Қаншама жанның көңіліне ауырлық салмағын түсірген Қызылағаштағы су тасқыны жұрттың есінде көпке дейін қалары анық. Десек те, мұндай апаттың қайтып келмеуін тілеген еліміз азаматтары жер-жерден көмек қолын созуда. Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан көрсетіліп жатқан көмек солардың бір шоғыры.Жақында құрамында түрлі мәдени орталықтардың өкілдері бар Қазақстан халқы Ассамблеясының делегациясы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылына арнайы атбасын бұрып, ондағы халықтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Ассамблея өкілдерінің айтуына қарағанда, материалдық көмек акциясын өткізуді еліміздің барлық республикалық және діни этномәдени бірлестіктері, облыстық достық үйлері өкілдері түгелдей қуаттаған. Материалдық көмек акциясын ұйымдастыру кезінде қызылағаштықтарға түрлі азық-түлік өнімдерін, жылы киімдер мен балаларға қажетті оқу құралдарын үлестірді. Бұған қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері зардап шеккен жандарға 8 млн. теңге көлемінде қаржылай жәрдем көрсетті.
Қызылағашқа жасаған арнайы сапар кезінде делегация облыс басшылары мен жергілікті атқарушы билік өкілдерімен кездесіп, су тасқынынан зардап шеккен аймақты қайта қалпына келтіру жұмыстары жөнінде әңгімелесті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.