Биылғы ақпан айының 20 жұлдызында Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Кеңқияқ кен орнында «Н-Техсервис» компаниясы құрамындағы бригада жұмысшылары кезекті ауысымға шықпай қалды. Осы жағдайға байланысты Кеңқияққа шұғыл аттанған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен компания директорының міндетін атқарушы Ван Илинь және еңбек инспекциясының өкілдері мәселенің мән-жайын анықтау кезінде даудың басты себебі жалақы мөлшерінің төмендігі екенін білді.
Осыған орай аталған тараптар «Н-Техсервис» компаниясының Бейжіңдегі бас кеңсесімен тиісті келіссөздер жүргізді. Соның нәтижесінде бір ауысымның ғана емес, сонымен бірге вахталық әдіспен жұмыс істейтін барлық қызметкерлердің жалақысын 33 пайызға көтеру жөнінде шұғыл шешім қабылданды. Осы тұста бұдан 1-2 апта бұрын «СNPC-Ақтөбе мұнайгаз» АҚ құрылымдарына қарасты қызметкерлердің жалақысы да жоғарыда көрсетілгендей көлемде өскенін айта кеткен жөн.
Сервистік компаниялар табысының өсуі – тек көмірсутегі шикізатын өндіруге ғана емес, көрсетілетін қызметтер көлеміне де байланысты. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың тарифтерді көтеруге қатысты келіссөздер жүргізуі оң нәтижеге бастап келеді. Яғни, ұсыныстар сервистік компаниялар тарапынан қолдау тауып, биылғы жылдың 1 наурызынан бастап тарифтердің құны 10 пайызға ұлғаятын болды. Өз кезегінде мұндай қадамдар мұнай-газ өндірісі саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын көтеру ісіне өз септігін тигізбек. Сондай-ақ кен орындарында жұмысшыларды арнайы киім үлгілерімен жасақтау және сапалы тамақпен қамту кезінде де түйткілдер бар екені байқалды. «Оны түбегейлі шешудің кілті ұжымдық шарттар болып отыр. Яғни, алдағы уақытта бұл мәселені кәсіпорындар мен кәсіподақ ұйымдарының басшылары арасында қол қойылатын құжаттар арқылы шешу көзделген. Түптеп келгенде, басты мәселе – шетелдік компаниялардағы жұмыс күштерін біртіндеп азайтып, олардың орнын қазақстандық кадрлармен алмастыру болмақ. Бұл бағытта мамандарды өсіру мен қайта әзірлеуге қатысты мәселелер алдыңғы кезекке шығады. Шетелдік компания өкілдері жүргізетін істі қатаң бақылауға алудың қажеттілігі де осында», дейді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.
Міне, жоғарыда көрсетілген деректер облыста жерасты қазба байлықтарын игеру ісі саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақыларын өсіру ісінде біраз кешенді шаралардың қолға алынғанын көрсетеді. Талас жоқ, жағымды жайт. Әйтсе де қазір облыс тұрғындарының орташа айлық жалақысының көлемі аталған саладағы өсіп жатқан жалақы есебінен жасалады.
Соның өзінде өңірдегі орташа жалақы деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен 16 пайызға төмен болып отыр. Рас, өңірде еңбекақыны өсіру жөнінде бірқатар жұмыс атқарылған. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда белгілі бір деңгейде өсу көрсеткіштері де тіркелді. Әйтсе де әзір ақтөбеліктер орташа жалақы мөлшері жөнінен елімізде тоғызыншы орында тұр екен. Сондай-ақ облыстағы орташа жалақы мөлшері республиканың батыс өңірлері арасындағы ең төменгі көрсеткіш екені қуанта қоймайды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин 2020 жылдың 12 ақпаны күні тұрғындарға берген есебі кезінде мұны ашық мәлімдеді.
Ақтөбе облысы