Жанбота Алдабергенова Алматыда шаңғы акробатикасынан өткен Әлем кубогы кезеңінде қола жүлдеге ие болды. Бұл туралы Olimpic.kz хабарлады.
Қазақстанда алғаш рет өткен бәсекеге 7 мемлекеттің 40 (АҚШ, Беларусь, Швейцария, Канада, Украина, Австралия мен Қазақстан) 40 фристайлшысы қатысты.
Әйелдер арасында украиналық Надежда Мохнацкая (73,66 балл) топ жарса, америкалық Меган Ник (73,08) екінші, Жанбота Алдабергенова (71,20) үшінші орынға жайғасты.
Ал ерлер сынында АҚШ өкілі Кристофер Лиллис (121,27) үздік шықса, швейцариялық Пирмин Вернер (117,65) күміс, белорус Павел Дик (111,37) қола жүлдеге қол созды.
Жанботадан бөлек, бұл бәсекеде Аяна Жолдас, Маржан Ақжігіт, Ақмаржан Қалмурзаева, Ильяс Батрутдинов, Нұрлан Батырбаев, Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов өнер көрсетті.
Айта кетейік, 2019-2020 жылғы Әлем кубогының соңғы кезеңі 8 наурызда Ресейдің Красноярск қаласында өтеді.