• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Ақпан, 2020

Алматылық жастар үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы әзірленді

221 рет
көрсетілді

Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Halyk Arena көпсалалы кешенінде өтіп жатқан тұрғындармен есептік кездесуінде мәлімдеді.

Әкімнің сөзінше, жұмыс істейтін жастарға арналған бағдарламалар жүйелі түрде іске асырылуда. «Біз жаңа «Алматы жастары 3.0» бағдарламасын әзірледік. «Алматы жастары» жаңа тұрғын үй бағдарламасының бірегейлігі төмен пайыздық мөлшерлеме болып табылады. Яғни, 13 млн теңгеге дейінгі қарыз жылдық 5% жеңілдікпен берілетін болады», деді Б. Сағынтаев.

Бағдарлама бойынша несиені қайтару мерзімі 3 жылдан 25 жылға дейін төлем қабілеттілігі бойынша жеке есептеледі. Бастапқы жарна – 10%. Бұл бағдарламаға әкімдік 10 млрд теңге, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 3 млрд теңге бөлді. Қатысушылардың бастапқы және қайталама тұрғын үй бағдарламасын сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Қала әкімі бағдарламаның мақсаты аудиториясы – бюджеттік саланың жас қызметкерлері (35 жасқа дейін) екенін атап өтті. Олар мұғалімдер, дәрігерлер, ЖОО оқытушылары, мәдениет, спорт саласының өкілдері, журналистер мен ғалымдар. Жалпы, Алматы 8,4 мың көппәтерлі тұрғын үй қоры бар елдегі ең ірі мегаполис.  Тұрғын үй кезегі жыл сайын өсіп келеді. Бұл жалпы мегаполистің тартымдылығына байланысты. Бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде 25 533 азамат тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 мың адамға артық. Өткен жылы 3162 мұқтаж тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Соның ішінде көпбалалы 520 отбасы және балалар үйінің 114 түлегі бар. Сонымен қатар 2019 жылы жұмыс істейтін 1050 жасқа жалға берілетін пәтерлердің кілттері табысталды. Жалпы, 2020 жылы 3 810 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Олардың ішінде мыңға жуық пәтер «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша, 1300-ден астам пәтер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге асырылады.

Қала әкімдігінің негізгі міндеттерінің бірі – адамдарға жайлы тұрмыс ортасын құру. Осыған байланысты Алматыдағы ескі тұрғын үй мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда 81 ескі үйді бұзу және 700-ге жуық отбасын жаңа әрі жайлы пәтерлермен қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылған.