• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Таным 28 Ақпан, 2020

Біздің әулет Әлжан анаға қарыздар

1469 рет
көрсетілді

«Адамға жасаған қиянаттың зардабы қияметке дейін» деген сөз бар халықта. Ал тұтас халық пен ұлтқа жасалған геноцидтің салдары қаншалықты ауыр екенін айтып жеткізу мүмкін бе? Жиырмасыншы ғасырдың 20-жылдарынан басталған жеке ұлттарға қарсы қырып-жою, жер аудару саясаты 1945 жылға дейін жалғасқанын біз тарих оқулығынан оқып өстік. Ал біздің әкелеріміз бен аталарымыз осы қасіретті бастан кешірген еді...

Мен – Кеңес Одағының зұлым саясатының құрбаны болған балқар ұлтының қызымын. Кін­дік қаным қазақ даласына тамды. Қасірет шеккен әулеттің төртін­ші ұрпағымын. Өзімді қазақ­ қыздарының қатарына қосамын. Жетісудың бір әсем ауылында тудым, көзімді ашып көргенім қазақ даласының көк аспаны, басынан қар кетпеген Алатау, жазиралы жайлау болды. Тіліміз қазақша шықты. Қазақ қыздарымен бірге қуыршақ ойнап бойжеттім. Бізді атамыз Хызыр етегіне орап өсірді.

– Құлындарым, Құдай адамды ұлт пен ұлысқа бөліп жаратқан. Сондықтан әуелі өздеріңнің балқар ұлтының өкілдері екен­деріңді ұмытпаңдар. Ал қазақ халқына жеті ұрпағымызға дейін қарыз­дармыз. Бұл – сендердің туған жер, өскен елдерің. Әр­дайым қазақ сияқты адал, кең пейілді ұлтқа бас иіп жүріңдер, – деген өсиетті жиі айтатын еді.

Есейе келе атам маған әулеті­міздің басынан кешкен қасірет­ті тарихты айтып берді. Өз әкесі Әзірет бабам бұл қасіретті тарихты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізің­дер деп аманаттаған екен. 1943 жыл­­дың күзінде Қап тауының ете­гін мекендеген балқар, қара­шай, ингуш, чешен, қырым татары мен месхет түрік ауылдарын бір түнде депортациялаған ғой. Мыл­тық дүмімен қарт пен бала-ша­ғаны арбаға тиеп, еркек пен әйел­ді жаяу айдап темір жолы бар аумаққа көшірген. Содан жүк ва­гон­дорына тоғытып, белгісіз ба­ғыт­қа жөнелткен. Депортация ке­­зін­де аштықтың, аурудың, аяқ ас­тына тапталып қалудың сал­дары­нан жүздеген адам өл­ген екен. Олардың мүрдесін по­йыз аял­да­ған сайын сыртқа лақ­ты­рып, тастап отырыпты. Хы­зыр атам сол жылдары небір сұм­дық­­ты кө­зімен көрген. Қазір та­ри­­хи де­ректерді қарап отырсам, сол жыл­дары Қазақстанға бал­­­­қар, қарашай, ингуш пен чешен ұл­ты­­ның 507 000 өкілі жер ауда­­­ры­­­лыпты. Бұлар сияқты 110 000 мес­хет түрігі мен 180 000 қы­рым татары да қазақ топыра­ғы­на қоныс аударған.

Біздің әулеттің көрер жарығы бар екен. Атам отырған жүк вагонын Алматы қаласына келіп бірақ ағытқан, жолдағы аш­тық пен зұлматтан аман қалған­дардың аяғы қазақ даласының топы­рағына тиіпті. Мұнда үдере көш­кен жұртты үрпиген бала-шағасымен бірге қазақтар күтіп алыпты. Олар әбден ашыққан, ауру­­дан жүдеген әулеттерді бөліп, ауылдарына әкеліпті. Әзі­рет бабамның үй-ішін Алматы­ның іргесіндегі ауылға бөліпті. Осы­лайша бүгін өсіп-өніп іргелі әулетке айналған Хаджиевтер отбасы қазіргі Қарасай ауданынан екінші Отанын тапты.

Бұл – біздің әулеттің соң­ғы ұрпағы қалғанша ұмытпай­тын оқиғасы болса, үнемі қуанып айтатын екінші тарихымыз тағы бар. Сол 1944 жылы Хаджиевтер әулетін панасына алып, қоржын тамының бір бөлмесін босатып беріп, үзім нанымен бөліскен қазақ отбасының кім болғанын білесіз бе? Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қара шаңырағы еді. Әбіш ақсақал мен Әлжан анамыз Әзірет бабамыз бастаған балқар әулетін бауырына басты. Соғыс уақыты, ел аш-жалаңаш кез. Әбіш отағасының өзі де жырғап отырмағаны белгілі. Соған қарамастан Әлжан апа біздің әулеттің балаларын тамақ­қа тойғызып, үйінің ауызғы бөл­месін босатып беріпті. Құрғақ, таза киім, еденге төсейтін көрпе-төсекке дейін берген. Міне, сол кезден бастап Хаджиевтер әулеті Назарбаевтар отбасымен ағайын, туыстай болып араласып кеткен екен.

Хызыр атам ол кезде небәрі 6 жаста екен. Соғыс заңы бо­йынша елдегі ер-азаматтың бәрі Отан қорғауға немесе еңбек майданында тер төгуі тиіс. Жер ауып келгендер де бірден қара жұ­мысқа же­гілген. Алты жастағы атам да мал бағуға шыққан. Кіш­кене бала­н­ың атқа мінуі қиын бол­ғасын, Әбіш атай әкемді ер­то­қым­ға нық отыр­ғызып, құлап кетпеу үшін ая­ғын таралғыға таңып қояды екен.

– Үй иелері Әбіш пен Әлжан біздің әулетті ажалдан аман алып қалып, жаңа өмірге жолымызды ашқан аяулы адам болып мәңгі­лік есімізде қала береді. Ол кезде 6 жаста едім, ауыл балаларымен бірге сиыр, қой бағуға шықтым. Табынды бақташы бағады. Мен оған көмекшімін. Малды атпен жаямыз. Көзден таса болса егінге, шабындыққа түседі. Ізінен қалмайтын едім. Алғашында атқа мінуім қиын болды. Үзеңгіге аяғым жетпейтін. Құлап қала беретінмін. Мұны көрген Әбіш ата миығынан күлді де, аяғымды таралығыға байлап, таңып берді. Содан кейін шауып кеттім, – деп есіне түсіретін сол кездегі өмірін Хызыр атам.

Содан Әзірет бабамның әулеті Әбіш ақсақалдың үйінен өздері тұрғызған тамға көшіп шыққанша бір отбасыдай болған. Бүкіл ауыл жиналып, келген от­басылардың жеке үй тұр­ғы­зуына жәрдем берген. Бұл істе Әбіш ата үнемі ақылшы, бас­тамашы болған. Біздің әулет бірер айда үйдің кірпішін құйып, қабырғасын қалап, екі бөлмелі там салып алыпты. Оның төбесін Әбіш атамыз өз қолымен қамыс шауып әкеліп, жауып беріпті. Қонысқа кірер кезде жұрт мәре-сәре болып, құтты болсын айтып жатқанда Әбіш пен Әлжан өздерінің қызыл бұзауын жетелеп келіп, есік алдына байлапты. Мұндай сыйды күтпеген Әзірет бабам азар да безер болып бас тартқан екен, Әбіш атамыз «Бұл қазақтың дәстүрі ғой. Ырымы осындай. Аз болса да бір шаңырақ астында тұрдық, балаларымыз бір-біріне бауыр басты. Енді бөлек үй болып жатырсың. Бұл біздің сіздерге берген енші­міз...» деген екен. Ол бұзау үлкен сиыр болып өсіп, бұзаулап, мал­дың басы болыпты. Менің әкем Шәміл Назарбаев әулетінің қам­қорлығын, ата салтына адал қа­сиетіне әлі күнге дейін бас иеді.

Мен қиын кезеңде қазақ даласына келіп, қайырымды жандар­дың көмегімен аман қалып, үлкен әулетке айналған балқар ұлтының өкілі әуелі Жаратушыға, сосын қазақ бауырларыма бас иемін. Үлкен бабам Әзіретті әулетімен паналат­қан Әбіш атамыз бен Әлжан анамызға, атам Хызырдың еңбеке араласып, ат жалын тартып мінуге қол ұшын созған Ша­мал­ған ауылының байырғы тұр­ғын­дарына, тұтас қазақ халқы­на шексіз алғыс айтып, ризашы­лы­ғымды білдіргім келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Тәуелсіз еліміздің дамуына қосқан үлесін, оның мемлекет құрудағы еңбегін тарих айқындайды. Мен өз тарапымнан  бір кездері Қап тауынан еріксіз жер ауған балқар баласы Әзірет Хаджиевтің аманатына адал ұрпақ ретінде Нұрсұлтан Әбішұлына шексіз құрмет пен алғысымды арнап отырмын. Еліміз аман болсын, Елбасымыз жасай берсін!

 

Фаризат Шәмілқызы ХАДЖИЕВА,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы