• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Ақпан, 2020

Мемлекеттік қызметті электронды түрде көрсету артып келеді

361 рет
көрсетілді

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан департаменті басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев жуырда 2019 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап және жаңа жылдағы жоспарлардың орындалу барысы туралы журналистерге брифинг берді.

Ж.Жұмабаевтың айтуына қарағанда мемлекеттік қызметкерге лайық емес теріс қылық бойынша қызметтен кеткендер 2018 жылмен салыстырғанда былтыр 45% -ға азайған. Осының арқасында кадрлық тұрақтылықты сақтау көрсеткіші жақсарып келеді. Оның 2019 жылғы орташа өтілі 4 жылдан 4 жыл 6 айға өскен. Өңірде мемлекеттік қызметтегі әйел адамдардың саны басым екені байқалып отыр. Барлық 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметшінің 63,6% нәзік жандылар.

Есептік жылы мемлекеттік қызметке орналасуға жарияланған 1078  конкурстың 813-і, яғни 75% төменгі лауазымдарға қызметкерлер қабылдау үшін жарияланған. Барлығы 1816 азамат тестілеуден өтіп, үміткерлердің 80% қажетті білім деңгейін көрсете алғаны қуантады. Сонымен бірге былтыр 1794 мемлекеттік қызметші қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өткен, бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 117 адамға көп.

Өткен жылғы мемлекеттік қызметтегі айрықша жаңалықтардың бірі - президенттік жастар кадрлары резервін жасақтау болды. Еліміздің барлық өңірінен 13 мың жас бұл додаға қатысып, 300-і іріктеліп алынса соның ішінде 9 солтүстік қазақстандық бар. Бұл әрине аздау, бірақ болашақта жастар арасындағы белсенділікті арттыру бағытында жұмыс істелетін болады. Қазір конкурстан өткен бір солтүстік қазақстандық жас азамат облыс әкімдігінде басқарма басшысының орынбасары лауазымында қызметін бастап кетті.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнамалар және әдеп кодексі талаптарының сақталуы жіті бақылауға алынған. Бұл мәселемен өңірлік Әдеп жөніндегі кеңес белсенді жұмыс жүргізеді. Өткен жылы 2018 жылмен салыстырғанда заңнама және әдеп талаптарын бұзған мемлекеттік қызметшілер саны 3 есеге азайған.

Заң бұзушылықтарының алдын алу және азаматтардың өтініштерін қарастырған 43 тексеріс жүргізіліп, 16 ұсыным жасалды. Өтінішпен келген азаматтардың 58%-ның бұзылған құқы қорғалды.

Департамент қызметінің бір бағыты - көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын қадағалау. 2019 жылы жалпы саны 4,4 млн. мемлекеттік қызмет көрсетілген, бұл 2018 жылғыдан 200 мыңға артық. Соның 82,9% электрондық түрде жасалған.

Қазіргі таңда тізімге сәйкес 694 мемлекеттік қызмет көрсетудің 608-і электрондық нысанда қолжетімді, бұл 87,6%. Электрондық үкімет порталын қолдану дағдыларына үйрету үшін жүйелік кесте жасалып,  825 сабақ өткізіліпті. «Соның арқасында электронды қызметті қолдана алмайтындар саны  2018 жылмен салыстырғанда былтыр екі есеге азайған. Департамент осы бағыттағы жұмыстарды биыл да жандандыра түсуді көздеп отыр», деді Жанат Жұмабаев өзінің сөзінде. Кіріспе сөзін аяқтаған соң ол журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы