Семей Жобалық Кеңсесінде өлкетанушы, шежіреші Клим Төлемісұлымен «Өнегелі тұлға» тақырыбында кездесу өтті. М.Қозыбаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен мазмұнды шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
82 жастағы өлкетанушы бар ғұмырын Семейге қарасты Шұбартау өңірінің танымал тұлғалары мен тарихын зерттеуге арнаған. Өлке тарихынан сыр шертетін замана деректері - аса құнды таптырмас құжаттар қорына жатады.
Зерттеу жұмыстары өңірдегі архив қорларын қарастырумен шектелмеген. Моңғолия, Қытай мемлекеттерінде болып, сол елдердегі қазақ диаспорасымен тығыз қарым-қатынас орнатып, тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті туралы әсіресе, керей руына қатысты қорын қызықты құжаттармен толықтыра түскен. Клим Төлемісұлының жазған, жинаған деректері тарихтың құнды құжаттары. Құжаттар бүгін үшін де, келешек үшін қызмет етері сөзсіз.