• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:50

Қайраткер тағылымы

20 рет
көрсетілді

Еліміздің жерасты байлығын геоло­гиялық барлау – пайдалы қазбаларды табу, бағалау мен оларды өндіріске енгізу ісіне аса жауапкершілікпен қарап, бұл салада ерен еңбек еткен бірегей маман, Қазақ КСР геология министрі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтары­ның лауреа­ты Сәкен Шақабаевтың туғанына биыл 100 жыл толды.

Айтулы тұлға 1926 жылы ел еңсе­сін­ езген ауыр кезеңде Гурьев қа­ла­­сында дүниеге келген. О.Исаев атындағы қазақ орта мектебінде хат таныды. Орта білімді Алматы қаласын­да бітірген ол жерасты құпиясын ашып, ресурсын адамзат игілігіне жарататын мамандықты таңдады. Сол жылы Қазақ тау-кен металлургия институтының мұнай факуль­тетіне оқуға түседі. 1945 жылы мұнай факультеті жабылып, Сәкен Шақабаев И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай инсти­тутының «Мұнай және газ кен орындары­ның геологиясы және барлау» мамандығына ауысады.

Мұнай-газ саласы бойынша одаққа та­нылған тұлғалар білім алған оқу ордасында Сәкен Ержанұлының өмір жолының сәтті қадамы басталды десек, қателеспейміз. Өйт­кені оның салаға сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Тарихтың алтын көмбесі – архивтерде Сәкен Шақабаевтың тегіне қатысты құжаттары сақ­талған. Атырау облысы мем­ле­кеттік архив қорындағы құжат­тарды сөйлетсек, 1949 жылы Мәс­кеу мұнай институтында «Ұң­ғымаларды каротаждау деректері мен қосымша барлау жобасы негізінде Оңтүстік Қошқар кен орнының геологиялық құрылысын және мұнайлылық перспективаларын зерттеу» тақырыбымен диплом жұмысын үздік қорғаған. Ізденімпаздығына көз жеткізген мемлекеттік емтихан комиссиясы оны бірауыздан КСРО Ғылым академиясының корреспондент – мүшесі М.Ф.Мирчинк жетекшілік ететін кафедра жанындағы аспирантураға білімін жетіл­діруге қалдырады. Мемлекеттік комиссия Сәкен Шақабаевтың диплом жұмысын өндірісте пайдалану туралы ұсыныс береді. Ал жас ғалымның өзі аспирантурада оқи жүріп кафедрада ассистент және оған қосымша КСРО Ғылым академиясының Геология институтында кіші ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастады.

Сәкен Шақабаевтың өмір­баянында төрт жылға жуық уақыт Саратов Поволжье мұ­най-газ аудан­дарында далалық және тақы­рыптық зерттеу жүргізіп, сол ізденістердің қорытындысы негізінде 1953 жылы канди­даттық диссертациясын қорғап, сенім артқан ғалымдардың үмітін ақтағаны жазылған. Ол диссертациясын қорғаған соң да Мәскеу қаласындағы КСРО ғылым ака­де­миясындағы жұмысын жал­ғастыра берді.

Білім мен қызметті қатар алып жүрген білікті жас маманға 1957 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы Президиумы шешімімен «Мұнай геологиясы» мамандығы бойынша аға ғылыми қызметкер атағы беріледі. Ұлт мақтанышы, геолог-ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Қа­ныш Сәтбаевтың ұсынысы бойынша Сәкен Шақабаев Қазақ КСР Ғылым академиясының Геология институтына қызметке жіберіледі. Еліміздің оңтүстік-шығыс аймақтарының мұнай-газ саласындағы болашағын  бағалау тақырыбы бойынша зерттеу бастаған С.Шақабаев осылайша ғылымдағы даңғыл жолға нық қадам жасады.

Атырау облыстық мемле­кеттік архиві­нің кітап қорында қаламгер Жұмабай Құлиев­тің «Мұнайшы» қоғамдық қорының серия­сымен 2011 жылы шыққан еңбегінде Сәкен Шақабаевтың мұрағатынан алған деректер көркем баяндалыпты. Студент кезінен-ақ ғылымға деген қабілетімен мәс­кеулік ұстаздарын таңғалдырып, Қаныш Сәтбаевтың назарына жиі түскен Сәкен Шақабаев 1960 жылы туған жері Гурьевке (қазіргі Атырау) басшылық қызметке тағайындалды.

«Осы жылы Гурьевтегі мұнай зерттеу инс­титуты: Геология және геофизика; Мұнай химиясы мен табиғи тұздар институты болып екіге бөлінді. Қаныш ағамыз тағы да қолқа салып, мені Геология және геофизика институтына директор етіп жіберді. Сонда жүріп, ғылыми жағынан көмек ретінде карталар жасап, экспедициядағы жігіттерімен қоян-қолтық жұмыс істедік. Алайда қара жұ­мыстағы жігіттердің көбі қалам-қағаз ұстап жүрген бізге менсінбей қарайды. Экспедиция бастығы Х. Өзбекқалиев, бас инженері С. Балғымбаев ғылым­ды жақсы түсінетін. Ғылымсыз қиын болатынын біледі. Олардан қолдау таптық. Ұңғыны қайдан қазамыз, қандай геофизикалық жұ­мыстарды күшейту керек, оның методикасы, техноло­гиясы сияқты мәселелерді қозғайтын бір­не­ше ғылыми-тәжірибе­лік конференция­лар ұйымдастырдық. Оған сол кездегі одақтың білімді деген ғалымдары шақырылып, Каспий ойпаты тұз асты мұнайының жағдайы секілді ірі-ірі мәселелер талқыланып отырды. Мұның жаңа жұмыс бастауда маңызы зор. 1972 жылы министрдің мұнай жөніндегі орынбасары, 1978 жылы министр болып тағайындалдым. Мұнай жөніндегі орынбасар лауазымына Х.Өзбекқалиевті шақырдым. Ол келген соң мұнай саласы күшейе түсті. Кейінгі 35 жыл көлемінде еліміз жер жүзіндегі мұнайлы елдердің қатарына қосылды. Мұнаймен шұғылданып жүрген жігіттердің айтуынша, қазір 2 млрд 200 млн тонна мұнай қорымыз белгілі болса, ол 8-10 млрд тоннадай мұнай, газ 8 триллиондай болуы мүмкін дейді. Цифрдан сәл қателік кетсе, кетер. Дегенмен мұнайдың мол қоры бары рас қой. Бірақ геология қазір қиын жағдайда. Бүйте берсе барлау жұмысы ондаған жылға кері кетіп, келешек талабына жауап бере алмай қалады. Сондықтан менің тілегім, ғылымды суалтып алмайық», деген естелігі қазіргі кезде де өткір өзекті мәселе екені сөзсіз.

Жаңа ірі мұнай мен газ игеру­дің бастапқы кезеңінде Қазақ КСР Геология министрі болып тағайындалған Сәкен Шақабаев кәсіби геолог-мұнайшы ретінде іздеу және барлау жұмысын тиімді басқарды. Ол Каспий маңы ойпатының тұзасты қабат­тарына ерекше назар аударды. Қарашығанақ, Жаңажол, Урих­тау, Кенқияқ, Қожасай, Әлібек­мола сияқты ірі және алып кен орындарын ашу, барлау және қорларын бағалау КСРО мен Қазақ КСР-дің көптеген өнді­рістік және ғылыми зерттеу ұйым­дарының күшін біріктіруді, олардың өзара іс-қимылын нақты үйлестіруді талап етті. Жаңа әлемдік деңгейдегі кен орындарын игерудің күрделі міндеттерін табысты шешу сенімді ғылыми зерттеуді қамтамасыз етудің арқасында мүмкін болды. Соның нәтижесінде Қазақстан мұнай мен газ қоры бойынша одақтағы жетекші республикалардың қатарына кірді. Сол кезеңдегі маңызды оқиғалардың бірі – Торғай ойпатында жаңа мұ­най және газ-мұнай кен орында­ры­ның ашылуы болды. Олар­дың ішінде мұнай қоры бойынша ең ірісі – Құмкөл кен орны. Бұл С.Шақабаев еңбек жолының басында зерттеген Шығыс Қазақстанның шөгінді бассейн­дерінде өнеркәсіптік мұнай мен газдың бар екені туралы болжамының дұрыстығын дәлелдеді. Бұл кезеңде геологиялық барлау ұйымдары қатты пайдалы қазбаларды және жерасты суларын іздеу мен барлауда да, әсіресе Орталық, Оңтүстік және Шығыс Қазақстандағы тау-кен кәсіпорындары орналасқан аймақтарда зор жетістікке жетті. Қара, түсті, сирек және баға­лы метал­дардың, техникалық алмаздардың, флю­орит­тің, бариттің, тағы басқа бейметалл шикізаттардың, энергетикалық көмір мен ­жерасты суларының ірі кен орындары ашылып, барлау жүргізілген.

Сәкен Шақабаев – мұнай-газ геологиясы саласындағы көрнекті ғалым. Өмірбаянында қазақ тілі мен орыс тілін еркін меңгергенін, ал ағылшын тілінде оқи алатыны жазылған. Сәкен Ержанұлы сексеннен астам ғылыми еңбек, оның ішінде бес монография жазған.

Мұнай-геология саласында қызмет ететін мамандар өзін оның шәкірті санап, мақтаныш етеді. Мемлекет оның еліміздің экономикалық қуатын дамытуға, сала­ның қалыптасуына қосқан үлесін жоғары бағалады. «Парасат», Октябрь революциясы ордендерінің, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері, сондай-ақ респуб­лика Жоғарғы Кеңесінің медальдары мен грамоталары да бар КСРО-ның Құрметті жер қойнауын барлаушысы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы Сәкен Шақабаев – КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лау­реаты. Ол жемісті еңбек қызметін қоғамдық жұмыстармен ұштастыра білді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып екі рет сайланды, Қазақстан – Болгария достық қоғамын басқарды, Геологтердің ұлттық комитетінің және басқа да ұйымдардың құрамында болды.

Оның еңбек жолы мен ел мүддесі үшін қызмет еткен азаматтық тұлғасы жыл өткен сайын санамызда мәңгі жаңғырып тұру мақсатында Сәкен Шақабаевтың архивіміздегі жеке тектік қорындағы құжаттарды ғасыр жасында «сөйлетіп» оқырманға ұсындық. Сайып келгенде, С.Шақабаевтың геологиялық терең зерттеу еңбектері қашанда өзекті.

 

Тұрсын Қалимова,

Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары

Соңғы жаңалықтар