Кеше Қызылжар қаласындағы С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Әл-Фарабидің 1100, Алтын Орданың 750 және ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойларына арналған орталық ашылды.
Солтүстік қазақстандықтар бұл мерейтойларға жерлесіміз, жазушы Сәбит Мұқановтың биыл толатын 120 жылдығын да қосып қойыпты. Әттең осы қатарға Смағұл Сәдуақасовтың да биыл болатын 120 жылдық мерейтойын қосқанда - төрт құбыламыз тең қамтылғандай екен.
Орталықтың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жергілікті өлкетанушы, ғалым Зарқын Тайшыбай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің доценті Қайырбек Кемеңгер, ОҚМУ-дің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сейдехан Әлібек және тағы басқалары сөйледі.
Ақын Ұлықбек Есдәулет өзінің сөзінде Әл-Фараби еңбектерінің адамзат үшін қаншалықты маңызды екендігін, Аристотельдің көптеген еңбектерін араб әлеміне таныстарған сол екенін, оның қазақ даласындағы Отырар қаласында туып-өскенін, сондықтан да Әл-Машани оның қазақстандық екенін дәлелдегенін, бірнеше ақын-жазушылар оған өз шығармаларын арнағанын, соның ішінде жазушы Әнуар Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» деген роман жазғанын жиналғандарға айтып берді. «Жақында ұлы ғалымның тағы да үш еңбегі табылды. Әл-Фарабидің ұлылығы сонда, оның өз заманында көтерген кейбір мәселелері бүгінгі күні де өзекті болып отыр, Мысалы, оның «қайырымды қала» тұжырымы», деді ақын. Сонымен бірге ол қазақ тарихының әлемге танылуы тереңдеп бара жатқанын атап өтті. Алтын Орда мәселесіне тоқталғанда Ұ.Есдәулетов «Алтын Орда ақындары» деген жинақтың шығатынын жеткізді. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына республика көлеміндегі дайындық барысында қандай шаруалар атқарылатыны да айтылды. Соның ішінде оның еңбектерін халыққа кеңінен насихаттау мақсатымен осындай орталықтардың жаппай ашылып жатқанын айтты. «Абай – ақыл-ойымыздың аспаны. Оның «Бес асыл іс пен адамзаттың бес дұшпаны» туралы айтқанын кез келген елдің Конституциясына жазып қоюға болады», деді ол. Сонымен қатар Ұ.Есдәулет Сәбит Мұқановтың 120 жылдығы туралы да өзінің ойын жеткізді. «Өткен ғасырдың 70-ші жылдары 16 том болып шыққан толық шығармалар жинағы қазір сирек кездесетін дүниеге айналған. Соны қайта қарап, цензура қысқартқан жерлерін қайта қосып, кемінде 20 том етіп, қайта бастыруға болады. Оған Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі көмек қолын созса – нұр үстіне нұр болар еді», деді Жазушылар Одағының төрағасы.
Ғалым Зарқын Тайшыбай өзінің сөзінде Абайтануға өз тарапынан қосқан үлесі туралы баяндады. Абайдың өзінің қолжазбасы мүлде қалмағанын, бізге жеткен сөздерінің көбі әдеби хатшысы Мүрсейіттің қолымен жазылғандар ғана екенін айтқанда оны біле бермейтін көптеген оқырмандар таң қалғандарын жасырмады. «Абайдың шығармаларын, барлық қолжазбаларын жандармдар үйін Шәймерден Қосшығұловтың хатына байланысты екінші рет тінткенде сандығымен бірге алып кеткен. Бұл 1903 жылғы оқиға. Ұзақ тексеріп, Абай өлеңдері мен сөздерінен өкіметке қарсылық жасау туралы үндеулер табылмаған соң қолжазбаларды қайтару туралы шешім қабылданады. Сөйтіп, сандық поштамен Ертістің бойымен Омбыдан Семейге жеткенше айлар өтеді. Сол екі ортада ұлы Абай да дүниеден өтіп кеткен. Ал орыстың поштасы өздерінің заңына сәйкес оған берілуге тиісті сандықты ешкімге қайтармаған. Сөйтіп, оның қайда қалғаны белгісіз. Біз алдымен соны табуға міндеттіміз», - деді ғалым.
Орталықтың ашылу салтанатында осындай қызықты деректер де айтылды. Жиынды белгілі қоғам қайраткері, жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменов жүргізіп отырды.
ҚЫЗЫЛЖАР