Ярослава Шведова теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының ойыншы-бапкері атанды. Бұл туралы теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Ұлттық құраманы басқару ұсынысын теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтан қабылдау – мен үшін үлкен құрмет. Бұл – өзімді жаңа бағытта, яғни әрі капитан, әрі ойыншы ретінде сынап көруге керемет мүмкіндік. Сонымен қатар бұл үлкен жауапкершілік, сол себептен мен Федерация басшылығы артқан сенімді ақтау үшін барымды саламын», дейді Ярослава Шведова.
Отандасымыз аздаған үзілістен соң биыл үлкен спортқа қайта оралып, жуырда ғана Бельгияда өткен Федерация Кубогының іріктеу кезеңіне қатысқан-ды. Шведова «Үлкен Дулыға» санатындағы Уимблдон және US Open-2010 турнирінің жұптық санатта жеңімпазы, сондай-ақ бес рет ірі доданың финалисі атанды (төртеуі – жұптық санатта, біреуі – миксте). Сонымен қатар WTA санатындағы жалпы саны 15 турнирдің бас жүлдесін олжалаған (оның біреуі – жекелей санатта).