• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2013

Аймақтың ақсақалы

500 рет
көрсетілді

Бошай Кітапбаев! Бұл есімді таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар. Шығыс Қазақстан облысының, Катонқарағай ауданының құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының мүгедегі, Үлкен Нарын ауданындағы миллионер ұжымшарды 40 жыл басқарып абыр

Бошай Кітапбаев! Бұл есімді таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар. Шығыс Қазақстан облысының, Катонқарағай ауданының құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының мүгедегі, Үлкен Нарын ауданындағы миллионер ұжымшарды 40 жыл басқарып абыройға бөленген абыз ақсақалдың 90 жылдық мерейтойын облыс жұртшылығы Жамбыл атындағы облыстық қазақ драма театрында атап өтті.

Алдымен жиналғандарға қарияның еңбек жолы, кіндік қаны тамған Катонқарағай өңірінің елі мен жеріне арналған «Тоғыз таңбалы Найман», «Өр Алтайда өткен ғұмыр», «Айта айта Алтайды, Бошай ата қартайды» кітаптары жайлы, Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған боздақтарға Бошекеңнің өз қар­жысына салғызған ескерткіші, басқа да қызықты деректерге толы кинофильм көрсетілді.

Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сахнаға көтеріліп, Елбасы Н.Назарбаевтың абыз ақсақалды 90 жылдық мерейтойымен құттықтауын оқып берді. Өңір басшысы бұдан соң қарияға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, «Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» куәлігін, Катонқарағай ауданының жұрт­шылығы атынан темір тұлпардың кілтін табыстады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, белгілі қаламгер, Қазақ ұлттық академиялық кітап­­­ханасының бас директоры Әлібек Асқаров сөз алып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің арнайы жі­берген құттықтау хаты мен сый­лығын абыз қарияға тапсырды. Министр өз құттықтауында Бошай ағаның ғұмыры жас­тар­ға үлгі-өнеге екенін айтып, 90-ға толса да қатар­дан қал­­май, қаламымен оқыр­манда­­­рын қуантып отырғанына риза­шы­лығын білдіріпті.

Тоқсанға толған абыз ақса­қалды құттықтауға еліміздің түкпір-түкпірінен інілері мен туыс­тары, «Самұрық-Қазына» ҰӘК төр­ағасының орынбасары Серік Әбденов, облыстық ақса­қал­дар алқасының төрағасы Ф.Жақ­сылықов, сенатор Т.Абайділдин, Катонқарағай, Күршім аудан­да­рының ел басқарған азаматтары, інілері жүрекжарды лебіздерін білдірді. Бошай аға өзіне құрмет көрсеткен Елбасына, өңір басшысына алғысын айтты.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ӨСКЕМЕН.

Соңғы жаңалықтар