• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Ақпан, 2020

Шымкентте Алғыс айту күні аталып өтті

837 рет
көрсетілді

2016 жылы 14 қаңтарда Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялаған болатын. Содан бері елімізде бұл күн айтулы мейрам болып аталып өтуде. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде еліміздегі өзге этнос өкілдері қиын кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады.

Бүгін Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шара  өтті. Іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен мұғалімдері, этномәдени бірлестіктерінің мүшелері, Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың өкілдері және қала тұрғындары қатысты.   Мерекелік іс-шара алдымен «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қоюмен бастау алып, қалалық этно-мәдени бірлестік өкілдерінің қолөнер бұйымдары мен қалалық кәсіпкерлер өндіретін тауарлардың көрмесімен жалғасты.   Сонымен қатар кеңестік кезеңде Қазақстанға жер аударылған этностардың өткені мен бүгіні туралы қысқаша бейнефильм көрсетіліп, «Қазақ еліне мың алғыс!» тақырыбында театрландырылған хореографиялық қойылым ұсынылды.   Жиында сөз алған қала әкімі тәуелсіздіктің толағай табыстарына елімізді мекендеген түрлі этнос өкілдерінің де зор үлесі бар екенін жеткізді.   «Биыл Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып белгіленді. Біз қаламыз бен оның тұрғындарына берілген осы мүмкіндікті пайдаланып, мәдени таным-түсінігіміздің биік үлгісін баршаға көрсетуіміз керек», деді Мұрат Дүйсенбекұлы.   Жиын соңында қаламыздың өнер майталмандары концерттік бағдарлама ұсынып, патриоттық әндермен аяқталды.