Биыл қазақ халқының ғұлама тұлғасы Абай Құнанбайұылының 175 жылдығы. Осы айтулы датаға орай үшінші мегаполисте бірқатар тағылымды іс-шаралар жалғасын табуда. Соның бірі ретінде Шымкентте еліміздегі ең алып кітаптың тұсауы кесілді. Сөйтіп салмағы 27 келі болатын кітап жарық көрді. Қалалық білім басқармасына қарасты №1 жалпы орта кешкі мектебі мен №167/3 түзету мекемесінің ұжымы бірлесіп ұлы ақынның туған жерінде өтетін мерекеге ерекше сый жасады.
Көлемі мен салмағы жағынан еліміздегі ең үлкен кітапқа Абайдың қара сөздері жинақталған. 24 беттен тұратын кітаптың көлемі – 122 х 90 см.
Кітаптың тұсаукесер рәсімі №167/3 түзету мекемесінде өтті. Кешкі мектептің ұстаздар қауымы ақынның өлеңдерін жатқа оқып, поэзиялық кеш ұйымдастырды. Әннен шашу шашып, өнерлерін ортаға салды.
«Алып кітап алдағы аптада Алматы қаласында орналасқан Қазақстан рекордтар кітабына тіркеуге жіберіледі. Сертификатталған қара сөздер жинағы, одан соң, Абайдың туған еліне жеткізілмек», дейді мектеп директоры Исақ Асанов.
Сондай-ақ данышпан мұрасын өскелең ұрпаққа үлгі етуге арналған іс-шаралардың эстафетасы осы аптада қалалық сотта жалғасын тапты. «Абай – қазақ құқығының білгірі» атты ерекше форматтағы іс-шарада кемеңгердің ағартушы, классик қана емес, қара қылды қақ жарған әділдігі де жаңа қырынан танылды.
Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков Абай мұрасының өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті. Басқосуда абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Әліпханұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Баршагүл Исабек ұлы Абай өлеңдерінің рухани құндылығын таныта түсті. Философиялық әңгімелері мен қара сөздерінің маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Қалалық, аудандық соттардың төрағалары мен судьялары, зиялы қауым өкілдері, сот қызметкерлері қатысқан шарада Ж.Шанин атындағы қазақ-драма театрының актері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Еркінбек Шымырқұлов Абайдың ұлттың мінезін өзек еткен қара сөздерінен үзінді оқыса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құрманбай Шойынбаев Абай әндерін орындады. Сонымен қатар жастар да ақын өлеңдерін оқып, белсенділік танытты.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шарада студенттер, ЖОО-ның оқытушылары ұлы ақынның рухани қазынасымен жан-жақтылы танысуға мүмкіндік алды.
Шымкент