Жеңістің 75 жылдығына орай еліміздің барлық өңірлерінде түрлі эстафеталар жалғасуда. Осы айтулы дата аясында үшінші мегаполистегі Даңқ аллеясында Шымкент гарнизоны Алматы қаласынан даңқты панфиловшылар дивизиясының жауынгерлік туының көшірмесін салтанатты түрде қабылдап алды. Ту көшірмесін Қазақстан әскери-тарихи музейінің Алматы қаласындағы филиалы ұсынып отыр.
Бұл тағзым эстафетасы 5 ақпан мен 5 мамыр аралығында еліміздің барлық өңірінде жалғасады. Ол 2018 жылғы 28 қыркүйекте Душанбе қаласында өткен ТМД Мемлекет басшылары Кеңесінің шешімімен бекітілген Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге бағытталған негізгі іс-шаралар жоспары аясында өткізілмек.
Тағзым эстафетасы соғыста Отанын жанқиярлықпен қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсету, есімдерін ел есінде сақтау мақсатында ұйымдастырылған.
Еске алуға жиналғандар Мәңгілік алау кешеніне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздік жариялады. Жиын барысында Қазақстан Ұлттық ұланы оңтүстік өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Ниязтай Алпешов пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек, соғыс және еңбек ардагерлері сөз сөйледі.
Эстафетаға полиция, төтенше жағдайлар, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары, әскери бөлімдері мен бөліністері, ІІО мен ҰҰ ардагерлер ұйымы, сондай-ақ орта мектеп оқушылары мен әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, студент жастар, құқықтық тәртіп әскерінің әскери бөлімдері орналасқан қалалардағы жергілікті қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жауынгерлік туды табыстау салтанатынан соң «Түркістан» сарайында «Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі туралы» атты фильм көрсетілді. Батыр бабалардың ерлік істері бейнеленген туынды көрерменнің көңілінен шығып, жақсы бағасына ие болды.
ШЫМКЕНТ