• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Ақпан, 2020

Бейбіт жиын қандай болуы керек?

548 рет
көрсетілді

Орал қаласында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есиннің қатысуымен «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы талқыланды.

– Бүгін біз мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жасақталған жаңа заң жобасын қоғам назарына ұсынып отырмыз. Бұл жаңа заң, 1995 жылы қабылданған заңнан мүлдем бөлек. Қолданыстағы заң жалпылама сипатта болды, негізгі құқықтық регламент мәслихаттарға жүктелді. Осыған орай еліміздің әр аймағында әртүрлі жағдай қалыптасты. Заң талаптары әртүрлі түсіндірілді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында бейбіт жиындарды тек арнайы белгіленген орындарда өткізу қарастырылған, ал басқа өңірлерде бұған қосымша талаптар да қарастырылған. Енді жаңа заңның қабылдануы республиканың барлық аймағында бейбіт жиын өткізудің бірыңғай ережесін орнатады. Сонымен бірге, жаңа заң жобасына бейбіт жиындардың негізгі қағидаты енгізілді: ол ең алдымен, зорлық-зомбылыққа, күштеуге тыйым салу, заңдылықтың сақталуы, мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке, денсаулыққа, өзгелердің құқығы мен бостандығына зиян келмей және тағы бір негізгі талап – бейбіт жиынға ерікті түрде қатысуды қамтамасыз ету, – дейді Данияр Есин.

Жиында алдымен «Ақ отау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Есқалиева әлем бойынша халық митингіге өз пікірін білдіруге шығатынын жеткізді.

– Мен елімізде мұндай заңның пайда болғанын құптаймын. Бейбіт жиындар өткізу – азаматтық қоғамның өз пікірін білдірудің бір жолы. Бүгін біз бір үстел басында отырып, осындай талқылау өткізуіміздің өзі демократияға жасалған үлкен қадам деп ойлаймын. Әрине, біздің Қазақстанның өз даму жолы бар, сондықтан жаңа заңды қабылдаған кезде әлемдік тәжірибеден бөлек, жергілікті ерекшеліктер ескерілуі тиіс. Заң әбден екшеліп қабылданып, кейін бұлжытпай орындалуы қажет. Маған жобада митинг өткізуге қаланың шеті емес, орталығы таңдалатыны нақтыланғаны ұнады. Бірақ дәл қандай жер болады, оны ұйымдастырушылар өздері шешуі қажет. Мәслихат бұған құлақ асуы керек. Ал 250 адам деген талап жөнсіз, себебі митингіге қанша адам қатысатынын ұйымдастырушы алдын-ала қайдан біледі? – деді Алтынай Ғалымқызы.

Қоғамдық ұйым жетекшісінің бұл сөзін «Орал апталығы» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров толықтырып алып кетті.

- Бейбіт жиындарды арнайы белгіленген орында өткізу туралы талапты заң жобасынан алып тастау керек деп есептеймін. Оның орнына «митингілер мен шерулерді балабақша, мектеп, аурухана ғимараттары, әскери база, түзеу орындары және басқа режимді нысандарға 50 метрден артық жақындамай кез келген жерде өткізуге болады» деп жазылса. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органның ресми сайтында қала бойынша жоспарланған көпшілік шаралардың онлайн жоспары көпшілікке, соның ішінде бейбіт жиындарды ұйымдастырушыларға қолжетімді болуы тиіс. Белгілі бір уақытта белгілі бір онынның бос болатыны алдын ала көрініп тұрса, өтініш беруші бейбіт жиын уақыты мен орнын таңдауға қиналмайды. Оған орынсыз рұқсат бермеудің жолы кесіледі. Екіжақты сенбестік жойылады. Тағы бір ұсыныс – қатысушылары он адамнан аспайтын пикет шараларын жергілікті атқарушы органға алдын ала ескертпей-ақ өткізе беруге рұқсат етілуі тиіс, - деді Лұқпан Сайлауұлы.

«Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасын талқылау өте қызу өтті. Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының жергілікті жетекшісі Беркінғали Ғабделов, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Талғат Рахметов, журналист Дана Дүйсекенова, тарих пәнінің мұғалімі, «Жария» тәуелсіз бақылаушылар тобының мүшесі Серік Зиятов, ЖСДП партиясы облыстық филиалының жетекшісі Қадиша Мұқанова, ардагер Асқар Атаев, «Ауыл» партиясының облыстық филиалы жетекшісі Мынатаубик Әнесов және басқалары заң жобасы туралы өз пікірлерін ортаға салды.

Вице-министр Данияр Есин барлық ұсыныс пікірлерді түртіп алып, кейбіріне сол жерде жауап беріп отырды. Мысалы министр орынбасарының айтуынша, бейбіт жиындарды өткізуге арнайы орындар белгіленуі – ең алдымен сол жиынды өткізушілердің талап-тілегін, еркін айтуына мүмкіндік жасау, жиынның мақсатына жетуі үшін жасалған.  

Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты Мереке Ғабдуалиев өз сөзінде жаңа заң жобасы мен Конституция талаптарының бір-біріне қайшы келмеуі туралы ескертті. Сондай-ақ «сайлауалды үгіт-насихат», «республикалық референдум қарсаңындағы үгіт-насихат» жиындарына «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң әсер етпеуі тиіс. Өйткені бұл аталған жиындар «Сайлау туралы», «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңдармен реттелген.

- Біздің еліміздегі көптеген заңдардың мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі редакциясы бір-біріне сай емес, тіпті кейде кереғар. Бүгінгі талқылап отырған жобаның қазақшасында: «1) Бейбіт жиналыстар өткізудің хабарлама тәртібі жергілікті өкілді орган белгілеген арнайы орында КЕМІНДЕ екі жүз елу адам қатысқан жағдайда пикеттер, митингілер, жиналыстар үшін көзделген болады» десе, орысшасында: «1) Уведомительный порядок проведения мирных собраний будет предусмотрен для пикетов, митингов, собраний, при условии участия менее двухсот пятидесяти человек в определенном местным представительным органом специализированном месте» делінген. Яғни, екі мәтіннің мағынасы екі түрлі. Осындай жағдайда заңның мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі нұсқасы қайшылыққа түссе, қайсысы басшылыққа алынады? – деп сұрақ қойды жергілікті белсенді, блогер Нұрлан Сәдір. Нұрлан Қуанышұлының бұл сынына вице-министр бірден жауап қатып, расында аударма мәселесінде кемшіліктер бар екенін, заң қабылданғанға дейін ол жойылатынын айтып сендірді.

Жиында сондай-ақ заң жобасында қоғамдық тәртіпті бақылауды құқық қорғау органдарымен бірге бейбіт жиынды ұйымдастырушыларға да арту туралы ұсыныс ерекше талқыға түсті. «Бұл дұрыс емес. Қоғамдық тәртіпті қорғау – құқық қорғау органдарының, яғни мемлекеттің міндеті. Ол міндетті басқа адамға немесе ұйымға тапсыруға болмайды» дейді Нұрлан Сәдір. Заңгер Мереке Ғабдуалиев те бейбіт жиын өтетін жерді дәрігермен, полициямен, қажет болған жағдайда өрт сөндіруші қызметімен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органның құзіретінде болуы тиіс деген ойын жеткізді.

Талқылаушылар тарапынан заңға «антимитинг» ұғымын енгізіп, антимитинг өткізуге бола ма, жоқ па, осыны да нақтылау туралы ұсыныс түсті. Шынында да кейбір елдерде бір мәселеге қатысты түрлі позициядағы екі саяси күш бір мезгілде екі митинг өткізіп жатады. Мұндай жиынның да өз ерекшелігі бар, сондықтан нақтылануы керек.

- 1906 жылы Ресей Думасына депутат болып сайланған кезінде ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы түрмеде еді. Бірақ сол кездегі заңға сәйкес ол жазадан босатылып, түрмеден шығарылды, Думаға жіберілді. Біздің жаңа заң жобасында бұрын әкімшілік жазаға тартылған азаматтарға бейбіт жиындарды ұйымдастыру құқығынан айыру туралы бап бар екен. Қоғамға қауіпті, ауыр қылмысы болмаса, азаматтарға бейбіт жиындарға қатысуға, ұйымдастыруға тиым салынбауы керек, - дейді Сырым ауданы Бұлан орта мектебінің мұғалімі Серік Зиятов.

Жиынға қатысушылардың бірі айтып өткендей, Қазақстанда азаматтық қоғам қалыптасып қалды, қоғам белсенділері бейбіт жиындар өткізудің мән-маңызын түсінеді. Бұл мәселені мемлекет те қолдап отыр. «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасының халық талқысына түсіп, ел ішінде осындай ашық жиындар өткізілуі осыны көрсетеді.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин жиында айтылған ұсыныс-пікірдің бәрін жазбаша түрде министрлікке жолдауын сұрап, талқылауға қатысушылардың барлығына алғыс айтты. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған жиында 50-ге жуық ұсыныс түскен екен. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, бұл ұсыныстың бәрі де болашақ заңның халық игілігі үшін қызмет етуіне ықпал етері анық.

 

 

Батыс Қазақстан