Қазақстан Республикасы Президентінің латын негізді қазақ тілі әліпбиін жетілдіруге қатысты тапсырмасына және экс-Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бекіткен «Қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі әліпбиін жетілдіру бойынша 2020-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі өңірлерде жоғары және арнаулы оқу орындарының филолог ғалымдары мен оқытушыларының арасында ағымдағы жылы 14 ақпанда ашық талқылау өткізу туралы ұсыныс берген болатын.
Осыған орай бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен қазақ әліпбиіне қатысты ашық талқылау өтті. Онда латын графикасындағы қазақ әліпбиінің өзгертілген нұсқасы талқыланды. Жиынға Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Еуразия гуманитарлық институтының, М.С. Нәрікбаев атындағы қазақ гуманитарлық заң университетінің, Көлік және коммуникация колледжінің, Гуманитарлық колледждің ғалымдары мен білікті мамандары, мектеп мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері қатысты.
Қалада өткізілген ашық талқылаудың қорытындысы Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанынан құрылған жұмыс топтарының кеңейтілген отырысына ұсынылады.