Қашанда көгінде ән қалықтап, төрінде күй шалқыған Батпаққара өңірінде «Әр үйде – бір домбыра» деп аталатын ерекше өнер акциясы басталды. Мәдени шараның шанағына сайын даланың жұмбақ тарихын тұтас сидырып, екі ішегінен ескі заманның зарынан күй төккен қазақтың киелі қара домбырасының қадір-қасиетін қараша жұрттың қаперіне салып, ел ішінде ұлттық өнерді ұлықтауды, ауыл-ауылда дәстүрлі ән-күйді кеңінен насихаттауды көздейді. Акция Қостанай облысына қарасты Аманкелді ауданының барлық елді мекенінде жүріп жатыр. Оны аудан әкімі бастап, игі жақсылар қоштап, көпшілік қолдады.
– 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әр шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні деп жариялаған болатын. Өткен жылы біз 1000 домбырашы шығарып, екі күй орындаған едік. Биыл да осы дәстүрден жаңылмай, 5 күй орындамақпыз. Домбырашылардың 70 пайызы аудан мектептерінің оқушылары. Сондықтан домбыраның құндылығын арттыру мақсатында, әр шаңырақта ұлттық аспаптың болуын насихаттап, «Әр үйде – бір домбыра» акциясының басталғанын жариялаймын, деген аудан әкімі Әмірхан Асанов Аманкелді орта мектебінің 6-сынып оқушысы Наурызбай Тоқтаровқа домбыра сыйлады. Жергілікті өнерпаз, дәулескер күйші Айтбай Мұздахановты үлгі тұтатын шәкірт Наурызбай бірнеше күй біледі. Таяуда аудан оқушылары арасында өткен өнер байқауында «Ерке сылқымды» орындап, дүйім жұртты тәнті етті. Қазақтың қара домбырасын қолына алған талапты жас:
– Үйдегі домбырам әнге арналған. Күй тартуға келе қоймайды. Төменгі пернелері тұншығып қалады. Мына домбыраңыз нағыз күйдікі екен, сөйлеп тұр. Шілдеге дейін тағы бірнеше күй үйреніп, Ұлттық домбыра күніне мұқият дайындаламын, – деп әкімге рахметін айтып, алдағы уақытта өнерін дамыта түсетінін, осы жолда тынбай еңбектенетінін айтып уәде етті.
Әмірхан Асанов ұлттық өнер акциясы челлендж түрінде өтетінін атап өтті. Ол өзінен кейінгі кезекті аудан көлеміне белгілі кәсіпкер, қашанда игі істің басынан табылатын елжанды азамат Нұрлыбек Бөгетбайұлына, аудан прокуроры Тұрар Ахмедиұлына, облыстық мәслихат депутаты Есім Дәулетовке ұсынды. Кезегі келген Нұрлыбек Бөгетбайұлы да қарап қалған жоқ.
– Құрметті ағайын! Осынау игі бастаманы жаппай қолдауға шақырамын! Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы.
Домбыра – жай ғана музыка аспабы емес, бұл – қазақ үшін тұтас бір әлем, шексіз ғалам. Халықта «Қазақтың жаны – домбыраның үнінде» деген сөз бар. Ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі, қазақтың брендіне айналған аспабымызды ұлықтау – жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматтың борышы. Сондықтан әр үйдің төрінде домбыра ілулі тұрсын, деген кәсіпкер шараға белсенді ат салысқан аудан азаматтарына бағалы сыйлығы мен тарту-таралғысы да дайын екенін жеткізді.
Аманкелділіктер игі бастаманың аудан көлемінде ғана емес, облыс, тіпті ел көлемінде қолдау табатынына сенеді. Акцияның талабы қиын емес. Бірінші шарты домбыраны құшақтап фотосуретке түсесіз немесе шама-шарқыңыз жеткенше күй тартып, ән айтасыз. Төріңізде ілулі тұрған домбыраның тарихын баяндап берсеңіз де болады. Тіпті өнерден құралақанмын десеңіз, жақыныңызға домбыра сыйлаңыз. Екінші шарты – осының барлығын телефоныңыздың бейнекамерасына немесе фотокамерасына түсіріп, #Әрүйдедомбырахештегін және @Sayasat Amangeldi аккаунтын белгілеп, әлеуметтік желіге салуыңыз қажет. Ең үздіктерге 3 шілде – Ұлттық домбыра күні қарсаңында арнайы сыйлықтар беріледі.
Егер Аманкелдідегі Қ.Әбенов атындағы аудандық мәдениет үйіне әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері сағат 17:30-дан кейін бас сұға қалсаңыз, домбыра тартып, күй үйреніп жатқан ауданның үлкен-кішісін көресіз. Аяғыңыздың ұшымен ғана ақырын барып, бір орындыққа жайғасыңыз да, кедергі келтіріп алмай тыныш қана тамашалаңыз. Мұнда Ұлттық домбыра күніне үлкен дайындық жүріп жатыр.
Қостанай облысы