Созақ ауданы Қарақұр ауылының ақсақалдары мәдениет үйінің салынғанын, ал Отырар ауданының орталығы Шәуілдірдегі көпқабатты үйлерде тұратын 300-ден астам отбасы өткен ғасырдың 70-80-жылдары пайдалануға берілген инженерлік инфрақұрылымның тозуы салдарынан мардымсыз берілетін жылу мәселесінің шешімін тапқанын қалайды. Ал Түркістан қаласынан «Әдебиет әлемі» орталығын ашу қажет.
Осы сынды мәселелер Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Түркістан облысына іссапары барысында тұрғындармен кездесуінде көтерілді. Отырарлықтар айтқан мәселеге қатысты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жылу қазандығын салуға, жүйелерді жаңалауға бюджеттен 700 млн теңге қаралғанын жеткізді. Мәселе жыл соңына дейін толығымен шешіледі. Негізгі қазандықтың құрылысына қаражат қаралған. Ауыл тұрғындары көтерген мәселені шешу партия бақылауына алынды.
Ал «Отырар» мұражайында өңірдің зиялы қауымымен кездесуінде Б.Байбек елде атқарылып жатқан жұмыстар мен партиялық тапсырмалардың орындалу барысын баяндап, саяси ұйымның алдағы жоспарларымен бөлісті.
Партия еліміздегі өзекті мәселелердің ашық айтылуына айтыс өнері арқылы септігін тигізбек. Бұл орайда биыл елімізде 70-тен астам айтыс партия ұйымдастыруымен өткізіледі. «Біз айтыс өнерін қолдау арқылы мәселелерді ашық көтереміз. Сол үшін айтыскерлерді қолдаймыз. Жалпы, айтыс қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі. Сондықтан оны қолдау керек», деді Б.Байбек.
Сондай-ақ Түркістан облысының зиялы қауым өкілдерімен кездесуде көпті толғандырып жүрген әдебиет жайы, елдің ынтымақ-бірлігін нығайту тарапындағы ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Мысалы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Мархабат Байғұт Түркістан қаласынан «Әдебиет әлемі» орталығын ашуды ұсынды. Бұл жоба жүзеге асса, ғимаратсыз жүрген жазушылар мен журналистер одақтарының филиалы сонда орналасып, жаңа облыс орталығын қалыптастыруға ықпал етеді. Түрлі әдебиет үйірмелері ашылып, жас айтыскерлер мен жазба ақындар, жазушылар бас қосатын өнер орталығына айналады деп есептейді жазушы. Сонымен қатар басқосу барысында әл-Фараби және Абай сынды ойшылдарымыздың мерейтойларын тағылымды деңгейде өткізу жайы қозғалды.
Түркістан қаласында белсенді жастармен кездесіп, бірқатар мәселені талқылап, пікір алмасқан партия Төрағасының бірінші орынбасары сапарын Жетісай ауданында жалғастырды. Абай ауылдық округіндегі кездесуде шаруа қожалықтарының төрағаларымен бірге ағын су, субсидия мәселелері талқыланды. Ал Қазыбек би ауылдық округінде «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша қолдау көрсетілетін жағдайы төмен отбасылармен, Жетісай қаласында денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесті.
Б.Байбек өңірге Елбасы тапсырмасы бойынша алдағы бес жылға аудандарды, қалаларды және облыстарды дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеу мақсатындағы жұмыстар аясында келгенін айта кетелік. Аталған бағдарламада әрбір жекелеген өңірдің жергілікті ерекшеліктері ескеріліп, азаматтардың нақты қажеттіліктері көрініс табатын болады. Осы жұмыстардың аясында Nur Otan партиясының басшылығы еліміздің барлық өңірін, тіпті шалғай елді мекендеріне дейін аралап шығуды көздеп отыр. Түркістан облысына сапары барысында Б.Байбек өңір тұрғындары көтерген мәселелердің оң шешімін табуы тікелей партия бақылауына алынатындығын жеткізді.
Түркістан облысы