Бүгінде не көп, әр түрлі іс-шаралар мен жиындар, фестивальдар мен конференциялар көп. Алайда мұндай басқосулардың бәрі бірдей ел-жұртқа нақты пайдасын тигізе бермейтіні де жасырын емес. Әйтсе де биылғы ақпан айында Ақтөбеде өткізілген «көрпеfest» мегафестивалі жөнінде бұлай дей алмаймыз. «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы, белгілі қазақстандық қолөнер шебері Ырза Тұрсынзаданың бастамасымен өткен үш күндік фестивалі кезіне жиырмадан астам үлкен қалың көрпе, 150 жастық және екі жүзден астам шағын-көрпе төсеніштер тігілген еді.
Фестиваль аяқталғаннан кейін ақтөбелік қыз-келіншектер мен әйел-аналардың қолынан шыққан ісмерлік бұйымдар «Анаға тағзым» орталығында ашылған көрме-сату алаңына қойылды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан арнайы бөлінген орында облыс орталығындағы және шалғайдағы аудандардан келген қолөнерге икемі бар нәзік жандар өз өнімдерін көпшілікке ұсынып, сауда-саттыққа шығара алады. Бұл үшін тұрақты түрде жұмыс жасайтын алаңда орынды жалға беру ақысы алынбайды. Сонымен бірге олар мұнда қолөнердің кейбір қыры мен сыры, соның ішінде көрпе жастықтар тігудің бірқатар әдіс-тәсілдері жөнінде ой-пікір алмасып, тәжірибелерін бөлісе алады. Түптей келгенде мұндағы басты мақсат, көпшіліктің сұранысына ие бола алатын жабдықтар жасау болып отыр. Істің бұлайша ұйымдастырылуы өңірдегі қыз-келіншектер мен көп балалы аналардың жұмыспен қамтылуына әрі өз кәсіптерін ашуына ықпал жасамақ.
«Аналар аманаты» деген тамаша атауды иеленген жобаның ертеңі жөнінде Ақтөбе қалалық маслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова өз тұжырымын газет тілшісіне былайша жеткізді.
- Жаңадан ашылған арнайы алаң екі бірдей игілікті істі атқара алады. Біріншіден тұтынушылар қаз-қатар қойылған қолөнер бұйымдарына көздеріне түскенде бейнебір көрмеге келгендей әсерде қалады. Екіншіден өздері ұсынған дүниені таңдап сатып алуларына да жол ашық. Арнайы бөлінген орынның көрме-сату алаңы деп аталуы да сондықтан, - деді ол.
Сондай-ақ оның айтуынша бұл жерге алдағы уақытта он саусағы майысқан шеберлер әдіптеген көздің жауын алатындай қыз жасауы, шілдехана, құдалық және өзге де халықтық-жоралғыларға қажетті әр түрлі бұйымдар, көрпе-жастықтар мен бесіктер жасалып қойылмақ. Осылайша «Аналар аманатын» арқалаған Ақтөбе қаласындағы көрме-сату алаңы өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, шеберліктерін шындай бермек.
Ақтөбе