Солтүстік Қазақстан облысында желдің қатты күшеюімен бірге жолдың көктайғаққа айналуы қаупі зор болып тұр.
Қай күнде қатты болатын ақпанның бораны биыл тіптен ашулы. Ауа райы күрт өзгерген уақытта оқыс жағдайларды болдырмау үшін тәртіп сақшылары және төтенше жағдай қызметкерлері жол қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге тығыз байланыста жұмыс істеуде.
Боран қаупі болуы себепті алыс жолға шығудан бас тарту туралы ескертулер мен ұсынымдар SMS-хабарламалар мен әлеуметтік желілер арқылы жаппай жіберіліліп жатыр. Бірақ облыс тұрғындарының кейбірі бұған қарамай жолға шығып, қар құрсауында қалып қоюда. Соның бірі Ғабит Мүсірепов ауданының 55 жастағы тұрғыны Сергей Тарасов. Ол кешкісін Тахтаброд ауылынан Новоишимское селосына бара жатқан. «Екатеринбург-Алматы» тас жолындағы Рузаевка ауылының маңында боранның құрсауына түсіп, алға жүруге мүмкіндігі болмай, тұрып қалады. Осы жерде Сергей Тарасов басқа азаматтардың қауіпсіздігін ойлап, смартфонына бейнеүндеу жазып алып, өз тарапынан жерлестеріне өзіне төнген қауіпті көрсете отырып, жолға шығудың қауіпті екенін ескерткен. Айналасы бір сағаттың ішінде оның үндеуі солтүстікқазақстандық және Ақмола облысының чаттарында тарап кетті.
Осы ауданның Полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Айдос Ідірісовтің айтуына қарағанда 18 ақпан күні қар құрсауынан 6 фура, 6 «КамАЗ», 10 жеңіл көлік пен 2 «Газель» автокөлігі шығарылған. Жүргізушілер мен жолаушылардың біршамасы Рузаевка селосындағы қонақүйге, қалғандары лицей жатақханасына орналастырылды. Барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Ал Жамбыл ауданында патрульдік полицейлер мен төтенше жағдай қызметкерлері Қытай Халық Республикасының азаматына да көмек көрсеткен. Боранның болатынын айтқан ескертулерге қарамай жолға шыққан 32 жастағы Джан Сяобо «Renault Duster» автокөлігімен Нұр-Сұлтан қаласынан Қайранкөл ауылына шығып кеткен. Жолдағы «Украинское» селосына 5 километр қалған жерде оның көлігі қалың қарға кептеліп, өте алмай қалған. Сақшылар мен құтқарушылардың, жергілікті атқарушы органдардың күшімен арнайы техника жұмылдырылып, қытайлықтың көлігі қардан шығарылды. Джан Сяобо да бейнежазба түсіріп, өзіне көмек көрсеткендерге шын жүректен алғысын айтты.
Өңірде ақпан ақырып, боран әлі де тыншымай тұр. Облыстың ПД бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев ауа райының қолайсыздығына байланысты жеке құрамға қала сыртындағы жолдарды тәулік бойы бақылауды және көмекке мұқтаж азаматтарға жедел түрде қол ұшын беруді тапсырды. Басты мақсат – боран салдарынан ешкімнің зардап шекпеуін қамтамасыз ету.
Солтүстік Қазақстан облысы