Жаңа оқу жылында 536 адам Назарбаев Университетінің дайындық бағдарламасына (Foundation) түсті. Бұл туралы жоғарғы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.
«2013 жылы 536 талапкер Назарбаев Университетінің Университет алдындағы бағдарламасының тыңдаушылары болады. Бұл үміткерлер Назарбаев Университетіне оқуға қабылдау емтихандарының барлығын ойдағыдай тапсырды», - делінген хабарламада.
Мәліметке сүйенсек, қабылдау емтихандарын ең төменгі оқуға түсу талаптарына сай тапсырған талапкерлердің саны 800 адамды құраған. Ал өткен жылы мұндай талапкерлердің саны 600-ден асса, одан бұрынғы жылы 500-ден сәл ғана асқан екен.
«Оқуға түсушілер арасында ең танымал болып табылатындар Инженерия мектебі және Ғылым және технологиялар мектебі, бұл мектептерде оқуға қабылданғандардың 43%-ы оқитын болады, талапкерлердің қалған 14%-ы Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебіндегі мамандықтарды таңдады», - делінген баспасөз парақшасында.
Оқуға қабылданған үміткерлердің көп бөлігі Астанадан, Алматыдан және Шығыс Қазақстан облысынан келген. Ең аз болған Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері.
Төртінші оқу жылы Назарбаев Университеті студенттерінің жалпы саны 2100-ден астамды құрайды. Осы білім ордасында Foundation, бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша 250 оқытушы мен профессорлар білім береді.
Сәкен Майлыбай.