Диас Досқараев шетелде білім алуына байланысты Қазақстан теннис Федерациясының вице-президенті қызметінен кетті, деп хабарлады ҚТФ баспасөз қызметі.
Досқараев теннис федерациясындағы мансап жолын 2011 жылы «Team Kazakhstan» Академиясының басқарушысы ретінде бастаған. Кейіннен атқарушы директор болып жалғастырды, ал 2016 жылдан бері Федерация вице-президенті қызметін атқарды.
Ел ішілік және бірқатар халықаралық ірі турнирдің бірнеше дүркін чемпионы атанған танымал қазақстандық теннисші кәсіби бапкер ретінде де айтарлықтай үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Алты жыл бойы Дэвис Кубогы мен Федерация Кубогында ұлттық құраманың капитаны болды.
«Федерацияда қызмет атқарған жылдар менің әрі тұлға, әрі кәсіби басқарушы ретінде қалыптасуыма үлкен әсерін тигізді. Дәл осы жерде менің мансабым қарқынды ілгері жүріп, басқарушы ретінде өстім. ҚТФ Президенті Болат Өтемұратовқа алғысым шексіз. 2011 жылы қарапайым бапкер болған кезімде маған сенім артып, дарынды жастарды дамытуға бағытталған Федерацияның ең маңызды жобасы – «Team Kazakhstan» Академиясын басқаруды тапсырды. Кейіннен Болат Жәмітұлы бүкіл қызметім барысында кеңес беріп, бағыттап тұрды, тиімді басқаруға және биік нәтижелерге қол жеткізуге дағдылады. Ол менің нағыз ұстазым болды, оның мол тәжірибесі мен жоғары беделі әрдайым дұрыс басқарушылық шешімдерді қабылдауға көмектесті. Мен ұлттық теннистің қарқынды дамуына атсалысқанымды мақтан тұтамын және жақын болашақта әлем теннисінде жаңа жұлдыз туып, Қазақстанның Үлкен Дулыға турнирінде өз чемпионы болатынына сенімдімін», дейді Д.Досқараев.
Сонымен қатар Болат Өтемұратов Диас Досқараевқа атқарған қызметі үшін алғысын білдіріп, оның жұмысқа деген құштарлығы мен берілгендігін, сондай-ақ, Қазақстанда теннис саласының ауқымды дамуына, халықаралық деңгейде қалыптасуына зор үлес қосқандығына өз ризашылығын білдірді.