Жақында Астана қаласында 2013-2022 жылдары Мәдениеттердің жақындасуының халықаралық онжылдығын (МЖХО) ұлықтауға арналған Халықаралық форум өтеді. Бұл туралы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ҚР Ұлттық комиссиясының Хатшылығы хабар таратты.
Жақында Астана қаласында 2013-2022 жылдары Мәдениеттердің жақындасуының халықаралық онжылдығын (МЖХО) ұлықтауға арналған Халықаралық форум өтеді. Бұл туралы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ҚР Ұлттық комиссиясының Хатшылығы хабар таратты.
Іс-шараға бейбітшілік және мәдениеттер арасындағы диалог мәселелері жөніндегі ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейлі тобының құрамына енген белгілі тұлғалар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, сонымен қатар, әлемнің 30-дан астам елінің этика мен мәдениетаралық коммуникациялар, білім және мәдени мұра жөніндегі сарапшылары қатысады. Форумның негізгі мақсаты мәдениеттер арасындағы диалогты одан әрі дамыту үшін жаңа жаһандық күн тәртібін белгілеу және осы маңызды шараға байланысты мәселелерді талқылау үшін халықаралық саяси, академиялық және іскер орталықтардың өкілдерін біріктіру болып табылады.
«Форум аясында Алакөл қорығына ЮНЕСКО биосфералық резерваты мәртебесін беру туралы арнайы дипломды тапсыру салтанатты рәсімі өтеді. Айта кетейік, Алакөл ЮНЕСКО биосфералық резерватының бүкіләлемдік желісіне енген екінші қазақстандық қорық. Сонымен қатар, форум аясында Олимпиада чемпионы, белгілі қазақ боксшысы Серік Сәпиевке «Спорт бойынша ЮНЕСКО-ның ізгі ниет елшісі» құрметті атағы беріледі», деп атап көрсетілген осы ақпаратта.
Еліміздің бас қаласында өтетін бұл халықаралық іс-шараларға ел Парламентінің депутаттары, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық комиссиясының мүшелері, бірқатар көрнекті ғалымдар мен еліміздің мәдениет және өнер қайраткерлері қатысады.
Нияз ЖЫЛҚЫБАЕВ.