• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 20 Ақпан, 2020

Балаларға күрделі операция жасалды

586 рет
көрсетілді

Елімізде жыл сайын остеосар­комаға шамамен 15 шақты жас­өспірім шалдығады. Барлық ос­теосаркоманың 50%-дан астамы тізе буынына жақын орналасады. Осы күндері Алматыдағы Пе­диатрия және балалар хирур­гиясы ғылыми орталығында балалардағы остеосаркомаға бі­регей күрделі оталар жасалды. Остеосаркома – сүйектің сирек кездесетін қатерлі ісігі. Қатерлі дерт көбіне 10 жастан асқан балаларда жиі кездеседі.

Соңғы жылдары сүйек ісігі ке­зінде жо­ға­ры мөлшерлі химио­тера­пия енгізу арқылы басқа ор­гандардың метастаздануы төмендеп, науқастардың өмірі ұзарды. Бұл көп жағдайда (90%-дан астам) зақымданған аяқтарды сақтауға мүмкіндік берді. Яғни, осы аталған патологиясы бар балалардың кейбір асқынған жағдайларды қоспағанда, аяқ-қолдарын іс жүзінде кеспейді.

Ал остеосаркомамен емдеудің жаңа әдіс­терін енгізу тиімділіктің әлемдік нәти­желе­ріне жақын­дауға мүмкіндік беріп отыр.

«Педиатрия және балалар хирургия­сы ғылыми орталығында балалар мен жас­өспірімдердің сүйек саркомасы кезінде эндо­­протездерді қолдану арқылы аяқ-қолдарды сақтап қалу үшін 2012 жылдан бері ота жасалады. Орталықтың заманауи модуль­дік эндопротездерді сатып алу мүмкіндігінің және қарқынды жоғары мөлшерлі химиотерапияны қолданудың нәти­жесінде органсақтаушы ота­ларды жасаудың мүмкіндігі арт­ты, сон­дай-ақ балалардағы остео­сар­команы біріктіріп емдеу нәти­желері де жақсарды. Атап айтқанда, онкологиялық эндопротездер ортопедиялық протездерге ұқсас емес, ерекше мегапротез­дер болып табылады. Қазіргі таңда хирургиялық емдеудің осы түрі остеосаркомаға шалдыққан ба­ла­лар­дың 90%-дан астамына жасалады. Бұл өз кезегінде баланың әлеуметтік бейімделуі мен оның өмір сүру сапасының жақсаруына мүмкіндік береді», дейді күрделі отаны жасайтын онкохирург, балалар онкологиясы бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Бахрам Жұмаділлаев.

Аяқ-қолды сақтай отырып емдеу аяқ­талғаннан кейін жалпы сауы­ғып кету жағ­дайы елімізде 70%-ды құрайды. Бұл остеосаркоманы зерт­теу жөніндегі халықаралық муль­тиорталықтар нәтижесінің деректеріне сәйкес келеді.

Cоңғы 5 жыл ішінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орта­лығында ірі буындарды эндопротездей отырып (тізе, иық, жамбас), остеосаркомасы кезінде 45 орган сақтау отасы жасалды. Бірегей операциялардың нәтижесінде балалардың аяқ-қолдары сақ­талып қана қоймай, олардың өмір сүру сапасы да жақсарды. Бү­гінде олар өздерінің құрбы-құрдастарымен бірге мектепке барып, университетте оқып, түрлі қызметте жұмыс істейді. Тіпті спортпен айналысып, жаттығу залдарына, бассейндерге барып, ел қатарлы өмір сүреді.

 

АЛМАТЫ