру экономикалық жағынан да тиімді емес. Далада жүрген қойды қырқу, оны қайта өндіру саласына жеткізу үшін жол шығынының өзіне біраз қаржы кетеді. Сондықтан жүн өңдеу мәселесі өте қиын. Әлем елдері ішінде қой шаруашылығы, оның ішінде қой жүнін өңдеу саласы дамыған ел – Аустралия. Он сегізінші ғасырдан бері солай болып келеді. Кезінде дүниежүзі бойынша өндірілетін жүннің 10 пайызы Аустралияға тиесілі болатын. Соның ішінде ең сапалы мутон деген жүн бар. Аустралия осы мутонның 50 пайызын өндіретін. 1980 жылдары сән өзгеріп, табиғи киімдердің саудасы жүрмей қалғаннан кейін қой жүніне деген сұраныс азайды. Сол кезде Аустралия қойшылары қатты дағдарып қалды. Не істеу керек? Бұл ауыл шаруашылығымен көгеріп отырған мемлекет. Мамандар әбден зерттеу жүргізді. Енді соншама қойды тиімсіз деп қырып тастауға болмайды ғой. Халыққа қандай жұмыс тауып беру керек? Содан марқаның етімен айналысамыз деген шешімге келіп, «Ойбай, марқаның етінің холестерині аз, денсаулыққа өте пайдалы» деген жарнама қаптап кетті. Соның нәтижесінде марқа етіне деген сұраныс көбейді. Марқа етінің қадірін қазақтар да бұрыннан білген. Ата-бабаларымыз осыдан үш-төрт ғасыр бұрын «Марқа туғаннан кейін қар түспей сатып жіберу керек. Қарды көрген марқа пайдасын өзі жей бастайды» деп айтқан. Сондықтан кейде біз сиыр етімен емес, осы марқаның етімен айналысуымыз керек пе деген де ой келеді. Менің есептеуімше, Қазақстан экспортқа 100-150 мың тонна марқаның етін шығара алады.
Иә, Қазақстанда ет экспорты енді-енді қарқын алып келе жатыр. Жүн өңдеу де өз алдына бір сала, заман қаншалықты өзгерсе де биязы жүнге де сұраныс жоқ емес. Сондықтан жүн өңдеу өндірісін және жүн өнімдерін дайындауды дамыту үшін алдымен жартылай биязы және биязы жүнді қой түрлерін өсіруді қолға алу керек. Ал әзірге қазақы қойдың жүні өртеп жіберуден басқаға жарамай тұрғаны өкінішті-ақ... Сонда киіз басудың заманы шынында өткені ме, қалай өзі?