Дәл осылай аталған айрықша көрме Чехиядан Алматыға келді. Көздің жауын алатын сан алуан кәдесыйлар кәдімгі шыныдан жасалды дегенге сену қиын. Түрлі формада қалыпталып, әйнекпен әшекейленген әсем туындылардың тасасында шыны шеберінің толағай еңбегі жатыр.
Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында өзінің отыз туындысының тарихын жіпке тізген Иржи Пачинек кәсіби білігімен бөлісті. Есімі халықаралық деңгейдегі заманауи көркемдік шыны өндірісінің көшбасшысы ретінде аталатын автордың Цвиков, Линдав, Кунратице қалаларында шыны зауыттары бар. Ол өз қолтаңбасында ыстық әшекейлермен үйлесетін металл ысқырығы арқылы әйнекті үрлеудің дәстүрлі чех әдісін қолданады.
– Пачинектің Алматыға әкелген көрмесі флора мен фаунаның экзотикалық мекендеушілері бейнеленген авторлық туындылардан тұрады. Шыны шебері жеке шығармашылық әлемін жасай отырып, онда сұлулық пен үйлесімділікті жариялау арқылы шынайы әрі ойдан шығарылған мекендеушілерді бедерлеген. Мұнда – саваннаның тәкаппар мекендеушілері – зебра, бегемот, бұқа қызықты қиял гүлдерімен табиғи түрде толықтырылған. Олардың үстінен жарқырап көрінген ашық түсті көбелек, ағаш діңіне өрмелеген кесіртке, көкке қанатын керген айбынды қыран, әсем қоқиқаз, сұлу тотықұс өнер иесінің қиялындағы таңғажайып бақтың көркін ашып тұрғандай. Олардың арасындағы жалғыз мүйіз бейнесі шынайы арманның көрінісі ретінде пайда болады, – дейді көрме жетекшісі Екатерина Резникова.
Дәстүрлі чех шыны мектебінің айбынын танытатын өнер жәрмеңкесін Нұр-Сұлтандағы Чехия Республикасының Елшілігі мен Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі бірлесе ұйымдастырып отыр. Туындыгердің көркем шыныдан жасаған бұйымдары халықаралық деңгейдегі ірі қонақүйлерде өзінің лайықты орнын алған. Шыны зауытында әр елден келген жас шыны жасаушыларды осы өнерге үйрететін 12 шебер жұмыс істейді, олардың арасында қазақстандық студенттер де бар.
Есте болса, «Шыны бағы» көрмесінің бірінші бөлімі өткен жылдың қазанында Елордада шымылдығын түрген болатын. Шараның ашылу рәсіміне қатысқан Чехия Республикасының Елшісі Рудолф Гикл атап өткендей: «Көрме – Қазақстандағы Чехия Елшілігінің алғашқы ірі мәдени жобасы, оның мақсаты Чехия Республикасынан құнды да әдемі өнер туындыларын ұсыну әрі қазақстандықтарға бұрыннан таныс чех шыны шеберлігін тереңнен ұғынуға мүмкіндік жасау».