«Qazsport» телеарнасының өткен жылғы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Л.Танысбай, «Qazsport» телеарнасының директоры П.Цыбулин, Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы С.Мұсайбеков, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Б.Тілеухан және өзге де спорттық федерациялар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
Арнаның 70 пайыз өнімі спорттық трансляциялардан тұрса, 20 пайызы бағдарламалар мен жобаларды құрайды. Телеарна өткен жылы Азия-Тынық мұхиты хабар таратушыларының одағына (ABU) кірді. Ұйымға 76 елден 272 адам мүшелік етеді.
Сонымен қатар Қоғамдық кеңес отырысында 2020 жылғы Токио Олимпиадасының трансляциясын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. 2020 жылғы Жазғы Олимпия ойындарына Қазақстан әзірге 29 лицензия иеленді.
«Қазақстанда «Qazsport» арнасын көрмейтін бірде-бір адам жоқ. 2020 жылғы Токио Олимпиадасының көрсетілімін де жоғары деңгейде ұйымдастыруды қамтамасыз ету қажет. Биылғы Олимпия ойындарына қатысатын спортшылардың 80 пайызы – жастар. Бұл – еліміздегі өзге де жастар арасында спортты насихаттаудың бірден-бір жолы», деді өз сөзінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев.
«Ұлттық спорт түрлерін насихаттауда «Qazsport» арнасының рөлі зор. Қай жағынан болсын қолдау тауып жатыр. Қазір арна ұлттық спорт түрлерін өзге елде көрсету бойынша бастама көтеруде. Бұл – құптарлық мәселе. Қауымдастық тарапынан жобалар ұсынуға дайынбыз», деді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Б.Тілеухан.
Қоғамдық кеңес қатысушылары отырыс барысында одан бөлек, ұлттық спорт түрлері мен бұқаралық спортты дамыту және насихаттау, қазақстандық комментаторлар мектебін ұйымдастыру, еліміздегі спорт журналистерінің мектебін қалыптастыру туралы пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.