• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2013

Көптен күткен жеңіс

285 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан құрамасы бұрнағы күні түнде елордадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде Грузия командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:0 есебімен ұтты.

Футболдан Қазақстан құрамасы бұрнағы күні түнде елордадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде Грузия командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:0 есебімен ұтты.

Жасыратыны жоқ, бұған дейінгі бірнеше ойынды сәтсіз аяқтаған Қазақстан құрамасы ойыншыларының бұл жолы та­бысты ойнай қоятынына жан­күйерлердің көпшілігі оншалықты сене қойған жоқ. Матчта команда тағы жеңіліске ұшыраса, өзіне деген сенімнің селкеуі бір­жолата сетінеп кететінін бас жаттықтырушы Мирослав Беранек те жақсы білді. Сондықтан, ол кездесуде қалайда бетбұрыс жасауға барын салды.

Ал матчтың бастапқы жағы қазақстандықтар үшін жақсы нәтиже күтіп жатудың әурешілік болатынын алға тартқандай көрінді. Кезінде «кеңестік бра­зилиялықтар» деген ат алған грузиндер өздерінің ойнау техникасын жақсы меңгергендерін танытып, көпке дейін доп­ты біздің жігіттерге ұстата қоймады. Сол сенімділіктің сүрлеуінде олар бірнеше рет қақпаға доп бағыттап үлгерді. Соның ішінде Александр Кобахидзе ұрған доп қақпашы Андрей Сидельниковті бір сілкіндіріп өтті.

Біздің жерлестеріміз қарсы жаққа бірінші шабуылды тек 15-минутқа қарай ғана жасай алды. Айып алаңының ішіне екпіндей кірген Сергей Хижниченко ұрған доп голкипер Нукри Ревишвилидің қолынан табылды. Алайда, осының артынша қайта жасалған шабуыл тұ­­­сында Сергей мүлт кетпеді. Айып алаңында доп қабылдап алған қарағандылық жігіт кенет кілт бұрылды да, қақпаға қарай шірене тартты. Гол!

Мына сәтсіздіктен кейін меймандар тағы ышқынды. Олардың жаппай алға ұмтылған жойқын жорығы барысында Кобахидзе бір рет басымен қақпаға доп бағыттады. Ал Жано Ананидзенің алыстан атқылаған добы нысанадан қиыс кетті. Соның артынша бұрыштама беріліп, одан ұшқан допты Зураб Хизанишвили қақпаға дөп түсіруге ұмтылды. Бірақ бұл да Андрей тұрған шеңбердің үстінен зу ете түсті.

Осылайша, кездесудің өн бойы алма-кезек шабуылмен өтіп жатты. Бұл ойында қонақтардың допқа көбірек иелік еткендерін де, қақпаға артығырақ ұрғандарын да, стандартты жағдайға молырақ тап болғандарын да айта кетуіміз керек. Осындай тартысты кездесудің 1:0 есебімен біздің құрама пайдасына шешілгенінің өзі дәтке қуат.

Ендігі бір айта кететін жайт, бұған дейін сөз етіп отырған командалар 2 рет кездескен еді. 2005 жылғы 17 тамызда Алматыда өткен бірінші ойында қонақтар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал 8 қа­занда Тбилисиде өткен қа­рым­­та ойын 0:0 есебімен тең аяқ­­талды. Мұның екеуі де әлем чем­пионатына ірік­теу турнирі шең­берінде өтті. Сонымен, үшінші ойын­да бірінші рет жеңіс­ке жеткен қазақстандықтар бұл қар­сы­ла­сымен арадағы ұтыс санын да, доп айырмашылығын да теңес­­­­­тіріп отыр.

Руслан ИГІЛІК.