• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Ақпан, 2020

«Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы Шымкентке келді

240 рет
көрсетілді

Жеңістің 75 жылдығына орай еліміздің барлық өңірлерінде түрлі эстафеталар жалғасуда. Осы айтулы дата аясында үшінші мегаполистегі Даңқ аллеясында Шымкент гарнизоны Алматы қаласынан даңқты панфиловшылар дивизиясының жауынгерлік туы­ның көшірмесін салтанатты түрде қабылдап алды. Ту көшірмесін Қазақстан әскери-тарихи музейі­нің Алматы қаласындағы филиалы ұсынып отыр.

Бұл тағзым эстафетасы 5 ақпан мен 5 мамыр аралығында еліміздің барлық өңірінде жалғасады. Ол 2018 жылғы 28 қыркүйекте Душанбе қаласында өткен ТМД Мемлекет басшылары Кеңесінің шешімімен бекітілген Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге бағытталған негізгі іс-шаралар жоспары аясында өткі­зілмек.

Тағзым эстафетасы соғыста Отанын жанқиярлықпен қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ер­лігіне құрмет көрсету, есімдерін ел есін­де сақтау мақсатында ұйым­дастырылған.

Еске алуға жиналғандар Мәң­гілік алау кешеніне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздік жариялады. Жиын барысында Қазақстан Ұлттық ұланы оңтүстік өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Ниязтай Алпешов пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек, соғыс және еңбек ардагерлері сөз сөйледі.

Эстафетаға полиция, төтенше жағдайлар, қылмыстық-атқару жү­йесі департаменті, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары, әскери бөлімдері мен бөліністері, ІІО мен ҰҰ ардагерлер ұйымы, сондай-ақ орта мектеп оқушылары мен әске­ри-патриоттық клубтардың тәр­биеленушілері, студент жастар, құ­­қықтық тәртіп әскерінің әскери бөлім­дері орналасқан қалалардағы жер­гілікті қоғамдық ұйымдардың өкіл­дері қатысты.

Жауынгерлік туды табыстау салтанатынан соң «Түркістан» сарайында «Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі туралы» атты фильм көрсетілді. Батыр бабалардың ерлік істері бей­неленген туынды көрерменнің көңілінен шығып, жақсы бағасына ие болды.

 

ШЫМКЕНТ