Алматыдағы ең жайлы уақыт мамыр-маусым айлары. Күн аса ыси қоймайды, таудағы қар да тақыр-таза еріп кетпейді. Қазір жауған жаңбырдың суы жерге қазір сіңіп кетіп жатады. Күннің қызуымен таудың салқын лебі араласып, барша табиғат хош иісті қоңыржай ауаға молынан кенеледі.
1921 жылдың 8 маусымы да тап сондай жанға жайлы мамыражай бір күн болып еді. Су тасыса әдетте шілде-тамыз айларында тасиды. Сондықтан сел болады-ау деген қауіп ешкімнің ойында жоқ. Қарағай шайырының иісі аңқыған үйлерде қала тұрғындары терең ұйқыға бас қойған.
Олардың арасында ұйықтай алмай, көзін бір ашып, бір жұмып серейіп қырдың қазағы Байсейіт те жатыр. Көз алдына күндізгі көрген көріністер қайта-қайта келе береді. Қалтасындағы орамалға түйілген ақшаны да сыртынан қайта-қайта сипап-сипап қояды. Таңертең айдап әкеліп, базарға шығарған қызыл тайыншасы өтпей-өтпей әрең өтті.
Қызыл тайыншаның ақшасын қалтасына басып алып, кете қалса да кімнің не шаруасы бар. Бірақ бала-шағасына алам деп келген киім-кешегі мен қант-шайын алып болғанша күн кешкіріп кететінін білді. «Алдыңа түн емес, күн салып жүр» дейтін әкесінің сөзін басшылыққа алды. Жерастынан қорсылдаған дыбысты естіп, ұйықтай алмай ендігі жатысы мынау. Осы үйге келер жолда:
– Калай, Алма-Ата мынау ма? – деп бас бармағын көрсетті жез мұртты мұжық.
Оның Алма-Ата деген сөзге мән беріп айтқанына таңғалып, бетіне қараған. Анау да сырттан қыдырыстап келіп, қонаға қалып қойып жүрген қазақтардың қолайына жағып, көңілін тауып үйреніп алған екен. Мұртын бір жыбыр еткізді де, мұның неге таңырқағанын бірден түсіне қойды. Бір жағы бұған әсер ететінін біліп, Алма-Ата деген сөзді әдейі қадап айтқан да секілді.
– Бұдан былай Верный емес, бұдан былай – Алма-Ата, – деді дайын жауабын алдына тоса қойып. – Солай... Биыл мын тогуз жуз жиырма бир жыл... Сен ұмытпа... Жана жыл келди, бир ай отти, Верный Алма-Ата болды.
– Әй, оны қыста өзгертпеді ме? – деді Байсейіт одан өзінің де хабардар екенін аңғартып. – Мені дүниеден мақұрым дейсің бе?
– Айтып тургам жок па, жана жыл келди, бир ай отти, – деп быдықтады жез мұртты мұжық бірінші бір саусағын, содан соң екі саусағын көрсетіп. – Екинши айда, февральда озгертти.
– Бірақ біз бұрыннан Алматы дейміз, – деді бұл ананың соншама бәдіктенгеніне намыстанғандай. – Алма-Ата деп аузыңды аңқайтып тұрмайсың ғой.
– Сеники дұрыс, оники де дұрыс, – деген жез мұртты мұжық тағы да екі саусағын шошайтты. – Ревком Алматы деп озгертти. Еки күн отти. Олай болмайды деди. Алма-Ата кылды.
– Неге өйтті екен? Сендердің тілдерің келмейді деді ме?
– Кызык айтады сен.
Өздерінің сөздеріне өздері күлді. Екеуінің де бір-біріне зияны жоқ адамдар. Жүректері не дейді, соны айтады. Біреудің біреу аузындағы сөзін жұлып алып па.
Қырынан жатқан Байсейіт жайсызданып, арқасына аунап түсті. Астындағы ағаш кереуеттің мық жасалғаны сонша, бір жері сықыр еткен жоқ. Қарағайдан шебер қиюластырып салынған үйі де көтеріңкі екен.
Жез мұртты мұжықпен базар жағалап келіп танысқан. Мойнына «Жалға пәтер берем» деген тақтайша іліп алыпты. «Мынаусы дарға асылатын адамдікі сықылды екен» деп ойлады ол. Мұқтаж адамдар мақау болса да ұғынысады. Мұның екі ауыз орысшасы мен оның екі ауыз қазақшасы еркін түсінісуге кең-молынан жетті.
– Сен анда бар, – деді жез мұртты мұжық бүгіңкі саусағымен жан-жағын айнала көрсетіп. – Мен мұнда тұрам. Базар біткенде кел. Екеуміз кетеміз. Үй бар, тамак бар. Атына да шөп бар.
Байсейіт қайда барсам да өзім білем дегендей бір теткіді де, өздері тұрған жерді белгілеп алып, базар аралап кетті. Сондағы көргендері қазір көз алдынан тізбектеліп өтіп жатыр. Көңіліне тоқып алғысы келгендей, әрнені бір есіне түсіреді.
Мүйіздері найзадай екі сиыр бастарын шайқап-шайқап қойып, үстіндегі жүгі ортайған арбаны митыңдай сүйреп барады. Сабап-сабап мезі қылған ба, иесі иректеткен бишікке мыңқ демейді, жарықтықтар. Басы-көздерін шыбыннан қорығандай, қалқиған құлақтарын ғана еренсіз қағып-қағып қояды.
– Ә-ә, соқаға жексем көрер едіңдер, – деп айқайлады сиырлардың бас жібін қаусыра ұстаған қауға сақал. – Соқа салсаң, тыңға сал, Құйқадай ғой қара жер. Майысады мың масақ, Шетінен ор да ала бер.
Ол өзінің барқыраған даусын сиырлардан бұрын, айналадағы ел естісін деп айқайлап бара жатқан тәрізді. Себебі бұрылып қарайтын солар, ал сиырларға бәрібір. Олар әрі-бері арба сүйреп, әбден титықтап біткен сияқты. Шіркіндердің жібін босатып, Алатаудың етегіндегі көк майсаға қойып берсе ғой.
Зеңгі баба түлігінен көзін ала беріп, өзінен-өзі қуыстана қалды. Қуыстана қалған себебі, ат емес, әңгі мінген қазақты бірінші рет көруі. Өздері біреу емес, екеу. Қараптан-қарап тұрып, намысы келді де, теріс айналып кетті. Өзінің де шаруасының кетеуі кетіп, сиыр сатып жүргені есіне түсті.
Одан арғы оқиға тағы есіне түсіп, өзінен-өзі ал кеп күлсін. Бір айнала беріп қараса, әлгі екі есекке екі орыс кемпір мінгесіп жатыр екен. Ана екі қазақтың алдына базардан алған оны-мұны заттарын өңгертіп қойыпты. Мына әңгілердің базаршыларды үйлеріне жеткізіп тастауға таптырмайтын көлік екенін енді түсінді.
Сондағы байқағаны, айналасы ат шаптырым базарда адамнан ат-көлік көп болып шықты. Әлде базар тарқар кезде қаптап кеткені ме, ол жағын білмеді. Бірақ алыстан кіре тартып келген бес-алты түйе ауыздарынан көбік шашып таңертеңнен бері тұрған. Ал аяқ артар, арбаға жегер жылқыларда есеп жоқ.
Байсейіт арқыраған әңгімен адам тасып, табыс тауып жүргендерді ойлап бір күлген соң тоқтай алмады. Басқа қазақтар да жаяу жүрген жоқ, бәрінің тақымында бір-бір ат. Ана түйелерге де бас-көз боп жүргендер қазақтар екенін білді. Содан соң бұл базарда не көп, ат арба көп. Олардың айналасы толған орыстар, ұйғырлар, татарлар. Негізгі саудагерлер солар екені беп-белгілі. Осының бәрін ой елегінен бір өткізіп алған Байсейіт, шалық тигендей өз-өзінен жымыңдап күліп далаға шықты.
Иесінің далаға шыққанын сезген ақбоз аты пыр-пырлап пысқырынып қойды. Әуелгіде бақтың шетіндегі алма ағашына байлай салайын деген. Жез мұртты мұжық: «Алмамды қажалап тастайды», – деп шыр ете қалды. Айтқан жеріне апарып байлайын деп еді, аты үркіп қашып әрең ұстатты. Қасқыр көргендей көздері бадыраңдап, шыңғыра кісінеп жұлқынғанда, өзін сүйреп кете жаздады.
– Сенин атын шошкадан коркады, – деп күлді жез мұртты мұжық.
Әлгі жердегі қорадан қорсылдаған дыбыс естіліп тұрғанын жаңа бір байқаған. Атын қамшымен басқа бір салды да, үйді айналдырып апарып, басқа бір қазыққа байлады. Есті мал «қамшы жедім» деп тұрған жоқ, қайта тас қараңғы болса да иесін танып, тыпыршып кетті. Ақырын қасына барып, жалынан сипады.
Ақбоз аттың қасында тұрып, ертең бала-шағасына қандай базарлық алатынын ойша бір түгендеп өтті. Бұл барғанда бала-шағасы әрнеге таласып, «анау менікі», «мынау менікі» деп шуласа қалатын шығар. Қазақ бала санамайды, бірақ ол бес-алты саусағын кезек-кезек бүгіп қояды.
Орда бұзар отызында алдына мыңғыртып мал салмағанына ғана өкінеді. «Сұмырай келсе су құриды» деп, жаңа өкімет бәрін сыпырып-сипап барады. Қайта мұның бала-шағасының көзіне тура қарай алмай қалған кезі жоқ. Әйтпесе бар малын ортаққа салып жіберіп, артынан жер тырмалап қалғандар жоқ емес. Әсіресе ішкерті жақтың қазақтары аштыққа ұшырап жатыр деген хабар күн өткен сайын қаттырақ естіледі.
Ал мына Алматыңда жоқшылықтың реңі де білінбейді. Алма әлі піскен жоқ, бірақ былтырғыдан сақталған құлжа алмаларды арбалап та, дорбалап та сатып жатқандар бар. Жез мұртты мұжықты күтіп тұрғанда аппақ жұмыртқалар салынған тоқыма кәрзеңкелердің жүз шақтысын санады да, ақыры аяғына жете алмай жаңылып тынды. Үйтілген тауықтар қойдың құйрығы құсап төңкеріліп, сөреге сыймай ол жатыр. Ірі қара малдың етін саудагерлерге боршаламай, бұтын бұт, қолын қол ғып әкеліп өткізіп жатқан қазақтарды да көрді.
«Бұл қаланың халқы шаруаға пысық екен-ау» деп ойлады. «Есіктерінің алдындағы алақандай жер қора-қопсысымен бірге бір отбасын асырайды» деуші еді, сол рас шығар. Айтпақшы былтыр бұлардың ауылына келіп, ортақтасу туралы жиын өткізген өкілдің: «Сендердің жиған малдарың бір жұттық», – деп кеткені несі екен? Осы оймен базарда тұрып, бар ырыс сол жақтан ағылып келіп жатқандай-ақ бас Алатауға өзінен-өзі телміре қараған. Қазір де атының сауырын алақанымен бір шапаттап қойып, тау жаққа мойны еріксіз бұрылып кетті.
Алатаудың қарлы шыңдары ай жарығын бойына сіңіре түскендей ағараңдай қалыпты. Таудың өзі де аспанның бір жартысын алып қарауыта көлбеді. Тау-тастардың көлеңкелері де қай жаққа түсіп тұрғаны көрініп тұр. Әне бір тұстан қарағай ма, бірдеңенің сұлбасы бұлаңытады.
Байсейіт сол жаққа үңіле қарап-қарап тұрды да, тағы да әлгі базар аралаған кезін ойлап кетті. Қаз-қатар тізілген сөрелер мен арбаларда көз тоқтатып қарайтын нәрсе аз емес екен. Солардың арасынан бұл түсінбейтін бір қызық таңбалар басылған тайдың терісі оқшау шалынған. Сатуға шығарған ба, әлде көлеңке болсын деген бе, әйтеуір қос доңғалақты ат арбаның үстіне керіп іліп қойыпты.
– Алың-алың, – деді жалтаң көз татар бұған жапақ-жапақ қарап.
Арбасында қырық түрлі зат жатыр, соның бірін ал деп тұр. Ал Байсейіт ол заттардың ешбіріне қарап тұрған жоқ, арба үстіне не мақсатпен ілінгені белгісіз тай теріге қарап тұр. Терінің бетіндегі таңбалар жай таңба емес, өте маңызды бір белгілер екенін іші сезеді. Өйткені шет-шетіне өрнек салынған, онысы сол сызықтардың ішіндегі таңбаларды қастерлегендіктің нышаны болу керек. Ішкі таңбалардың кейбірі суретке ұқсайды, кейбірі жазуға келеді.
– Мынау не? Мұны неге іліп қойғансың? – деді ақыры шыдамай кетіп.
– Бұл ма, бұл – Алматы, – деп соғып жіберді жалтаң көз татар. – Жаңа ғана майлап, майы сіңсін деп жайып қойғам.
– Әй, мұның қай жері Алматы? – деп шамырқана қалды Байсейіт, арқа-басы шымырлағандай болып. – Қане, ана шіркеу қай жерінде тұр?
– Шіркеу жоқ мұнда, – деді жалтаң көз татар тайсақтаңқырап. – Бұл теріге таңба салынғанда, бұл жерде шіркеу болмаған.
– Мына базар да болмаған ба? – деді Байсейіт тай терінің асты-үстіне айналдыра көз жүгіртіп. – Мұның қай жері Алматы сонда?
– Соны өзім де білмеймін, – деді жалтаң көз татар бір кезде шынына көшіп. – Біреуден біреу сатып алып жүр екен. Әбден қаудырлап кеуіп кетіпті. Он күн майлап, қайта кептіріп қалпына келтіріп алдым. Бір өгізге айырбастаймын.
– Сонда сен не, өлген малдың терісін тірі малға айырбастайсың ба? – деп жаныға кетті Байсейіт. – Е, сауда деген осы екен-ау, ә?
– Әй, тоқта, тоқта. Сен жаңа бір қызыл тайынша сатып тұр емес пе едің?
Базар аралап жүргеніңе қарағанда, тайыншаңды сатқансың-ау, шамасы. Егер сен шын қызықсаң, бір жіліктің құнына берейін саған.
Екеуі қалай сарт-сұрт қол алыса кеткендерін өздері де байқамай қалды. Байсейіттің тағы да арқа-басы шымырлағандай болды. Жалтаң көз татар ұтылдым деген жоқ, бұл да алдандым демеді. Тай теріге әбден май сіңіп, иі қанып-ақ тұр екен. «Мынау мені сиқырлап тастағаннан сау ма, мұны неге ала қойдым?» – деп ойлады ақшасын санап беріп жатып. Бірақ қу татар тастай ғып орап берген теріні біреу тартып алатындай, өзінен-өзі қорғалақтап қолтығына қыса түсті. Содан әкеліп, қанжығасына қайыспен мықтап таңып байлап тастады.
Осы ісінің бәрін ақылға салып, ой елегінен өткізіп тұрғанда, жан-жағынан қарауытқан бірдеңе қысып келе жатқандай қараптан-қарап елегізе қалды. Тау жақтан су еткен бір леп келгендей болып, иіс алғандай әуелі танауын төседі. Содан соң еріксізден еріксіз сығырайып, көзі де солай қарай тігілді. Кенет оған тау басындағы мұздықтардың бетінде қызғылт сәуле ойнақтай қалғандай елестеді. Көзін ашып-жұмып қайта қарап еді, от жыландай иректелген әлгі сәуленің ізін де көре алмады. «Апыр-ай» деп таңғалып тұрды да, аяңдап үйге қарай жүрді.
Ай жарығы көздерін жылтыратқан ақбоз ат мұны қимағандай тықыршып, кісінеп қоя берді. Ит кіріп кеткендей, тауық күркенің іші де шу-шұрқан болды да қалды. Иесі қаппайды деген қарала ит те арс етіп, жанын қоярға жер таппағандай безектеп барып баспалдақтың астына тығылды. Жез мұртты мұжық елең-желең үйден атып шықты да:
– Ә, сен бе шу кылган? – деді екі ортада селтиген мұны көріп. – Ұйкы жоқ па? Ұйкы кашты ма?
– Ағаш кереуетің жамбасыма батты, – деп жорта текіректеді Байсейіт. – Үстімді бірдеңе шақты ма, бірдеңе болды.
– Е, онда сабанга жат.
Екеуі де бірін-бірі тыңдамай, құлақтарын басқа жаққа тіккендей болды. Тау жақтан соққан желдің екпіні күшейгенге ұқсады да, айнала төңіректі түгел борсыған шалшықтың иісі алып кетті. Аяқтарының астында жер дірілдеп, кептіріп көрген өгіз терісін шоқпармен қойғылағандай дүкірлеген дыбыс естілді. «Е» деп ес жиғанша болған жоқ, таудан тау бөлініп шыққандай бір пәле жөңкіліп жетіп те қалды. Жез мұртты мұжық далбақтап үйіне қашты, Байсейіт тапырақтап атына жүгірді. Атына тақымы бір тисе, мына дүлейден бір-ақ ырғып құтылып кететіндей соқыр үміт табанын жерге тигізбей дедектетіп әкетті.
Ақбоз ат та шылбырын үзіп кетіп, қайда қашарын білмей тасыраңдап алдынан шыға келді. Жалына қолым бір жетсе деп ұмтылғанда, атының мойны қайқая біткен жуан ағаштай зорайып көрінді. Оңды-солды сермелген болат тұяқтар әне-міне сарт етіп сілтенетін шоқпардай жарқ етіп аспанға асыла қалды. Жерден қопарып алған томардай жап-жалпақ омырауы көз алдын жауып, төбесінде не болып жатқанын көрсетпей тастады. Аспанда ай бар ма, жұлдыздар бар ма, бір көру орындалар-орындалмасы белгісіз арманға айналды. Сөйткенше болған жоқ, ақбоз ат мұның басынан бауырын жаза бір-ақ қарғып өтті.
Мұның да басы артына еріксіз қайырылып кетті де, ту сыртынан тау көшіп келе жатқандай алапат бір пәлені көрді. Ол жай келе жатқан жоқ, жолындағының бәрін жайпап, жалмап, жұтып, өзіне қосып алып келе жатыр. Тастар дөңбектей домалап, ағаштар шырпыдай сынып, үйлер күрс-күрс құлап, аһылап-уһілеген бір дауыстардан құлақ тұнады. Ана пәле алға жылжыған сайын үлкейіп, зорайып, биіктеп барады. Тау дейін десе тау емес, су дейін десе су емес, бірақ аударылып-төңкерілгеніне қарағанда бұл лай аралас қара тасқын. Енді бір қарағанында аузынан от шашып, құйрығымен жер сабалаған жеті басты айдаһарға ұқсады. Не болса да ол оның алдында өзін құмырсқадай дәрменсіз сезініп, басын қорғалап бұға түсті.
Түрі мен түсі, аты мен заты белгісіз пәлекетке қарсы майданды салғанда ақбоз ат салды. Әуелі қай жерінен жарып шықсам екен дегендей атойлай ойнақтап, шыңғыра кісінеді. Жалы жалаудай желкілдеп, біресе олай, біресе бұлай тасырлата шапты. Содан соң артқы аяқтарымен тікесінен тік тұрды да, таудай пәлеге үйдей боп ұмтылды. Өзінен мыңдаған есе үлкен қара дүлейді түйгіштеп-түйгіштеп тастағысы келгендей, зілмауыр болат тұяқтарын ауада оңды-солды сермеп-сермеп жіберді. Онысынан еш қайыр болмасын сезген жануар жаны шыға ышқынып, бар денесімен артына қарай қайырыла жалт берді. Сөйтті де үйреншікті әдісімен үстінен үйме-жүйме боп кеп қалған қорқынышты құбыжықты сарт еткізіп тепті. Сол күйі жер бетінде не бар, соның бәрі мидай араласқан жардай толқынға жаңқадай да болмай жұтылды да кетті. Қас-қағым сәтте осының бәрін көріп үлгерген қыр қазағы Байсейіт те, босағасына жетіп жығылған жез мұртты мұжық та, оның қорсылдаған шошқалары мен шұрқыраған тауықтары да, үй-жайы мен бау-бақшасы да, бәрі-бәрі бір асағаннан қалмай тып-типыл болды.
Кіші Алматы өзенінен басталып, одан Үлкен Алматы мен Есентай өзендеріне де ақтарыла асып-тасқан селдің биіктігі сонда жеті-сегіз метрге дейін жетіпті. Қазіргі Абай, бұрынғы Басарық көшесін талқандап, кешегі Нарын, бүгінгі Шоқан Уәлиханов, сол кездегі Қапал, кейінгі Қонаев көшелерінің бойымен көктей өтіп, Райымбек көшесіне жеткенде ғана қарқыны басылған. Таңертең лай батпақ басып қалған көшелерде тамырымен қопарылған ағаштар, бұтақтары сыдырылған қарағайлар, тау жыныстарымен бірге домалап келген үлкен-үлкен тастар үйіліп жатыпты. Қойтас, сандықтас деген былай тұрсын, селмен ағып келген кейбір тастардың үлкендігін суреттеуге тіл жетпей, жотатас деп те атапты.
Қалың ұйқыда жатқан қаланы қаусатып өткен осындай сел бес жүздей адамның өмірін қиып кеткен екен. Қамаулы тұрған жерінде қора-қопсысымен бірге шайылып кеткен үй жануарларында есеп жоқ көрінеді. Сел алған жер қаланың орталығы болғандықтан, ондағы сақтаулы тұрған азық-түлік те аққаны ағып, ақпағаны мый батпақтың астында қалса керек. Соның салдарынан қаланы аштық жайлап, халық қатты қиыншылыққа ұшырапты.
Сол жылы қаланың аты екі күн Алматы болып тұрып, үшінші күні «Алма-Ата» болып қайта өзгергенде бір сәуегей: «Жеті әріптің ішіндегі төрт әріп «а» деген дауысты дыбысты білдіреді. Ол жақсы нышан, қаламызды пәле-жаладан сақтайды», – депті-мыс. Содан тұп-тура төрт ай, үш күн өткенде қаланың негізгі бөлігін сел алып кетіп отыр. Әрине бұл жай ғана сәйкестік шығар, бірақ қасіреттің ұмытылып, әлгі сәуегейліктің әлі күнге дейін адамдардың санасында жүргеніне не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Қалалықтарды нақты болған оқиғадан сабақ алудың орнына, әлдебір тылсым күштермен қорқытқысы келетіндер жоқ емес. «Алма-Ата» деген атау 1921 жылдан 1993 жылға дейін жетпіс екі жыл тұрды да, тәуелсіздік алған соң ғана қала атауы қайта қалпына келтірілді. «Сендер «Алма-Ата» деп жаза беріңдер, біз «Алматы» деп айта береміз» дейтін қазақы көңілдің кеңдігі түбі жеңіс биігінен көрінді. Осылай көңіліміз өсіп жүргенде өз арамыздан шыққан біреулер: «А» деген әріп әндетіп айтқанға жақсы, әрі төрт «а» бізді қауіп-қатерден қорғап жүреді» деп құлағымызға тағы да сыбыр ете қалды...
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК