Түркияның Анталия қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында Еуропа кубогы мәресіне жетті. Екі күнге созылған жарыста қазақстандық спортшылар 1 алтын, 4 күміс және 3 қола жүлде еншіледі, деп хабарлады ҰОК баспасөз қызметі.
Анталия татамиінде әлемнің 16 елінен келген 2003-2005 жылы туған 515 дзюдошы бақ сынасты. Еуропа кубогында 60 кило салмақта белдескен отандасымыз Мерей Марханбетов жарыста қарсылас шақ келтірмей, тұғырдың биік сатысынан көрінді. Олжас Ергенғабов (60 кг), Нұрайлым Сәрсенбек (40 кг), Аружан Ережепова (52 кг) мен Шапағат Дәулет (57 кг) финалдық сайыста сүрініп, күміске қол жеткізді. Ал Олжас Құмар (55 кг), Нұрсұлтан Зайзағалиев (66 кг) пен Әділ Абдуахатов (73 кг) қола жүлдені қанағат тұтты. Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 3-орынға жайғасты.