Қазақтың ықылым заманнан тыныс-тіршілігі, күнкөрісі өзі қадірлейтін төрт түлікке, оның өсіміне, өніміне байланысты болғаны рас. Сонымен бірге, халық арасында «мал-жанды» қатар сұрастырып жатуы да төрт түліктің халқымызға қаншалықты қадірлі екенін көрсетсе керек. Ілгері заманда солай болса, азық-түлік қауіпсіздігінің рөлі артып отырған бүгінгі заманда қазақ үшін ата-бабасы ерекше қадірін білген мал өніміне қатысты көзқарасты одан сайын тереңдете түсетіні сөзсіз.
Қазақтың ықылым заманнан тыныс-тіршілігі, күнкөрісі өзі қадірлейтін төрт түлікке, оның өсіміне, өніміне байланысты болғаны рас. Сонымен бірге, халық арасында «мал-жанды» қатар сұрастырып жатуы да төрт түліктің халқымызға қаншалықты қадірлі екенін көрсетсе керек. Ілгері заманда солай болса, азық-түлік қауіпсіздігінің рөлі артып отырған бүгінгі заманда қазақ үшін ата-бабасы ерекше қадірін білген мал өніміне қатысты көзқарасты одан сайын тереңдете түсетіні сөзсіз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігі 2014 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе өседі. Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады. 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең. Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңгелік несие ресурстарын бөледі. Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, жүз мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналады. Мұның өзі малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының бас санын көбейтуге мүмкіндік береді», деп атап өтуінің өзі ауыл кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылып отырғанына дәлел болады. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, өндірістік кооперативтер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден басқа Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттер шаруа қожалықтарын да айналып өтпесі хақ. Шынын айтсақ, осы міндетті орындауға қауқарлы қожалықтар Ойыл өңірінде санаулы ғана. Басым бөлігі бір кезде жекешелендіру желеуімен шаруа қожалығын құрып алғанымен бастаған ісінен береке таба алмай, әлі күнге қалт-құлт күн көріп жүр. Өйткені, олардың көпшілігі қосымша табыс көзін іздеуге, шаруашылықты кеңейтуге енжар. Ескі ізді шиырлай бермей, алғашқы болатын қиындықтардан қорықпай, батыл бастамаларға тәуекел еткендер ғана нарықтық экономика айдынында өзіне тиімді жол тауып келеді. Өйткені, олар өз отбасының ғана емес, қалың елдің қазанына, елдің ортақ ырысына өз тараптарынан үлес қосып жүр. Осы салаға өзіндік қолтаңба қалдырып, ата-баба кәсібін алға сүйреп келе жатқан еңбеккер жанның бірі ретінде Әділбек Рақымды айтуға болады. Мал шаруашылығының қыр-сырын әкеден көре жүріп, санасына сіңіре өскен еңбекқор жас жігіт бүгінде бір ауылдың арқа сүйер тірегіне айналып отыр.
Әділбектің Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауылшаруашылық техникумын бітіріп ауылға келуі іргелі шаруашылықтардың да іргесі сөгілген, алмағайып аласапыран кезбен тұспа-тұс келді. «Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласының ұйымдастырушысы» деген дипломын кәдеге жаратар жер таппады. Он баланың ортаншысы болғанымен шаруашылық фермалық деңгейінде біраз басшылық қызмет атқарған әке Әділбекке үлкен үміт артты. Бұл 1994 жыл еді. Абдыраған елдің жасы да, кәрісі де жарыса қалаға көше бастаған кез. Малы айырбастың аранына жұтылып, пайдаға жарар техникасы салыққа берешегін өтеу үшін сатыла бастаған «Жекенді» кеңшарынан қолдағы малын шығарып, бір жүк көлігі мен трактор сатып алған Қалиолла аға Әділбекке шаруа қожалығын ашуға кеңес берді. Әділбек тәуекел етті. Шаруашылыққа ат қоюда әке мен баланың ойы бір арнаға тоғысты. Сол кезде көзі тірі, шежіре Рақым қарияның атын қойды. Үш қоғамға куә болған абыз ақсақалдың өмірін қазақ халқының бір ғасырлық тарихынан бөліп қарауға болмайды. Бұл – ұлағаттың ұясы, өнегенің мектебі болған атаға ұрпақтың құрметі болса керек. Тағдырдың ащысы мен тұщысын қатар тартқан Рақым атасының батасын алып, өмірде көргені мен түйгені көп Қалекендей әкенің тәрбиесін көріп, жасынан шаруамен шыңдалған жігіт бұрынғы бір ферманың бірнеше маманы атқарған жұмысты жалғыз өзі дөңгелетіп отыр. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы», деген осы. Әуелі 45 гектар жер алып, бау-бақша егуді қолға алған ол, қай кәсіптің де өз нәсібі бар екеніне көз жеткізді.
– Біздің ата кәсібіміз – мал шаруашылығы. Қазақ өзі қашанда малсыз отырмаған ғой. Кеңестік кезеңде осы мәселе дұрыс қолға алынып, кешенді шаруалар жүзеге асқаны белгілі. Қазір жүйе басқа болғанымен мал өсіріп, еңбек етемін деген адамға барлық мүмкіндік жасалып отыр. Тек өзіңнің ынта-ықыласың болса болғаны, – дейді Әділбек.
Жастайынан төрт түліктің жайын жетік меңгерген ол, 2007 жылы мал шаруашылығына шындап бет бұрды. Ол кезде қолдағы мал саны да едәуір өсіп қалған-ды. Малды тұяғынан өсірген жігіт оның тұқымына да бірден мән берді. Ауданда алғашқылардың бірі болып асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырының бұқасын әкелген де осы Әділбек. Сол бұқадан өрген төлдің алды таза қанды қазақтың ақ бас сиырына айнала бастады. Мал тұқымын асылдандыру жұмысын одан сайын жетілдіру үшін биыл 1 миллион теңгеге тағы үш бұқа сатып әкелді. Сонымен қатар, қойды қазақтың қылшық жүнді қойына айналдыру жұмысын да қатар жүргізіп келеді. Төлдерді сұрыптау және аталығы арқылы қойдың тұқымын да жаңа сатыға көтерді. Осындайда атам қазақтың «Мал аталығынан азады» деген сөзі еріксіз еске түседі. Бұл қай уақытта да төрт түлік асыраудан нәсіп тапқан қазақ үшін мал шаруашылығы алдыңғы кезекте болғанының айғағы. Сарбиенің қасындағы Үшқарасуды қыстап, аймаққа азаттық үшін күрес жолында құрбан болған Тауасар батыр мәңгілік дамыл тапқан мекенді жайлаған шаруашылықтың қазіргі тынысы көз сүйсінтеді. Жігіттері де уақытпен санаспайды. Бірі мал бақса, енді біреулері әр күнді тиімді пайдалануға тырысып, мал азығын дайындап жатыр. Ал, үйде Индирадай жұбайы үш бала тәрбиелеп, табысын ұқсатып, мерейін тасытып отыр.
Бір кездері кәсібін бау-бақша өсіруден бастаған шаруа қожалығының қазір 4380 гектар жері бар. Оның ішінде 380 гектары егістік алқап. Ойылда онсыз да тәуекел аймағы үшін егіс егуге құлықты шаруа жоқ. Оның үстіне соңғы жылдары қатарынан соққан қуаңшылық талай шаруаның тауын шағып тастады. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын ауданда алғашқылардың бірі болып мақсары егуді қолға алған еді. Бірақ, алғашқы үміт ақталмады. Әділбек оның үстіне қолда бар техника барлық агротехникалық шараларды толық сақтауға мүмкіндік бермейтінін жасырмайды. Тек өткен жылы аудан әкімі Мавр Абдуллиннің бастамасымен тары егісін қайта қолға алған-ды. Жемісі жаман емес. Ырғын өнім алып, көміліп қалмаса да, тым-тәуір табыс әкелді. Биыл да азғантай алқапқа тары екті. Бірақ, «әр күні жылға азық» көктемнің биылғы сараңдығы құлашты кеңінен сермеуге кедергі болды. Кешеуілдеп егілген тарының өнімін күзде көреді. Десек те, жоғарыдағы себептердің барлығы топтасып, тау қопаратын тәуекелдің де кежегесін кері тартатыны рас. Ал, 4000 гектар жер мал азығын дайындау мен жайылымға арналған. Өйткені, қазір қожалықтың меншігінде бір мың жарымға тарта қой болса, оның бір мыңы саулық. 250 ірі қараның 100-і сиыр болса, 200-дің үстіндегі жылқының да жартысы бие. Биыл осы малдың барлығынан да басына-бас төл өргізіп отыр. Әңгіменің басында Әділбекті ауылдың тірегіне айналды деп тегін айтқанымыз жоқ. Осындай шаруаны жүргізуде оның көмекшілері ауылдастары, ағайындары. Демек, бірнеше отбасы осы «Рақым» шаруа қожалығы арқылы ырыздығын тауып, нәпақасын айырып отыр. Қазір үш трактормен мал азығын дайындап жүрген шаруашылық жетекшісі тағы да бір қуатты трактор алуды көздеп отыр. Қуатты көліктің қажеттігіне алдыңғы қыста көз жеткізді. Он адамды жұмыспен қамтып отырған Әділбек аудандағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына атсалысып келеді. Мәселен, жұмысшыларының үшеуі әлеуметтік қызметкер болса, маусымдық жұмыстар аяқталған соң, тағы бір жігіттің Жұмыспен қамту орталығы арқылы мамандықты игеруіне мүмкіндік бермек. Жұмысшыларының барлығы жыл сайынғы тұрақты, сыралғы, сенімді серіктері. Сондықтан, оларсыз шаруасы алға баспайтынын жақсы білетін жігіт жұмысшыны кейбіреулер сияқты кіріптар қылып ұстамайды. Еңбектерін бағалап, ынталандырып отырады. Барлығының да малдарына қажетті мал азығы Әділбектің мойнында. Еңбекақыларынан тыс жыл соңында әрқайсысына алдына он, соңына бес тоқтыдан байрақ береді. Бұл жайтты Әділбек бізден бүгіп қалса керек. Өзі жайлы айтып мақтануды мансап көрмейтін жігіттің бұл мәрттігін Сарбиеде өткен бір жиында жерлестері аудан басшыларына мақтанышпен жеткізсе, енді бір жиында інісіне