Германияның Дюссельдорф қаласында өткен Grand Slam турнирі өз мәресіне жетті. Бұл жарыстан Қазақстанның дзюдошылары құр қол қайтты.
Біз бұған дейін жарыстың алғашқы екі күнінде жерлестеріміздің тегістей ұтылғаны жайында жазған едік. Соңғы күні тағы бес салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті жүлделер сарапқа салынды. Бұл сайыста да біздің балуандардың жолы болмады.
90 кило салмақта белдескен Ислам Бозбаев алғашқы айналымда аустриялық Марко Бабанджадан басым түскенімен, келесі кезеңде өзбекстандық Давлат Бобоновқа жол берді. Ерсұлтан Мұзафаров тұсаукесер кездесуінде мысырлық Әбд Ел Акхерге ұтылды.
100 кило салмақтағы Виктор Демьяненко мен Айбек Серікбаев та алғашқы айналымнан аса алмады. Виктор мажарстандық Виктор Керженникке, ал Айбек грузиялық Георгий Шикованиге есе жіберді.
Әйелдер сайысында 78 кило салмақтағы Зарина Раифова бастапқыда португалиялық қарсыласын ұтқанымен, іле-шала словениялық спортшыға жол берді. Ал аса ауыр салмақтағы Камила Берліқаш Оңтүстік Кореяның өкілі Ким Хаюнның осал тұсын таба алмады.