Бұл күндері Берлинде (Германия) тректегі велоспорттан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы командалық спринт бәсекесіне қатысып, финалдық сынға өте алмады, деп хабарлады ҰОК баспасөз қызметі.
Қазақстан ерлер құрама командасы сапынан Максим Налетов, Сергей Пономарев және Андрей Чугай өнер көрсеткен. Нәтижесінде, әлем біріншілігінде 13-орынға жайғасты. Жарыс қорытындысы бойынша, Нидерланд құрамасы топ жарса, Ұлыбритания командасы екінші орынға тұрақтады. Ал Франция спортшылары үздік үштікті түйіндеген.