• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Ақпан, 2020

Студенттер дұрыс тамақтана ма?

1706 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары елімізде студенттердің тамағы мен мектептердегі ас мәзіріне қатысты әлеуметтік зерттеулер жүргізіп жүрген ұйым­дар бар. Бұл бастамалар толыққанды статистика демесек те, толайым пайымдар жасауға негіз бола алады. Мәселен, Ал­ма­­тының жоғары оқу орындары мен колледж студенттері ара­сын­да жүргізілген сауалдама нәтижелері дұрыс тамақтануға жүр­дім-бардым қарамау керектігін кезекті рет дәйектеп отыр.

 

Мысалы, ЖОО студенттерінің 46 пайызы күніне тамаққа 500-1000 теңге жұмсайтынын мәлімдесе, кол­ледж студенттерінің 42 пайы­зы осы шамада азықтанады. 1000-2000 теңге аралығында ЖОО-лар­­да 38 пайызы, колледжде 41 па­йызы тамақ іше алады. Уни­вер­си­тет­терде күніне 2 мың тең­ге­ден жоғары сомаға ас іше­тін­дер – 16, колледжерде – 17 пайыз. Және сауал­дамаға қатысқан студенттер ата-аналарымен тұра ма, әлде жа­тақ­ханада тұра ма, бұл да ескерілген.

Енді осы сандардан-ақ сту­дент­­тердің жартысына жуығы аш­құр­сақ жүретінін аңғару қиын емес. Табыс тауып отырған ересек­тер қауымы күніне 500-1000 теңгеге шам­а­мен не сатып алуға болатынын болжай алады. Тек түскі астың өзіне күніне орта есеппен 1200 теңге кетеді. Өсіп келе жатқан жас ағза уақтылы, кемінде үш мезгіл тамақтануға тиісті болса, онда денсаулықты сақтау меже­сі алыст­ай түсетіні аян.

Сондықтан да ЖОО студент­терінің 37 пайызында, кол­ледж­де­гілердің 29 пайызында асқазан-ішек жолдарында кінәрат табы­лып қана қоймай, емделіп, ауруханаға жатып шыққан. Тіпті ЖОО сту­дент­терінің 54 пайызы, колледж студенттерінің 66 пайызы тамақ­тан уланған.

Аурудың аз дегенде 60 пайызы астан болатынын қарапайым тілмен түсіндіріп шыққан Қазақ тамақтану академиясының пре­зи­­денті, академик Төрегелді Шар­ма­нов:

– Ұлт денсаулығын сақтауда жас­тардың дұрыс тамақтана білуін жастайынан қалыптастыру, наси­хат­тау ұсақ-түйек емес. Бұл мем­ле­кеттік деңгейде ұдайы зерт­те­ліп, бағамдалып отыратын іс болуы қажет. Әйтпесе неге АҚШ сияқ­ты ішіп-жемі жеткілікті елде та­мақ­тану мәселелерін зерттейін 40 бірдей ғылым-зерттеу орталығы бар? – дейді.

Қазақ тағамтану академиясын­да өткен жиында еркін әңгіме жүрді. Студенттер мен журналис­тер академик Төрегелді Шар­ма­­новқа, «Аман-саулық» ҚҚ президенті, дәрігер Бақыт Тү­ме­но­ва мен AlmaU универ­си­тетінің оқы­тушысы Гүлнар Әсемқұловаға кезе­гі­мен сауал қойды.

«Біз жиі ауырамыз. Себебі ден­сау­лы­ғы­мызға немқұрайлы қараймыз. Әлем­де бәрі тез өзгеріп, өмір ар­на­­сы біздерді де өзгертуде. Сон­дықтан дені сау, табысты болып, ұзақ әрі белсенді өмір сүру үшін өз өміріңді жақсы арнаға бұру ке­рек. Ал біздің міндетіміз – жас­тар­ды дұрыс тамақтануға дағ­ды­лан­ды­ру», дейді Төрегелді Шар­манов.

Сонымен зерттеу жүргізу ісіне AlmaU университетінің 1-курсында оқитын 21 студенті тартылған. Жо­баның далалық іс-шаралары 2019 жылдың 25 қыркүйегі мен 25 қарашасы аралығында өтіп, оған AlmaU, ҚазҰУ, АЭЖБУ, ЕЮА, КНТУ, ҚазХҚӘТУ және ҚАУ, Тұран, АМЖТ колледждерінің сту­дент­тері қатысқан. Барлығы 1049 респондент сұралып, сауалдамаға 652 ЖОО студенті және 397 колледж студенті тартылған.

Және бір назар аударатын жайт, әлеуметтік сауалдамалар жүр­­гізген студенттерді басқа оқу ор­ын­дары кіргізгісі, жолатқысы ке­л­­меген. Көпшілігі күмәнмен қарап, олардың зерттеулеріне кә­дім­гідей кедергілер келтірген.

– Оқу орындарында әлеу­мет­тік зерттеулер жүргізген кезі­міз­­де біраз қиындықтарға тап бол­дық. Студенттер мұндай сауал­да­­маларға немқұрайлы қарады. Кү­­ніне тамаққа қанша ақша жұм­сай­­тын­дарын айтқысы келмеген жастар жиі жолықты. Бұл істі жүргізудің маңыздылығын түсіндіріп отыру оңайға түскен жоқ, – дейді студенттердің өздері.

Шындап келгенде, алыс облыстардан келіп, жоғары білім алып отырған жастар азық-түлікке ақшалары тапшы екенін ашып айтуға намыстанған, ұялған десе де болады. Ал мұның бәрін осы әлеуметтік сауалдаманы жүр­гіз­ген Алматы Менеджмент уни­вер­си­тетінің студенттері алға тартты.

Әлеуметтік зерттеудің ең ма­ңыз­­ды тұсы пайдалылығы тең­ше­­л­ген ас мәзіріне құрылып, рес­пон­денттерге қандай тағамды жиі қолданатындарын көрсету ұсы­­нылған.

Жоғары оқу орындарының сұ­рал­­ған студенттерінің 31 пайызға жу­ығы және колледждердің сұ­рал­ған студенттерінің 24 пайызы денсаулықтарындағы кінәраттар дұрыс тамақтанбағандықтан бол­ға­нын мойындайды. Бұл ретте ЖОО студенттерінің 69 пайызы, колледж студенттерінің 56 пайызы медициналық көмекке жүгінген. Тамақтануға байланыс­ты ең көп таралған мәселелер қата­рында улану, гастрит, асқазан жарасы, панкреатит, аллергия, тері бөрт­пелері бар.

Ал енді ЖОО мен колледж­дерде дұрыс тамақтануды наси­хат­­тауға қатысты ақпараттық жұ­­­мыс­тар жүре ме деген сауалға ЖОО студенттерінің 72 пайызы, кол­­ледждегілердің 74 пайызы «жоқ» деп жауап берген.

«Пайдалылығы теңшелген тамақ жастардың денсаулығын қа­лыптастыруда маңызды фактор болып табылады. Алынған мәліметтер студент жастардың дұрыс тамақтанбауға байланыс­ты барлық қауіп факторла­рын жете бағаламайтынын көр­се­те­ді. Алматы студенттерінің көп­шілігінде асқазан-ішек жол­да­­рының проблемалары бар. Көп­ші­лігі гастрит, асқазан жарасы, панкреатит, тері бөртпелері және аллергия сияқты ауруларға тап болған. Біздің физикалық денсау­лы­ғы­мыз, өмір сүру ұзақтығы, им­мунитет және зат алмасу жай-күйі саламатты тамақтанумен ті­ке­­­­­лей байланысты. Ересек жаста ден­саулықтың ауыр проблемаларын болдырмау үшін бұл туралы бүгін ойлану қажет. Сондықтан Қазақстанның барлық оқу орындарында дұрыс тамақтануды насихаттайтын ақпараттық жұ­мыс­ты жүйелі түрде жүргізу қажет деп есептеймін», деді Бақыт Тү­ме­нова.

«Осыдан 10 жыл бұрын адам өлімінің 80 пайызы жұқпалы емес аурулардан болатын. Қазір бұл көрсеткіш 82-88 пайыз арасында тұр. Оның 55 пайызы жүрек-қан тамырлары аурулары, 18 пайызы онкологиялық аурулар, қалғаны қант диабеті мен өкпе аурулары. Жүрек қан тамырлары, диабет, май басу бала кезден басталады. Студенттік кезеңдер туралы айт­пай-ақ қояйық. Инфаркт, ин­­сул­ьт, диабет, атеросклероз жа­са­­рып барады. Артық салмақ, май басу көрсеткіші де солай. Қант­ты екі есе көп тұтынамыз. Төре­­гелді Шарманұлы қайталап айт­­қанды жақсы көретін сөз бар: «қант дегеніңіз – ақ, тәтті, ток­син­дік, қатерлі у». Қант сияқ­ты қатты, трансмайды да екі есе көп тұтынамыз. Мұның бәрі фаст-фудтарда, кондитерлік өнім­дерде, нан өнімдерінде көп кез­де­се­ді. Жастарда көп таңдау жоқ, сон­дық­тан пайда мен зиянға қа­ра­май тұтына береді. Сол сияқты тұзды да 4 есеге жуық нормадан артық пай­да­ланамыз. Міне, осының бәрінен кейін әлгі жүрек-қан тамырлары аурулары, диабет, өзге де қатерлі аурулар қайдан шықты деуге болмайды», дейді Қазақ Тағамтану академиясының профессоры, ғылым докторы Шәміл Тәжібаев.

ДДҰ дұрыс тамақтану мәсе­ле­сін адамзат үшін ең басты, шешуші фак­тор деп қарайды. ДДҰ мәліметі бойынша әлемде 500 млн адам аштық жағдайда екен, жыл сайын 8 млн бала дұрыс тамақтана алмағандықтан, яки жұқпалы аурулардан шетінейді.

Не десек те, ауру-сырқауға ду­­шар ететін факторлардың ішін­де 60-80 пайызы дұрыс та­мақ­та­н­бағандықтан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметі бойынша, Еуро­па­да 65 жастағы адамдардың 12 па­йызы тек дұрыс тамақтанбау сал­дарынан қайтыс болады.

АҚШ-та тамақтану мәселесін дұрыстау арқылы жүрек-қан­ та­мыр ауруларынан болатын өлім-жітімді 2/3-ге азайтуға қол жет­кіз­ген.

Алиментарлық аурулар, та­ғам­­­ға тікелей байланысты аурулар қатарына –  инфаркт, инсульт, ате­­р­о­склероз, қантты диабет, се­міз­­дік, анемия, зоб, обырдың кей­бір түрлері жатады.

Жыл сайын 30 млн (яғни 23,8%) бала кемтар болып туа­ды. Нәруыз (протеин) же­тіс­пеу­­ші­лігінен 5 жасқа дейінгі 150 млн бала зардап шегіп отыр. Йод жеткіліксіздігінен 740 млн адам дертті жағдайда жүреді. А ви­та­ми­ні жеткіліксіздігінен 5 жасқа де­йінгі 2,8 млн баланың көзі нашар көреді. Темір тапшылықты ане­миямен ауыратындар саны (ТТА) – 2 млрд. Семіздікке 300 млн ересек адам және 17,6 млн бала шалдыққан. Обыр (қатерлі ісік) ауруына шалдыққандар саны – 10,3 млн адам.

Жер бетінде егде тартқан жан­дар­дың 540 миллионға жуығы нашар тамақтанады. Сүйектің бор­кеміктенуі, яғни остеопорозбен 2 млн адам ауырады екен, демек, бұл ортан жіліктің, ұршық, омыртқаның сынуы деп біліңіз.

Қорыта айтқанда, бүгін ас мәзіріне мән бермеген, өз ден­сау­лығына жүрдім-бардым қара­ған жастардың барлығы да келешекте нау­қас болады, дейді соңғы жылдары осы әлеуметтік зерттеулерді жүр­гі­зіп келе жатқан «Аман-саулық» қо­ғамдық қорының өкілі.

 

АЛМАТЫ