Соңғы уақытта облыс орталығындағы жолаушылар тасымалымен айналысатын «Қызылорда автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметіне сын көп айтылып жүр. Осыдан 7 жыл бұрын құрылған серіктестік жұмысына көңілі толмайтындар маршрутты көліктердің уақытымен жүрмейтінін, демалыс күндері сирек қатынайтынын, кейде жүргізушілер мен кондукторлардың жолаушыларға дөрекі мінез танытатынын айтады.
Сауалдама сан мәселе көрсетті
Жолаушылардың жүйкесін жұқартқан мәселеден облыс билігі де хабардар. Көлік қызметіндегі қордаланған проблемаларды анықтау үшін жуырда облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Ақпараттық-талдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мамандары сауалдама жүргізіпті. Әлеуметтанулық сұрауға қатысқандар қоғамдық көлік қызметінің сапасы мен бағасына, жүргізушілер мен кондукторлардың біліктілігіне, аялдамалардың ыңғайлылығына қатысты ойларын білдірген.
Сұрау нәтижесі қала тұрғындарының басым көпшілігі қоғамдық көлікті күнде пайдаланатынын көрсетті. Көліктер санына байланысты пікір екіге жарылып тұр, 44,3 пайыз респондент оның жеткілікті екенін айтса, 55,8 пайызы бұл пікірді жоққа шығарған. Автобустардың жүру жиілігіне көңілі толып, жақсы баға бергендер – 38 пайыз. Респонденттердің жартысы аялдамада көлікті көп күтпейтінін айтқан, ал сауалдаманың бұл тұсын «нашар» және «өте нашар» деп белгілегендер 15 пайыз болып тұр.
Жалпы, сауалдамаға қатысқандардың жартысына жуығы бұл сала қызметіне көңілі толмайтынын білдіріпті. Олар жолаушы тасымалымен айналысатындардың жұрт таңертең жұмысқа, кешке үйге асыққан мезгілде бір-біріне жол бермей жарысып, қауіпсіздік талаптарын сақтамайтынына, көз байлана сап тыйылып, демалыс күндері сирек қатынайтынына наразы.
Осыған байланысты серіктестікке барып, басшылармен тілдестік. Жолаушылардың жанайқайына байланысты олардың да айтары аз емес екен.
Шығыны көп шақырымдар
Осыдан 7 жыл бұрын облыс әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында несиелік келісімшартына қол қойылып, соның негізінде келер жылы серіктестік шетелдік автобустар ала бастады. Қазір несиеге алынған осы 92 автобустың он екісінің тозығы жетті. Ал 80 автобус маршрутта жүр.
Автобус паркі басшылығы әлі күнге дейін 2013 жылы сызылған маршруттық сызбамен жұмыс істеп келе жатқанын айтады. Ал одан бері қала аумағына жаңадан 14 шағын аудан қосылды. Жеке секторлар да әжептәуір ұлғайды. Ондағы тұрғындарды «ауданың сызбада жоқ» деп сыртқа тағы тебе алмайсың. Амал жоқ, соңғы аялдаманы қолдан созуға тура келеді, осыдан келіп көліктің жолы ұзарады. Мысалы, темір жол вокзалынан шығып, қаланы көктей, іргедегі Сабалақ саяжай учаскесін жанай өтіп, әуежайға жетіп тоқтайтын №30 автобустың күнделікті табатыны 18 мың теңгенің шамасы. Ал жүргізуші айлығын, жұмсалатын май-суын, амортизациясын есептегенде бір күндік шығыны 42 мың теңгенің үстіне шығып отыр.
– Маршрут рентабелді жұмыс істеуі үшін бір бағыттың ұзақтығы 20-22 шақырымнан аспауы керек. Бұдан артып кетсе, шығының көп, пайдаң аз болады. Ал бізде қазір бір бағыт 38 шақырым болып отыр. Осылай есептегенде әр автобус күніне 250-300 шақырым жол жүреді. Әрине мұндай жүрістен темір де тозады, – дейді автобус паркі директорының орынбасары Қанат Рахметов.
Осы күні қала ішінде 25, ал маңайындағы ауылдарға 8 маршрут қатынайды. Ал олар уақтылы жүріп отыруы үшін шамамен түрлі сыйымдылықтағы 500 көлік керек. Тек қала ішіндегі бағыттардың өзіне 150 маршрутты көлік жетіспей тұр. Осыдан да көліктер аялдамаға өз уақытынан кешігіп келіп жатады. Осы парктен шығатын автобустарда GPS-бақылау жүйесі бар. Олардың қайда жүргені алақандағыдай көрініп тұрады. Бірақ автобус паркімен келісімшарт негізінде жұмыс істеп жатқан орта және шағын сыйымдылықтағы көліктерді қадағалау қиындау. Жолаушының жүйкесін жұқартатын мәселенің біразы осы жеке тасымалдаушылар тәртібіне байланысты болып отыр.
Қала әкімдігі маршрутты жол сызбаларды оңтайландыру бағытындағы автобус паркінің ұсынысын қолдады. Мемлекеттік сатып алу тәртібімен жүретін бұл бастама аясында жеңімпаз компания жолаушылар легіне қарай бағыттар сызбасын жасап, аялдамалардың да орнын белгілеуі тиіс.
Тиімдісі – электронды билет
Билет демекші, Қызылорда жолақысы қымбат өңірлер қатарында тұр. Осыдан 3 жыл бұрын қоғамдық көлік жолкіресі ересектерге 90, мектеп оқушыларына 40 теңге болып белгіленген. Қазір соны электронды билетке алмастыру бастамасы қолға алынды. Осыған байланысты былтыр облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жариялаған конкурста алматылық «Alem Pay» компаниясы жеңімпаз болып танылып, жақында тестілік режімде жұмыс барысын көрсетті. Олар осы айдың соңына дейін қоғамдық көліктердің бәріне тиісті қондырғы орнатып шығады.
– Ең тиімдісі осы, – дейді директордың орынбасары. – Электронды билет жүйесіне өтсек күніне қай бағытта қанша жолаушы тасымалданғаны нақты-ланады, соған байланысты қанша көлік керектігі де анық бола түседі. Орта және шағын сыйымдылықтағы көліктерге қатысты көп мәселе де осы электронды билет енгізілгеннен кейін шешімін табуы тиіс.
Мекеме басшылығы қосымша көліктер алу үшін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына техникалық-экономикалық негіздеме ұсыныпты. Басқарма ұсынысты қарап, енді тиісті орындардың келісімін алуға жібереді. Осыдан кейін бюджет қаржысын үнемдеу есебінен паркке жаңа көліктер алынады. Былтыр облыс бюджетінен серіктестікке 209 млн теңге бөлінді. Жалпы, мекеме басшылығы жыл аяғына дейін 13 автобус алуды жоспарлап отыр. Сонда ғана саладағы түйткілдің тіні босап, жолаушыға жасалар жағдай жақсара түспек.
ҚЫЗЫЛОРДА