Дәл осы уақыттарда Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шаһар тұрғындарымен есептік кездесуі өтіп жатыр. Дәстүрлі жүздесу алғаш рет 3200 адамға арналған «Халық Арена» көпсалалы орталығында өтуде.
Осылайша мегаполистің барлық тұрғындары әкімнің есеп беру кездесуіне қатысып, өз сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік алды. Кездесу басталғанға дейін қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма басшылары мен қалалық мәслихат депутаттары азаматтарды қабылдады. Қабылдау есептік кездесуден кейін де жалғаспақ.
Алматының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері бейнероликте көрсетілді. 2019 жылдың 9 айында ЖАӨ 4,8%-ға өсті. Өткен жылы Алматыда 47 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Құны 96 млрд. теңге болатын жаңа 88 бизнес нысаны ашылды. Өнеркәсіп – 4,5%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үй – 4,8%, құрылыс – 3,4%, бөлшек сауда – 12,1%-ға өсті. 500 шақырымнан астам инженерлік желілер салынды. 73 шақырым жол құрылысы аяқталып, 47 шақырым суару арықтары қайта жөндеуден өтті. 300 мың тұрғынды қамтитын 670-тен астам аула жөндеуден өтіп, екіден астамы енгізілді. Қаланы абаттандыруды қамтамасыз ету мақсатында 320-дан астам көшені жарықтандыру, 287 шақырым су және кәріз, 150 шақырым электр, 20 шақырым жылу желісі және 130 шақырым газ жүргізу бойынша жұмыстар атқарылды. Жалпы 47 шақырым арық жөнделіп, 670-тен астам аула салынды. 2,1 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Бүгінгі есеп беру кездесуі Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Мемлекет басшысы Қ.Ж Тоқаевтың «Тыңдайтын мемлекет» қағидатының жалғасы ретінде жүргізіліп отыр.
Бақытжан Сағынтаев қала әкімі лауазымына тағайындалған сәттен бастап әр аудан тұрғындарымен екі реттен кездесу өткізген.
Тамыз айында барлық аудандарда өткен кездесулердің бірінші циклі кезінде 3,5 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты. 880-ге жуық сұрақ қойылды. Соның 123-іне кездесу барысында тікелей түсініктеме берілді. Іс жүзінде әрі ұйымдастыру шараларын қабылдауды талап ететін 756 мәселе бойынша әрбір ауданда іс-шаралар жоспары құрылды. Олардың орындалу нәтижесі бойынша тұрғындар мәселесінің 40%-ға жуығы қанағаттандырылды, 40%-дан астамына түсініктеме берілді. Көтерілген мәселелердің 20%-ын шешу үшін уақыт қажет. Өйткені сумен жабдықтау, жолдарды жөндеу, абаттандыру, проблемалы жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстарын жүргізу қажет.
22 қарашадан Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың барлық сегіз ауданның тұрғындарымен кездесуінің екінші кезеңі басталды. Оған шамамен қала тұрғындарының 3,8 мыңы қатысты. Шамамен 460 алматылықтан 785-тен астам сұрақ қойылды. Кездесу қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді шешу үшін іс-шаралар жоспары бекітіледі. Абаттандыруға, коммуналдық және инженерлік инфрақұрылымға қатысты өтініштер шешімін тапты. Қала тұрғындарының өтініштерінің арқасында қалалық бюджетінің баптары қайта қаралды
Атап айтқанда, қаражат сыртқы жарықтандыру желілерін салуға бағытталды. Бұл жұмысты келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ таяудағы екі жылда қосылған ықшам аудандардың тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын аяқтау, жүздеген шақырым жаңа жолдар салу, аулаларды абаттандыру міндеті қойылды.