• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Ақпан, 2020

Тұрғындардың шағымынан кейін тариф төмендеді

148 рет
көрсетілді

Жақында Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті ауыл тұрғындарының өтінішін қарап, өңірдегі ауыз су үшін төленетін ақыны азайтуға шешім қабылдады.

Құзырлы органға Талғар ауданындағы Бесағаш ауылының тұрғындары шағымданған болатын. Ауыл тұрғыны Д.Саттаровтың Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментіне жолдаған өтінішінде аумақты ауыз сумен қамтып отырған «Тас Құм Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тарифті негізсіз көтеріп отырғаны айтылған еді. Тұрғындардың өтінішіне орай уәкілетті орган «Тас Құм Су» серіктестігінің өткен жылдар аралығындағы тарифтік сметасына талдау жүргізді. Нәтижесінде серіктестіктің ауыз су төленетін тарифті негізсіз қымбаттатқаны анықталып, тұрғындардың 2018 жылдан бері мерзімде 8 944 056 теңге ақшаны артық төлеп келгені белгілі болды.

Тексеруден кейін тұрғындардың шағымында көтерілген мәселенің ақиқаты екені дәлелденіп, «Тас Құм Су» серіктестігіне ауыз су үшін бекітілген тарифті төмендету міндеті жүктелді. Яғни, алдағы 1 сәуірден бастап Бесағаш ауылы бойынша су тұтынуға төленетін тариф 26,9 пайызға арзандап, судың әр кубы үшін белгіленген 168,38 теңге азайып, орташа тариф 123,8 теңгені құрайтын болды.

Жалпы тарифтің төмендеуі ауыз су тұтынатын санаттар үшін де белгіленген тарифтің өзгеруіне де ықпал етіп отыр. Бұдан былай бесағаштық тұрғындар төлейтін су тарифі бұрынғыдан 36,7 пайызға арзандап, әр куб үшін 104, 58 теңге ақы төлейді. Ол бұрын 165,09 теңге болатын. Сондай-ақ су пайдаланатын мекемелер де бұған дейін төлеп келген 198,11 теңгенің орынына 125,50 теңге төлей бастайды. Яғни, ұжымдар үшін де су тарифі 36,7 пайызға арзандады.

Айтпақшы, Алматы облысы тұрғындарды ауыз сумен қамту бойынша алдыңғы қатарда тұрған өңір. Бұл бағытқа жыл сайын бөлінетін бюджет қаржысының көлемі де артып келеді. Мысалы, өткен жылы аймақта сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы, күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша 69 жоба жүзеге асқан. Бұл іске 8,2 миллиард теңге бөлінген екен. Игерілген қаржының бір бөлігі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша қарастырылған. Оның ішінде өңірдегі сумен қамтитын 47 нысанды қайта жаңартуға және салуға 7,9 миллиард теңге жұмсалып, тағы 20 елді мекендегі 22 нысанды күрделі және ағымдағы жөндеуге 237,7 миллион теңге бөлініпті.

Атқарылған істің нәтижесінде облыста 370 км су құбырының желілері салынып, қайта жаңартылған. Бұрын таза суға зар болып келген 9 елді мекен тіршілік нәріне қол жеткізді. Яғни, өңірдегі 674 ауыл ауыз су құбырына қосылып, облыс бойынша қамтамасыз ету деңгейі 90,8 пайызды құрады. Биыл да ауыз сумен қамту жұмысын жалғастырға 10,5 миллиард теңге жұмсалмақшы. Демек, Алматы облысындағы барлық ауылдың әр үйіне орталық су құбыры тартылатын күн жақындап келеді.

- Өткен жылы Алматы облысына келген сапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі маңызды міндетті орындауға тапсырма берген еді. Соның алғашқысы ауыз сумен қамтамасыз ету болса, екіншісі ішкі жол мәселесін жақсарту болатын. Біз бұл тапсырмаларды ретімен орындап жатырмыз. Қазір облыста орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі 91 процентке жетті. Судың сапасы мен жетіспеушілігі проблемасы бар. Бұл үшін Еңбекшіқазақ аудандық және Қаскелең топтық су құбырларының құрылыстары жоспарланған, бұл өз кезегінде аталған аудандардағы 32 елді мекенді  сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сол сияқты биыл барлығы 330 шақырым су құбыры желісін салу, қайта жаңарту жоспарланған. Соның нәтижесінде таза ауыз суға тағы 5 ауыл  қол жеткізіп, 21 елді мекенде қызмет сапасы жақсарады, -дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.