Қатысушылар тізіміне әзірге 18 жерлесіміз еніп отыр. Олар таеквондо (+63 кг, қыздар), жағажай волейболы (екі спортшы, ұлдар), тас жолдағы велоспорт (топтық жарыс, ұлдар, қыздар, жекелей жарыс (жекелей уақытқа), ұлдар, қыздар), триатлон (жекелей спринт, ұлдар), семсерлесу (қылыш, ұлдар), брейкинг (қыздар), бокс (70 кг, ұлдар, 54 кг, қыздар, 57 кг, қыздар), дзюдо (52 кг, қыздар), жүзу (100 метр еркін тәсіл, ұлдар, 50 метр арқамен жүзу, қыздар), спорттық гимнастика (жекелей көпсайыс, ұлдар, қыздар), жеңіл атлетикадан (диск лақтыру, ұлдар, 400 метрге кедергілер арқылы жүгіру, қыздар) бақ сынайды.
Еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик Монте-Карлода өтіп жатқан, жүлде қоры 6 309 095 еуроны құраған АТР-1000 турнирін екінші кезеңнен бастады. Осы межеде ол франциялық Гаэл Монфисті 6:4, 6:4 есебімен ұтты. Енді чехиялық Иржи Легечка (АТР №13) мен чилилік Алехандро Табило (АТР №39) арасындағы кездесудің жеңімпазымен күш сынасады. Ал іріктеу сынынан іркілмей өткен Александр Шевченко (АТР №77) негізгі доданың тұсаукесер кездесуінде хорватиялық Марин Чиличке (АТР №51) есе жіберді – 1:6, 3:6.
12 сәуірде Ташкентте таеквондодан жасөспірімдердің әлем біріншілігінің шымылдығы түріледі. Жарыста еліміздің туы астында мына даян шеберлері өнер көрсетеді: ұлдар – Сағи Мәдиұлы (45 кг), Ерасыл Ерзат (48 кг), Әділет Шері (51 кг), Ислам Медетбай (55 кг), Нұралы Махмұт (59 кг), Мұхаммедәлі Махмұт (63 кг), Әлидар Әбдукәрімов (68 кг), Жанайбек Шамұратов (73 кг), Бекзат Ғазиз (78 кг), Аманай Құралбаев (+78 кг); қыздар – Шахризода Акрамова (42 кг), Айым Серікбаева (44 кг), Сұлу Әбибулла (46 кг), Жанеля Жақсылықова (49 кг), Элеанора Шералы (52 кг), Нұрайлым Бақытжанқызы (55 кг), Эвелина Әбдірасұлова (59 кг), Любовь Юн (63 кг), Балгерім Өтеген (68 кг), Сабина Тұртулова (+68 кг).
18 сәуірде АҚШ-тың Филодельфиясында өтетін RAF 08 турнирінде еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан аты аңызға айналған жергілікті балуан Кайл Снайдермен белдеседі. Снайдер – Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің төрт дүркін чемпионы, төрт дүркін жүлдегері, Әлем кубогінің екі дүркін иегері, Панамерика ойындарының үш дүркін жеңімпазы, өз құрлығының жеті дүркін чемпионы. Балуандар осыдан бір жыл бұрын Алматыда күш сынасқан еді. Ол кезде америкалық апайтөс айқын басымдықпен жеңіске жетті.
12–18 сәуір күндері Испанияда шайбалы хоккейден IB дивизионындағы әйелдер арасында әлем чемпионаты өтеді. Жарыс кестесіне сай еліміздің құрамасы мына командалармен күш сынасады: 12 сәуір – Латвия, 13 сәуір – Нидерланд, 15 сәуір – Испания, 17 сәуір – Оңтүстік Корея, 18 сәуір – Ұлыбритания.
Спорт тарихында қаржылай тұрғыдан ең көп табыс тапқан саңлақтардың есімдері жарияланды. Бай-қуаттылар көшін Майкл Джордан бастап тұр. АҚШ-тың атағы жер жарған баскетболшысы өз мансабында 4,5 млрд доллар тапқан. Екінші орында – Тайгер Вудс. Америкалық гольфшының табысы – 2,88 млрд. Үшінші сатыға әйгілі футболшы Криштиану Роналду жайғасты (2,52 млрд). Сондай-ақ ТОП-10-дыққа баскетболшы Леброн Джеймс (2,03 млрд), футболшылар Лионель Месси (1,99 млрд) мен Дэвид Бекхэм (1,68 млрд), гольфшылар Арнольд Палмер (1,85 млрд) мен Джек Никлаус (1,83 млрд), теннисші Роджер Федерер (1,67 млрд), боксшы Флойд Мейвезер (1,57 млрд) еніп отыр.